Қазақстан әлеуметтік саясатқа баса мән берген ел ретінде танымал. Сондықтан мемлекетіміз бен билік орындары көпшілік қауымның әлеуметтік жағдайы мен тұрмысының жақсаруына баса мән береді. Ал елдің әлеуметтік жағдайын арттыру үшін кез келген адамға жұмыс керек. Осы ретте еліміздің барлық өңірлері мен қалаларында халықты жұмыспен қамту ісімен жыл бойы айналысатын Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істеп келеді. Соған орай Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы баспасөз хатшысы Айнаш  Шойынбекова ханымен тілдесіп, қала тұрғындарын жұмыспен қамту, білікті мамандар шоғырын қалыптастыруға қатысты сұрақтарымызды қойып, тұшымды жауап алудың сәті түсті. Енді соған назар аударсаңыздар.

– Айнаш ханым, бүгінде көптеген адамдар екі қолына бір жұмыс табу үшін сіздердің орталықтарға келетіні белгілі. Елордадағы жұмыссыздық мәселесін шешу ісі қалай жүзеге асып жатыр?

– Бүгінде қаламыздағы Жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік маңызы зор үлкен мекемеге айналған. Жалпы, еліміз бойынша қазір 230-дан астам Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істейді. Орталықтардың халықпен жұмыс істеу алгоритмі толықтай қалыптасқан деп нық сеніммен айта аламын. Керек десеңіз, халықты жұмыспен қамту ісін жетілдіру үшін маңызды жобаларды іске асыру ісі де жолға қойылған. Бір сөзбен айтсақ, біздің орталық заман көшіне ілесіп, жұмыс істеу тәсілін жыл өткен сайын жетілдіріп келеді.

Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің басты қаласы. Сондықтан қаламызға аймақтардан жұмыс іздеп ағылған жандардың қатары жыл сайын артпаса, кемімейтіні анық. Сол себепті біздің Халықты жұмыспен қамту орталығы жыл өткен сайын жұмысын ширатып, жұмыссыз жүрген жандарға қол ұшын беруге бар күш-жігерін жұмсап келеміз.

Біздер тек қана жұмыс іздеген халықпен жұмыс істемейміз. Сонымен қатар жұмыс берушілермен қоян-қолтық жұмыс істеймізді айтуға тиіспін. Бұдан басқа нарықта қандай мамандарға сұраныс жоғары екенін анықтап, сол бағытта мамандар да дайындау ісін ұйымдастыруға қатысамыз.

– Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығына көптеген міндет жүктелгенін түсінеміз. Елорда еліміздегі үлкен қала болғандықтан, мұнда халықтың түрлі әлеуметтік топтары бар. Сіздер қаладағы қандай әлеуметтік топтағы азаматтармен тығыз жұмыс істейсіздер?

– Дұрыс айтасыз. Елордада тұратын халықтың бәрінің жағдайы бірдей емес. Бүгінде біздің орталық мектеп пен оқу бітірген жастарға, аз қамтылған отбасыларға, пробациялық бақылаудағы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол ұшын созып келеді.

Биылдың өзінде біздің орталыққа 16 000-нан астам адам келіп, жұмысқа орналастыру бойынша өздерінің өтінішін тапсырды. Осы өтініш бергендердің 9 632-сі тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл жұмыс іздеп жүрген халықтың 70 пайызын құрайды. Осы бір қарапайым көрсеткіштен-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығының тиімді бағытта жұмыс істеп жатқанын аңғаруға болады. Осыншама адамды жұмыспен қамту оңай шаруа емес.

Біздер мұндай үлкен нәтижеге бірден қол жеткізген жоқпыз. Бұл Халықты жұмыспен қамту орталығының елордадағы жұмыс беруші мекемелермен арада тығыз қарым-қатынас орнатудың және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бұл бағыттағы жұмыстарға айрықша көңіл бөліп, шаһарда жаңа жұмыс орындарын құруға күш салуының жемісі деп білемін.

– Ойыңыз орынды, жұмыс берушілерден сұраныс болмаса, мұншама адамды жұмыспен қамту оңай емес қой. Әңгіменің реті келіп тұрғанда орталықтың жұмыс берушілермен арадағы байланысы жайында аз-кем айта кетсеңіз?

– Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыс беруші мекемелер бізбен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығымен 7391 жұмыс беруші мекеме әріптестік бағытта жұмыс істеп келеді.

Жұмыс іздеген халық секілді жұмыс берушілерді әлеуетті жағдайына байланысты бірнеше топқа бөлуге болады. Айталық, қаламыздағы іргелі мекемелермен біздің орталық арнайы меморандумға отырған, олар өздерінде қосымша жұмысшылар қажет болған жағдайда бізге дереу хабар беріп отырады. Бұдан басқа ешқандай меморандумсыз жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлер де бар. Олар бізге өздеріне қандай қызметкер керек екенін ұдайы хабарлап тұрады. Бұдан кейін жұмыс берушілер ұсынған жұмыс орындарын азаматтарға хабарлаймыз. Мамандығы сәйкес келіп жатса, жұмыс іздеп жүрген азаматтар жұмысқа тұрып, отбасын асыруға мүмкіндік алып жатады.

