Қазақстан халқы Ассамблеясы деген атауды айтсақ, бірден ұлттар бірлігі еске түседі. Бұл – қоғамның санасына сіңген тұрақты ақпар.   Ассамблея тек өзге ұлттар арасындағы татулықтың сақталуына қызмет етіп қана қоймай, отбасы деген шағын мемлекеттің керегесін кеңейтіп, босағасын нығайтуға да өз үлесін қосып келеді.

Ұлттық құндылықты құнттайтын, ұлтқа берері бар орталықтың ашылуына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мұрындық болды. Ошақтың отын сөндірмеудегі түрлі формуланы көпке паш етуші орта ол – «Аналар кеңесі».  Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 2013 жылы құрылған. Бір сөзбен айтқанда, ақыл-кеңес беретін ұйым. Кеңестің жетекшілерінің бәрі – кешегі ұстаз, абзал әжелер, ақылды аналар.

Ұясын жылуға, жан-жағын мейірімге толтырушы, абыз аналардың ізін жалғаушылардың бірі Несіпжамал Қасымбекқызы, Алматы облысындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы. Аталған ұйымға 2016 жылдан бері жетекшілік етіп келе жатыр.

Төрайымның айтуынша, әртүрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға үлес қосу.

Негізінен, «Аналар кеңесі» әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға атсалысады, әртүрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды.

Алматы облыстық «Аналар кеңесі» «Берік отбасы, берік мемлекет» ұстанымының аясында қызмет етіп келеді.  Осы қағиданың қазығын қағып, тамырын тереңге жаю үшін өңірдегі 266 аналар кеңесі барын салуда.

Алматы облысы орталығында – 1, қалалық деңгейде – 3, ауданда – 16, ауылдық округтерде 245 «Аналар кеңесі» қызмет етеді. Олардың мақсаты бір, мүддесі ортақ.

Өңір бойынша кеңеске 1502 адам мүше. «Аналар кеңесіне» мүшелікке кірем деушілерге шектеу жоқ. Кеңестердің құрамында көпбалалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар бар.

«Ұйым облыстық білім басқармасы, денсаулық сақтау саласының өкілдерімен жастар саясаты және де заң орындарымен бірлесе жұмыс істеуде» дейді Несіпжамал Қасымбекқызы.

Аналар кеңесі «Мәңгілік ел бесігі – ананың жүрегінде», «Ана денсаулығы», «Қыз – адамзаттың анасы», «Ана медиатор», «Жас отбасылар мектебі», «Қыз тәрбиесі – адамзат тәрбиесі», «Рухтың тамыры әкеде» атты тұрақты жобаларды іске асырады.

Оның маңыздылығын төрайым Несіпжамал Қасымбекқызы елдігімізді сақтап қалудың бір жолы ретінде түсіндіруде.

Несіпжамал апай әр отбасының берекесінің артып, бай-қуатты болуы мемлекеттің болашағына тікелей байланысты. Тұғырымыздан түспеу үшін де,  мәдениетті, білімді, саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелеуіміз керек деген ойда.

Пайымды пікірмен келіспеу мүмкін емес. Шынымен де, Қазақстан қара шаңырақ болса, ұрпағы оның уығы, егер уығы қисық болса шаңырақтың биік болуы да, оның көпке шыдауы да неғайбыл.

Тұтас қауымның бір ғана отбасыдан шығатынын ескерген ұйым бүгінде жаңадан отау құрған жастармен тікелей жұмыс жасайды. Ондағы мақсат біз жоғарыда атаған құндылықтар мен бірегей ережелерді егжей-тегжейлі түсіндіру болып табылады.

Аталған жоба «Ақ отауға – ақ бата» деп аталынады. Қай кезде болмасын, атауға аса мән беретін текті жұрттың жобаны бұлай атауы тегін емес. Қос жұпқа батасын бере отырып, үй болудың оңай емес екенін түсіндіреді. Әрине, түйетін түйсік болса көп мағына жатыр.

Қазіргі таңда өз қанынан безінген кейбіреулерді көргенде мұндай көрегенділікті екінің бірі жасамасы сөзсіз. Өйткені қоғамның өзгенің мұңына бас ауыртпайтыны сонша, қатыгез ортаны қалыптастыруда. Осы сәтте етек-жеңін жиып, ел анасы атанар жасқа келген ардақтылардың елінің ертеңі – ерке балаларын тезге салғаны жөн-ақ.
«Аналар кеңесінің» төрайымын толғандырған мәселе ойраны шыққан отбасы мен ұясы жоқ бала болып тұр. Өзектілігін жоғалтпаған екі мәселенің ортасында жүрген жанның ішкі қыжылы осымен астасып жатыр.
Отаудың ошағын сөндірмей, бөбектердің өмірін өксітпеу көбіне-көп кесте тігер аруларға байланысты, дейді облыстық «Аналар кеңесі» ұйымының төрайымы Несіпжамал Қасымбекқызы.

Текті халқымыз «Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу» деп әуелден қырық үйден тыйым алған арулардың әдеті мен тәліміне баса назар аударған.

«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» нәзікжандыларымыз дүниенің кәусәр бұлағы екені анық. Тек сол бұлақтың тұнығы лайланбасын деген тілек қана біздегі. Төрайымның да ойы осыған саяды. Қылықты қыздарымыз бен бөрікті ұлдарымыз ұлтты ұятқа қалдырмасын. Егемен елдің еңсесі қашанда биік, болмысы маңғаз болуы тиіс.

Анар САБЫРОВА

Алматы облысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here