Таяуда Астанада Жастар жылын өткізу аясындағы мақсаттарға бағытталған дөңгелек үстел болып өтті. Айтулы шараға қатысқан  саяси тұлғалар бала құқын қорғау ісіне қатысты өз ойларын ортаға салды. Жиында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі мектептердегі зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударып, мұндай келеңсіз жайттар барлық мемлекеттік органдардың абырой-беделіне көлеңке түсіретінін алға тартты.

Жастардың отаншылдық рухы ұраншылдыққа негізделмеуі тиіс. Өз кезегінде Сенат Төрағасы:

– Мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет. Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану керек. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс, – деді.

Осы орайда ол ел мектептеріндегі қорқыту, зорлық-зомбылық, кемсіту жағдайлары қоғамдық резонанс тудырғанын еске салды. Оның сөзіне қарағанда, бұл проблема барша әлемде кеңінен таралып отыр. ЮНИСЕФ балалар қорының мәліметінше, әлемде 13-15 жастағы әрбір екінші оқушы, шамамен 150 миллион бала мектепте қатарластары тарапынан қысым көреді.

Статистикалық мәліметтерге көз салатын болсақ, қазіргі таңда елімізде 5 миллионнан астам бала бар екенін байқауға болады. Еліміздің ертеңі саналатын жас жеткіншектерді қорғау мақсатында кешенді жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Жиынға қатысқан мамандардың әңгімесіне құлақ асқанымызда елімізде бала құқын қорғау бағытындағы жұмыстарға – бала туу санының өсуі, балалар өлімінің төмендеуі, мәдениет пен спорттағы, ғылыми қызметтегі әлемдік жетістіктер, олимпиадалар мен байқауларға қатысуы секілді маңызды жұмыстар жататынын аңғардық.

Балалар омбудсменінің деректері бойынша, бүгінгі таңда республикада балалардың құқықтарын қорғау саласында қажетті заңнамалық база құрылған. Ұлттық заңнаманың негізіне Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясының нормаларына және балаларға қатысты мемлекеттік саясат жөнінде басқа да халықаралық-құқықтық құжаттарға енген. «Халықаралық деңгейге сәйкес, балалар өмірінің сапасын қамтамасыз ету үшін адам құқықтарына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжаттар ратификацияланды, олардың 15-і балалар құқықтарын қорғауға қатысты» деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл. Мемлекет басшысы бағдарламалық құжаттарда мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде балалардың құқықтарын қорғауды анықтады.

БҰҰ-ның Балалардың құқықтары жөніндегі комитеті ұсынымдарына сәйкес, 2006 жылы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру мақсатында 2016 жылы Президент Жарлығымен ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (БҚУ) институты құрылды. «Мемлекет басшысының бұл шешімі – Қазақстандағы балалардың құқықтарын нығайтуға және жүзеге асыруға  қосылатын маңызды үлес.

Бүгінде балалармен жұмысты ұйымдастыруға тікелей жауапты министрліктер мен ведомстволар балалар құқықтарының сақталуына талдау жасап, кәмелетке толмаған балалардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша нақты жұмыстар атқаруда.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here