Мәжіліс депутаттары Білім және ғылым министрлігінен ағылшын тілін білмейтін мұғалімдерге үстемеақы төлемеуді талап етті.
Мәжілісте үкімет пен республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды. Сұрақ-жауап барысында депутат Жәмила Нұрмамбетова мектептерде үштілділікке көшу мақсатында мұғалімдерге ағылшын тілін оқыту мәселесін көтерді.
– Үкіметтің есебіне сәйкес, 2018 жылы тілдік курстан өткені туралы сертификат алған 6740 мұғалімге үстемеақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. 6740 мұғалімнің бәрі B және одан жоғары деңгейдегі сертификат алған. Алайда олардың тек 818-і ғана, бұл небәрі 12 процент, сабақты толығымен ағылшын тілінде беріп жүр. Ал қалған 5922 педагог тек жарым-жартылай ғана, яғни сабақтың тек жекелеген элементтері ғана ағылшынша өтеді. Бірақ осы екі санаттағы мұғалімдер айына бірдей үстемеақы – 35 394 теңге алады, – деді депутат.
Нұрмамбетова «Ең қызығы, мұны ешкім проблема ретінде қарастырып отырған жоқ, тіпті мұғалімдердің өзі. Осыдан кейін үстемеақы алудың жалғыз критерийі білім сапасы емес, сертификат қана ма деп қаласың» деді.
– Ағылшын тілінде оқыту, тым құрығанда, екі шартты орындаған кезде басталуы тиіс еді. Біріншісі – мұғалімдер дайын болған кезде, екіншісі – оқушылардың дайындық деңгейі жеткілікті болғанда. Сол себепті биыл 352 мектепте ғана пәндер толығымен ағылшынша өтеді. Қазір үстемеақыны кімге қанша төлеу керек екенін анықтап, талқылап жатырмыз, – деді министр Күләш Шәмшидинова.
– Онда талқылайтын не бар? Сіздер талқылап жатқанда, 1,6 миллиард теңге төленіп қойды. Сіздер тіл білгені үшін емес, сертификат деп аталатын А4 форматындағы қағаз үшін ақша төлеп отырсыздар. Ашығын айтқанда, мұның бәрі не үшін жасалып жатқаны белгілі. Бұл стратегиялық жоспардың есебіндегі көрсеткіштерді жақсарту үшін қажет, – деді Нұрлан Нығматулин.