Елімізде орын алған билік транзиті қоғамдық өмірімізде саяси белсенділікті арттырып, саяси партиялардың бойына қан жүгірткендей болды. Қоғам мен мемлекет үшін саяси партиялардың жұмысының жандануы қашанда маңызды. Әсіресе, қазір Nur Otan партиясының жұмысы қарқынды жүруде. Қазіргі таңда билік партиясы халық арасында праймериз жүргізіп, ел мүддесі жолында жұмыс істейтін таңдаулы тұлғаларды қатарларына тарта бастады.

Қазақстандағы партиялар

Бүгінде Қазақстанның саяси кеңістігінде алты партия тіркелген. Олардың үшеуі ҚР Парламенті Мәжілісінен орын алып, өздерінің фракцияларын құрған.

Заң шығарушы органдағы көптеген мандатқа ие болған Nur Otan партиясы дәл қазір елдегі негізгі центристік бағыттағы саяси ұйымға айналып отыр.  Елімізде Nur Otan партиясының мүшелері  900 мыңнан астам адамды құрайды. Саяси ұйым биліктің негізін құрауда. 

Ал оңшыл күштердің басын біріктірген «Ақ жол» партиясы қазақ қоғамына Қазақстандағы либералдық күштердің басын қосып, азаматтық ұлтшылыдық және әлемдік кәсіпкерлікті қолдау қағидаттарын ту етіп көтерген саяси ұйым ретінде танылып.

Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы өздерін қазақ топырағында өткен ғасырдың басында пайда болған ұлт-азаттық «Алаш» партиясының мирасқоры ретінде көрсетуде. Осылайша олар өздерінің бәсекелестері Қазақстан халықтық коммунистік партиясынан халық алдында ерекшеленуде.

Парламенттегі солшыл күштердің саяси ұйымы ретінде танылып жүрген Қазақстан халықтық коуммунистік партиясы қоғамдағы игіліктердің теңдей бөлінуін, интернационализм мен Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстың нығаюын қолдайтын бағыт ұстануда.

Парламенттік сайлауда тиісті дауыс жинай алғамаған өзге үш партия тек саяси науқан кезінде ғана бой көрсетіп, қалған уақытта еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде бой көрсете бермейді.

Олар – ЖСПД, «Ауыл» және «Бірлік» партиялары. Осылардың арасында ЖСПД өзін билікке қарсы негізгі оппазициялық саяси партия ретінде көретуде. Ал «Ауыл» мен «Бірлік» партиясының қоғамдық-саяси өміріміздегі салмағы жайында әңгіме айтудың өзі артықтау.

Мәселен, бетегедін биік, жусаннан аласа «Бірлік» партиясы соңғы Парламент Мәжілісіне депутат сайлау кезінде бар болғаны 0,29% дауыс жинап, өздерінің халық алдында аса танымал емес екенін көрсетті.

Аталымыш партияның жинаған 0,29% дауысын нақты адамдарға шағатын болсақ, республика бойынша «Бірлік» партиясына ел азаматтарының  21,8 мың адам дауыс бергенін байқауға болады.

Ал елімізде партия құру үшін кемінде 40 мың адам қол керек екенін ескерсек, «Бірлік» партиясына сайлау кезінде өз жақтастарының да дауыс жинай алмағанын байқауға болады.  

Кімдер белсенділік танытуда?

Елімізде орын алған билік транзитінен кейін қоғамдық-саяси өмірімізде жаңа саяси күштер бой көрсете бастады. Айталық, 2019 жылы Олжас Сүлейменовты алға салған бір топ азаматтар Қазақстанда «жасылдар» партиясын құруға ниетті екенін алға тартқан болатын.

Елімізде табиғат жанашырларының саяси ұйымға бірігіп, ортақ мақсаттарын күш біріктіруге толық қақысы бар. Қазіргі таңда Батыс елдерінде «жасылдар» партиясы халықтың айрықша қолдауына ие болып, үлкен саяси күшке айналып отырғаны белгілі.

Біздің елімізде де табиғат жанашырлары экологияға нұқсан келтіретін жобаларға қарсы шығып, күрес жүргізіп жүргені баршаға мәлім. Бұл ретте экологиялық мәселелерді ту етіп көтерген қоғамдық ұйымдардың Алматы қаласы аумағында «Көк жайлау» тау шаңғысын салу ісіне табанды түрде қарсылық танытып, соның нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге нүкте қойып, табиғат жанашырларының ұстанымына қолдау білдіргеніне атап айтуға болады.

Бұдан басқа кәсіпкер-тренер Ахметбек Нұрсила «Сен» деп аталатын либерел-демократиялық бағыттағы партия құруға талпынғанын білеміз.

Ал қоғам белсендісі Тоғжан Қожалиева «ХАҚ» деген саяси ұйымды құруға талпынысы жасады. Олар «ХАҚ» партиясы болашақта халыққа адал қызмет көрсететін саяси ұйым болатындарын жариялаған-ды.

Тіпті, діни бағытты ту етіп көтерген партия құруға талпынған азаматтар да өз ойымен бөліскен болатын. Бірақ еліміздің саяси партияларға қатысты заңында «Қазақстан Республикасының аумағында діни негізде партия құруға тыйым салынған» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.

Сондықтан толеранттылық ту етіп көтерген Қазақстанда дін негіздегі саяси ұйымның құрылуы заңға томпақ келеді. Бірақ елімізде Ислам дінін ұстаушылардың қатары күн сайын артып келе жатқанын ескерсек, олардың болашақта еліміздегі негізгі саяси күшке айналуы бек мүмкін.

