Жастарға дұрыс діни ақпарат беру маңызды

0
1924

ХХІ-ғасырда жастар тәрбиесі, әсіресе діни тәрбие – аса маңызды тақырыптардың бірі. Иә, Құдайға шүкір, қазіргі таңда Қазақстанда зайырлы қоғам мен діни дүниетаным арасында айтарлықтай қарама-қайшылықтар жоқ, себебі ислам діні – ұлттық дүниетанымның ажырамас бөлігі және іргетастарының бірі. Сол фактіні – сонау Әл-Фараби атамыздан Ахмет Байтұрсынұлына дейін, сонау Ыбырай атамыздан Абай Хәкімге дейінгі қаншама жарқын тұлғалардың тәжірибесі дәлелдеп тұр.

Ақпарат билеген заман

Осылайша ұлттық дүниетанымымыз бен діни сана-сезіміміз біртұтас жүйе, бір құбылыс ретінде дамып келді. Ал екінші тұсынан жас буын ұдайы тек академиялық білімді ғана емес, сонымен қатар діни сауаттылық пен діни білімді алуға көңіл бөліп келеді.

Өкінішке қарай, соңғы ширек ғасырда діни экстремисттік топтарға еліктеп адасу деген нәубет пайда болды. Әлбетте, мемлекет бұл мәселені заң шеңберінде шешуде. Алайда, ұлттық идеологиялық тұрғыдан да біздің жастарға рухани-ақпараттық ықпал етуіміз бұдан да маңызды қажеттілік.

Қазір әлемді ақпарат билеген заман.

Сондықтан, түрлі кері идеология «таратушылар» өкінішке қарай ақпараттық технологиялардың ең озық жемістерін және сананы улау әдіс-тәсілдерін барынша пайдалануда. Біз мұндай ұлттық қауіпсіздікке жасалған диверсияны тек солардың қаруымен ғана жеңе аламыз, олардың қаруы – ақпарат!     

Дін – тұрақты қағидалар әлемі

Тағы бір мәселе бар. Ол – ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі діннің қазіргі ортамен үйлесім табуы да маңызды. Бүгінгі жастар XXI ғасырдың озық цифрлы технологияларына және көбінесе Батыс үлгісіндегі өмір сүру дағдысына ұмтылады. Әрине, Қазақстан Конституция бойынша зайырлы мемлекет, әйтсе де, негізгі әрі дәстүрлі дін болып Ислам діні есептеледі.

Дін дегеніміз – тұрақты қағидалар әлемі. Ал бүгінгі заман жастары инновациялар мен өткінші дүниеге құмар. Осындай жағдайда қалай заманауи бола тұра жастар дінге берік бола алады деген сұрақ туындайды.

Шектен тыс либерализм құрдымға бастайды

Жаһандану, нарықтық экономика, кейде шектен тыс либерализмге бағытталған үгіт-насихат технологиялары, ал екінші жақтан ұлттық дәстүрлі сана-сезім, жалпы дәстүрлі діни дүниетаным ұлттық қазақы отбасылық құндылықтар және тіпті кәдімгі зайырлы этика. Соңғы пункті түсіндіріп өтейін, соңғы кезде АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде үстемдік еткен шектен тыс либерализм (шамадан тыс еркіндік) этиканың және заңға қарсы келіп тұр. Мысалы, этика мен жеке бас еркіндік арасына жасанды түрде салынған жік секілді мәселелер пайда болады. Олардың белгісі ретінде азаматтық неке және аборт, жыныстық тәрбие мәселесі әрі оған жастардың көзқарасы, қарттар үйі мен жетімдер үйі мәселесі, «чайлд фри» (балалы болғысы келмеу ұстанымы), шектен тыс феминизм көріністерін атап айтуға болады. Бұл жайттар қоғамды деградацияға ұрындырып жатқаны мойындауымыз керек.

Жоғарыда айтылып өткен мәселелердің бәрі Еуропада дәстүрлі моральге, дәстүрлі дінге, дәстүрлі этикаға және дәстүрлі отбасылық құндылықтарға айрықша қауіп төндіріп тұр. Әрине,  біздің бүгінгі Қазақстанда дабыл қағуға әлі ерте, десек те, жоғарыдағы мәселелердің пайда болуының алдын алу керек!