Жалпы алғанда, қаламыздағы жұмыс беруші мекемелер халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін бір кісідей сезінеді. Сондықтан елорда тұрғындары үшін жұмыс беруші мекемелер жаңа жұмыс орындарын құруға  барынша атсалысып келеді. Біздің орталықпен тығыз қарым-қатынас орнатқан мекемелердің ішінде жекелеген компаниялар, ірі мемлекеттік органдар және шағын және орта бизнес өкілдері де бар.

– Айнаш ханым, нұрсұлтандықтарды жұмыспен қамтуда мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты рөл ойнайтынын айтсаңыз?

– Сөз жоқ, халықты жұмыспен қамтуда мемлекеттік бағдарламалардың орыны ерекше. Бүгінде біздер мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындарын құрып, көпшіліктің жұмыс тауып беріп отырған жайымыз бар.

Кейбір азаматтар қоғамдық жұмыстарды көше сыпыру деп ойлайды. Шындығында, олай емес. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асатын қоғамдық жұмыстардың ауқымы өте кең.

Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің елордасы болғандықтан, мұнда барлық мамандықтар бойынша қоғамдық жұмыстар қарастырылған. Бухгалтер де, заңгер де қоғамдық жұмыспен айналысып, өзіне тұрақты жұмыс орнын тауып кетуіне болады.

Бұл ретте мен жеке басымның іс-тәжірибесін мысалға келтіре аламын. О баста журналистік дипломымды қолыма алып, осы орталыққа жұмыс іздеп келген едім. Сол кезде менің болашақ әріптестерім қоғамдық жұмыстарға орналасуыма кеңес берді. Содан қоғамдық жұмысқа орналасып, өзім сүйіп айналысатын жазу-сызумен айналысып келемін.

Қандай да бір мекемеге қоғамдық жұмысқа орналасқан азаматтардың айлық жалақысын мемлекет төлейді. Бүгінде оның көлемі 85 мың теңге, тиісті төлемдерді ұстап қалғанда 73 мың теңге қолыңызға тиеді.   

– Қазір қоғамда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аса танымал екенін білеміз. Аталмыш бағдарлама жайында не айта аласыз?

– «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жұмыссыздың деңгейін төмендету мақсатында құрылған маңызды бағдарлама. Аталмыш бағдарламаның аясында «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындар» жобасы бірнеше жылдан бері сәтті жүзеге асырылып келді.

Айталық, «Әлеуметтік жұмыс орындар» жобасы бойынша бір адам балабақшаға жұмысқа тұрса, оның айлығының 35 пайызын мемлекет төлесе, қалғанын жұмыс беруші төлейді. Бұл жоба жұмыс беруші мекемелер үшін де үлкен көмек болып тұр. Олар да осы жобаға қатысуға ынталы.

– Халықты жұмыспен қамту орталықтары «Алғашқы жұмыс орыны» бағдарламасы пайда болғанын естідік. Жаңа бағдарлама кімдерді жұмыспен қамтуға бағытталған?

– «Алғашқы жұмыс орыны» бағдарламасы мектеп бітіріп, оқуға немесе жұмысқа тұра алмай жүрген жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Жұмыс берушілер жұмыс тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа көп қабылдай бермейтіні жасырын емес. Мұндайда жастарға жұмыс тәжірибесінің болмауы басты кедергі келтіреді.

Ендігі жерде үлкен өмірге қадам басып, жұмыс істеуге ықыласы ауған жастар осы бағдарлама аясында өмірден өз жолын тауып кетуіне болады. Бұл бағдарламаға жасы 29-дан аспаған жастар ғана қатыса алады. Соныман қатар бұрын еш жерде жұмыс істемеген болуы керек. Яғни еңбек тәжірибесі болмауы шарт.

Айталық, мектеп бітірген бір жастың есепші болғысы келеді. Мұндай жастарды біздер бухгалтер мамандар даярлайтын орталықтарға жібереміз. Бірінші кезекте оған жұмыстың барысын үйрететін тәлімгер тағайындалады. Осы бағдарлама бойынша жаңа мамандықты меңгерген жасқа мемлекет ай сайын 58 мың теңге көлемінде айлық төлеп тұрады.

«Алғашқы жұмыс орыны» бағдарламасының жұмыс беруші үшін де пайдалы екенін айта кетуіміз керек. Кез келген жұмыс беруші осы бағдарламаның арқасында өзіне қызметкер дайындап алуына болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда жаңа бағдарлама жастарға да, жұмыс берушіге де пайдалы болып тұр.

«Алғашқы жұмыс орыны» бағдарламасы екі жылға созылады. Осы уақыт аралығында кез келген талапты жас қандай да бір мамандықты меңгеріп, аяққа тұрып кетуіне болады. Тағы да айта кететін мәселе, «Алғашқы жұмыс орыны» бағдарламасы жастар көптеген мамандықтарды меңгеруіне болады. Бұған шектеу жоқ.

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here