Оралмандардың да саяси белсенділігі артуда

Соңғы уақыттары сырттан көшіп келген оралмандардың мүддесін қорғауға талпынған қоғамдық ұйымдар да белсенді жұмыс істеп, жұртшылықтың назарын өзіне аудара бастады.

Еліміз тәуелсіздікке ие болған күннен бері атақонысқа көшіп келген қандастарымыздың саны миллионнан асқанын бәріміз білеміз. Сырттан келген қандастарымыздың арасында өз ісін жетік меңгерген көпетеген мамандар бар. Олар елге келгеннен кейін түрлі салада еңбек етіп, ортақ Отанымыз Қазақстанның дамуына үлес қосуда.

Сондықтан олардың еліміздің саяси өміріне араласып, көші-қон мәселесіне қатысты мәселелерді шешіп, билік орындарындағы саяси қызметтерге тағайындалуының маңызы зор.

Оралмандар арасында саяси белсенділіктің арта бастағаныны Жасай Зекейұлы, Ауыт Мұхибек сынды елге танымал азаматтардың Nur Otan партиясының құрамына өтіп мәслихат сайлауына қатысып, саяси жұмыстармен айналыса бастағанын байқауға болады.

Қоғамдағы әрбір әлеуметтік топтардың өз бетінше саяси партия құра беруі де орынсыз. Оның үстіне елімізде жекелген топтардың партия құруы да оңай емес. Заң бойынша саяси партия құру үшін ондаған мың адамның қолы мен әрбір облыста толыққанды жұмыс істейтін филиалдарының болуы шарт.

Ал мұндай үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарды жүзеге асыру үшін қыруар қаражат пен үлкен адами ресурс керек. Ал мұндай мүмкіндік кез келген қоғамдық ұйымда бар деп айту қиын.

Сондықтан еліміздегі қоғамдық ұйымдар өздерінің ұстанымы сәйкесетін ірі саяси партиялармен бірлесіп, ортақ мақсатта жұмыс істеп, алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге болады. Бұл ретте соңғы уақыттары сырттан келген қандастарымыздың арасынан шыққан белсенді азаматтардың Nur Otan партиясының қатарына өтіп, еліміздегі оралмандардың мәселесін көтеруге күш салып жүргенін атап айтуға болады.

Сол сияқты Ахметбек Нұрсила бастаған азаматтардың кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға күш салып жүрген «Ақ жол» партиясымен тізе қосып, еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына өз үлестерін қосуына болады.

Президент ұсынысы – партиялар жұмысын жандандырады

Жалпы, билік тарнзиті кезінде түрлі саяси топтардың бой көрсетуі заңдылық. Олардың ту етіп көтерген мәселелері қоғамдық өмірде маңызды екенін де түсінеміз.

Бірақ бұл үшін партия құрудың қажеттілігі жоқ болуы да мүмкін.

Партия құруға талпынған азаматтар алдағы уақытта қоғамдық ұйымдар құрып, жергілікті жерлердегі бөлімшелерінің жұмысын жандандыруға барынша күш салуы керек.

Өйткені жергілікті жердегі мәслихат сайлауына партиялар мен қоғамдық ұйымдардың қатыса алатынын ескерсек, еліміздегі белсенді қоғамдық ұйымдар алдымен жергілікті жерлерде Мәслихат сайлауларына қатысып, өздерінің әлеуеті мен көтеріп жүрген мәселелерінің қоғам үшін маңызды екенін көрсетуі маңызды.

Ұлттық қоғамдық кеңестің жұмысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси партиялардың жұмысын жандандыруға ықпал ететін бірқатар ұсыныстарды алға тартқан болатын.

Бұл ретте Қ.Тоқаев сайлауға қатысқан саяси партиялардың тізімінде 30 пайызға дейін әйелдер мен жастарға орын бөлу мәселесін ұсынған-ды. Осылайша Президент еліміздегі саяси партиялардың жастар мен гендерлік мәселеге тиісті деңгейде көңіл бөлуге саяси ұйымдардың назарын аударды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі халықтың аз дауысына ие болған саяси партиялардың еліміздегі парламенттік оппозицияның қалыптастыруына қатысуға жол ашу керектігін тілге тиек еткенін білеміз.

Мұндай жағдайда «Бірлік», «Ауыл» және ЖСПД сынды аз дауыс жинаған саяси ұйымдар сайлау кезінде ғана емес, күнделікті белсенді жұмыс істеп, халық алдында танымалдығын арттыр еді.

Бүгінде кейбір саяси белсенділер Парламент сайлауын партиялық тізіммен емес, бұрынғы мажоритарлық жүйеге қайта орлау мәселесін көтеріп жүр. Дамыған елдердің іс-тәжірибесіне назар аударсақ, партиялық сайлау жүйесін көптеген елдер ұстанатынын байқаймыз.

Өйткені, партиялық сайлау жүйесі саяси ұйымдардың дамуына жол ашатыны белгілі. Әрине бұл бағытта екі жүйенің артықшылықтарын айтып, дауласа беруге болады. Бірақ партиялық жүйе елдегі саяси күштердің белсенділігін арттырып, адамдардың ортақ мақсатқа бірігуіне серпін беретінін ұмытпауымыз керек.

Сондықтан еліміздегі саяси ұйымдар сынықтан сылтау іздемей белсенді жұмыс жүргізіп, қоғамдық-саяси жүйенің дамуына өз үлестерін қосуы керек. Бүгінде бұл үшін мүмкіндіктер жеткілікті. Тек қана сайлау кезінде жұмыс істеп, қалған уақытта жұмысты тоқтатып қоюға әсте болмайды. Мұндай әдіс саяси партияларды өсірмейді, қайта керсінше өшіретінін жадымыздан шығармауымыз керек. 

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here