Ұлттық құндылық – басты қорғаныш

Ол үшін жастар тәрбиесі, ақпараттық орта, дәстүрлі ұлттық құндылықтарды балалар мен жастар арасында насихаттау және жалпы әлеуметтің моральдық хал-ахуалы мен орташа мәдени деңгейін көтеру, осының барлығы – дін өкілдеріне, Үкіметке, тағы отандық бизнеске жүктелсе, бұл – тұрақты һәм салауатты дамудың кепілі болар еді.

Батыс эстетикасына тым қатты еліктеген музыка, киім сәні, косметика, зиянды «фаст-фуд», ішімдіктер, одан әрі өтсе есірткі және құмар ойындар, ашық-шашық 24 сағат бойы телеарналар мен интернетте насихатталуда. Осының барлығы – бүгінгі қоғамымызда өмір сүріп жатқан балалар мен жастардың сана-сезіміне үлкенді-кішілі зиянды ықпал етіп жатқандығы аса аса байқай бермейміз. Мемлекет тарапынан, ресми дін өкілдері, отандық патриоттық бизнес өкілдері және басқа да еліміздің қоғам қайраткерлері жұмыла әрекет ететін болса, шешілмейтін мәселе жоқ.

Меніңше, елімізде ресми, дәстүрлі Исламға негізделген арнайы мектептер, медреселер, университеттерді (кітапхана, баспахана, газет-журнал, кішігірім ағарту-сауаттандыру теле-киностудиясы да артық болмас) дамытудың маңызы зор деп есептеймін. Әлбетте, оқыту барысында зайырлы ресми заңдарды, ұлттық қазақы дүниетанымды сақтай отырып және замана тынысынан қалыс қалмай-ақ (арасына бүкіл ғылыми академиялық пәндерді, экологиялық іс-шараларды, спорт, ғаламтор байланыс құралы, өнер), бұл үрдісті жүзеге асыруымыз керек.

Екі мәселе

Бірінші кезекте бұл бағытта атқарылған жұмыстар ұлттық қауіпсіздік деңгейін арттырар еді. Өйткені, оқытушы ұстаздар, имамдар және жалпы қоғам қайраткерлері өзіміздің Қазақстан топырағында тәрбиеленіп, білім алып шыққан соң, жүйелі жұмыстар жүргізгеннен кейін сырттан келген кері діни ағымдардың зиянды ықпалы әлсірей түсетіні анық.

Екіншіден, сол арнайы оқу орындарын тәммамдаған жастар – өзге де құрдастарына дұрыс үлгі, түзу бағыт-бағдар беріп жүретін еді. Осы тұстан жас діни мамандар – педагог, ата-ана, полиция, Парламент, спорт немесе өнер мекемелері және БАҚ өкілдерінің қызметіне айтарлықтай аса үлкен демеу болмақ!

Әлбетте, қазіргі жастарға оңай емес! Алдымен, дәстүрлі ұлттық және діни, жалпы сана-сезіммен XXI – ғасырдың реалды мәселелері арасында өз-өзін сақтау мен өзінің орнын табу айтарлықтай қиын болып тұр. Сондықтан, дін өкілдері біздің жастарды тек құрғақ сөзбен үгіттеп, мораль оқып «ұрысып» қана қоймай, сонымен қатар оң ықпал ету әдіс-тәсілдер аясын барынша кеңейтуі керек.

Бұл үрдісті біртіндеп жүзеге асыру қажет. Мысалы, «Асыл арна» телеарнасы сықылды, бірақ жастар аудиториясына бағыталған діни-ағарту мазмұнындағы телеарна ашылса, мысалы «Халяль» тв секілді. Ұлттық және діни құндылықтарды заманға сай тәсілдермен бірдей насихаттайтын ірі, қызықты жоба ретінде телебағдарламаларды, пьесаларды, кино туындыларды, тіпті әлеуметтік роликтерді, жеке фейсбуктен кем түспейтін отандық дұрыс үлгідегі, ұлтжандылық нақыштағы әлеуметтік желіні, жастар сайтын, «Дін жайлы түсінік  және жастар өнері», «Дін жайлы түсінік және жастар ғылымы», «Дін жайлы түсінік және жастар бизнесі» тақырыптарында газет-журналдар шығарылса, қоғамымызда рухани иммунитет пайда болып, асқақ рухани жаңғыру сәтті жүзеге асатына сенімдімін.          Риза ЫСҚАҚ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here