Алматы облысындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші туралы не білеміз?

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қала мен Далаға» ұсынған дерегі бойынша қазіргі таңда елімізде тұратын кәріс этносының саны 100 мыңнан асып жығылады.

Кәрістердің басым көпшілігі Алматы облысы мен Алматы қаласында шоғырланған екен.

Ассамблеяның Алматы облыстық филиалымен етене байланыста жұмыс істейтін Қазақстанның Корей қауымдастығы 2012 жылдың 31 мамырында Қаратал ауданы, Үштөбе қаласының іргесіндегі Бастөбе тауының етегінде «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш орнатқан болатын.

Бұл ескерткіш кәріс халқы ғана емес, Қазақстанға жер аударылған көптеген этностың  атынан қазақ халқына қарата айтылған алғыс еді.

«Қала мен Дала» тілшісі газет оқырмандарын осы бір ерекше монументтің тарихымен таныстыра кеткенді жөн көрді. Ол үшін әлбетте өткенге үңілу қажет-ақ.

1937 жылдың қара күзінде Үштөбе станциясына сонау Қиыр Шығыстан депортацияланған корейлердің алғашқы тобы келе бастайды. Жергілікті билік келушілерді күтіп алуға әзір болмай шығады. Барар жер, басар тауы жоқ жетімсіреген жұртты қазақтың теміржолшылары мен шопандары құшақ жая қарсы алып, өз үйлерінің бір бөлмесін, бір үзім нанын бөліп береді. Алайда көшіп келгендердің барлығына бірдей орын табу мүмкін емес еді.

Міне, сол кезде жергілікті билік тәуекел етіп, корейлердің Бастөбенің етегіне орналастыру туралы шешім қабылдайды. Жергілікті жердің табиғатына төселмеген корейлердің көпшілігі сол жылы суықтан, аштықтан, атамекенін сағынып құсадан өледі. Осылайша, осы таудың алқымында корей бейіті пайда болады…

1999 жылы осынау тарихи жерге арнайы келген Оңтүстік Корея елінің Қазақстандағы елшілігі осы араға ақ және қара мәрмәр тас орнатады. Ақ тас Совет Одағының солақай саясатынан зәбір көрген кәріс халқының қайғы-мұңын бейнелейді.

Ал қара таста: «Бұл арада 1937 жылдың күзінде Қиыр Шығыстан депортацияланған корейлер өмір сүрген» деп жазылған.

Міне, сол кезде Оңтүстік Корея дипломаттары дәл осы арадан «қазақ халқына алғыс білдіретін» ескерткіш орнататынын айтқан болатын. Олар сол сөзінде тұрды. 

Қазір ескерткіште үш тас бар. Ортадағы ақшаңқан таста «Қазақ халқына мың алғыс!» деп жазылған.  

Айта кетелік, Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында Кеңес үкіметі Қазақстанға Қиыр Шығыстан 100 мыңнан аса корейді күштеп көшірді. Сол тұстары қазақ жері 800 мыңнан аса неміске, 100 мыңға жуық полякқа пана болды. Бұдан бөлек, Солтүстік Капқаздан 500 мыңнан аса адам Қазақстанға жер ауды.

Ал біз ескерткіш жайлы тегіннен-тегін жазған жоқпыз. Еліміздегі мемлекеттік мереке «Алғыс айтуы» күніне дәл осы ескерткіш бастама болғанын біреу білсе, біреу білмес.

Кейіннен еліміздің өзге де қалаларында «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіштері пайда болды.

«Алғыс айту» күнін атап өтуді 2015 жылдың сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-жиынында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын.

Корей тарихшы:

«Қазақстандағы корейлер? Біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған елде өмір сүреміз»

Корейлер Ассамблеяның Алматы облыстық филиалының өміріне белсене араласады.

Айталық, Ассамблея құрамындағы Алматы облыстық корейлер қауымдастығы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінен осы күнге дейін бірде-бір рет шет қалған емес. Құрылғанына 20 жылдан асқан осынау ұйым Қаратал ауданы, Ескелді ауданы, Көксу ауданы, Талдықорған, Үштөбе, Текелі қалаларындағы корей этномәдени орталықтарын біріктірген.

Қоғамдық-саяси бастамалардан бөлек, аталған ұйым экологиялық жобаларға да атсалысып, елімізге инвестиция тартуға келгенде белсенділік танытып жүр.
Алматы облыстық корейлер қауымдастығы мен Оңтүстік Корея кәсіпкерлері бірлесіп, осыдан біраз жыл бұрын Үштөбе қаласында экологиялық таза көкөністер өсіретін жылыжайлар құрылысын бастаған еді.

Облыстағы корей жастарына арнап корей тілін оқытатын орталықтар да жұмыс істейді.

Ал Жетісу мемлекеттік университетінде корей тілінде сабақ беретін бүтін бір бөлімше бар.

Бұдан бөлек, Талдықорғанда Евгений Тигайдың бастамасымен Корей жастар орталығының құрылғанын еске сала кетелік. Ұйым қатарындағы белсенді жастар еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызды жобаларды жүзеге асыруда.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, тарихшы Георгий Канның айтуынша, «әлемнің бірде-бір елінде корейлерге дәл Қазақстандағыдай жағдай жасаған мемлекет жоқ».

«Корейлер әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашырап жатыр. Біз үшін Қазақстан – екінші Отанымыз. Ыстық ұямыз. Қазақстанда тұратын корей саны 107 мың адамнан асты. Елімізде 32 көшенің аты корей азаматтарының атымен аталған. Осының өзі біздің диаспораға көрсетілген құрмет. Әлемнің бірде-бір елінде корейлерге дәл Қазақстандағыдай жағдай жасаған мемлекет жоқ деп білемін», – дейді тарихшы.

Аяулым ШАЙМАРДАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here