Астанада «Бірлікке барар жолда» деген тақырып аясында Жібек жолына қатысушы елдердің халықаралық форумы болып өтті. Алқалы жиында әлемнің туристік қауымдастық сарапшылары екі күн бойы саладағы жаһандық жоспарлар мен тың мүмкіндіктерді, серіктестік болашағын, қызмет көрсету стандарттарын жетілдіру, тиімді маркетинг, дестинацияны интернетте насихаттау, сонымен қатар көліктің қолжетімділігі мен оның туризмді дамыту ісіндегі рөлін талқылады.
Бұл шара жоғары туристік мәдениеттің қалыптасуына ықпал етер отандық туризмді дамытуды, сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, елдің ішкі және сыртқы беделін күшейтіп, оңды бейнесін қалыптастыратын ұлттық туристік брендтерді ілгерілетуді көздейді. 300-ге жуық қонақ жиналған форумның ең маңызды бөлімі ретінде National Tourism Awards ұлттық сыйлығының көпшілікке салтанатты түрде таныстырылып, ресми түрде басталғанын атап айтуға болады.
– Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет туристік салаға зор көңіл бөлініп отыр. Жыл соңына дейін әзірленетін Мемлекеттік бағдарлама онға тарта танымал туристік бағыттарды ұсынады. Бұлар туристердің қызығушылығын туғызып, табыс түсіре алатын Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды, – деп мәлімдеді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары-форум модераторы Тимур Дүйсенғалиев.
Форум спикерлерінің пікірінше, соңғы жылдары Орталық Азия аумағына туристердің қызығушылығы артып келеді. Мұны осы саладағы ірі компаниялардың деректері де растап отыр. TripAdvisor дестинациясының менеджері Чад Шивердің сөзінше, сайт қаралымдарының 30%-ы дәл осы аймақтағы елдерге тиесілі екен.
Бүгінде Қазақстан мен Жібек жолы елдері көптеген тың бастаманы жүзеге асыруға кірісті. Біз – маңызды, қызықты һәм пайдалы ақпаратқа толы «Жібек жолы» тарихи брендінің иесіміз. Солтүстік Жібек жолының ең ауқымды бөлігі Қазақстан аумағымен өтеді. Сондықтан еліміз осы мүмкіндікті барынша пайдалануы керек.
Бұл үшін SCAT (Қазақстан) әуе компаниясының бірінші вице-президенті Владимир Сытниктің сөзінше, көлік қатынасын барынша қолжетімді ету керек. «Елімізде туризмді дамыту үшін әуе қатынасын өркендету керек. Осыны түсінгеніміз дұрыс. Сонда ғана Қазақстанмен таныспақ болған, жұмыс жасағысы келген адамдарға жол ашылады. Біз туризмді ілгерілету үшін Мәдениет және спорт министрлігімен бұл ретте күш біріктіруге дайынбыз», – дейді SCAT әуе компаниясының Қазақстан мен аймақтарда танымал авиа бағыттарды дамыту тәжірибесі туралы баяндама жасаған спикер. Ол Қазақстанда авиация мен туризмді өркендету үшін не істеу керектігіне тоқталды. Бұл үшін заңды өзгерту қажеттігі туындап отыр: шетелдік тасымалдаушылардың чартерлік рейстер жасауына қойылған шектеулер алынып, шетелдік азаматтардың бес күннің ішінде тіркелуі туралы шартты тоқтату керек. Сонымен қатар туристік маршруттар бойындағы қалалар мен аймақтарда хостел-қонақүйлер саны ұлғайтылуы тиіс.
Форумға қатысушылар шараның маңыздылығына тоқталып, панельдік сессиялардағы спикерлердің баяндамасы толыққанды болғанын атап өтті. Серіктестердің өзара байланыс орнатуға белсенділік танытқаны да олардың назарынан тыс қалмады.
Форумда теміржол маршруттарын құрып, Қазақстанның көрікті жерлерінің танымалдылығын арттыру үшін және бірлескен туристік жобаларды жүзеге асыру мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен «Жолаушылар тасымалы «Тұран экспресс» ЖШС арасында ішкі құрлықтық туризмді дамыту жөніндегі Меморандумға қол қойылды.
Форумның өткізілуі Астана мен Алматы шаһарларының туристердің күзгі саяхаты бойынша ТМД үздік қалаларының рейтингіне қосылғаны туралы және Дүниежүзілік туристік ұйымның қалалық туризм бойынша 2019 жылғы Жаһандық саммитін өткізу құқығы Астанаға сеніп тапсырылғаны туралы жағымды жаңалықпен тұспа-тұс келді.