Елімізде жүк атаулының 70 пайыздан астамы шойын жол арқылы тасымалданады. Күнделікті тіршілікте алыс-беріспен қатар барыс-келісте де пойызға күні қарамайтын адам некен-саяқ.  Сондықтан темір жолдағы қауіпсіздік қашан да өзекті.

Бұл саладағы адам денсаулығына, қала берді өміріне, төрт түлікке, содан барып пойызға қауіп төндіретін кесапаттарды айтар болсақ, өмірін қатерге тігіп, рұқсат етілмеген жерде жолды кесіп өткені үшін жыл басынан бері 23 мыңнан астам адам түрлі жауапкершілікке тартылған. 100-ге жуық адам әр түрлі дене жарақатын алыпты. Бұған қоса жолда иесіз жайылып жүретін  ірі қара да жүйткіп бара жатқан көлікті шұғыл тоқтатуға мәжбүр етеді. Пойыздың табанына тапталып қалған мал оның иесін шығынға батырып қана қоймай, екпіні қатты көліктің зақымдануына, жолаушылар мен жүк пойыздарының кестесіне кері әсерін тигізеді. Ал пойыздың кешігуі жүздеген, мыңдаған адамның жолдан қалуына әкеп соқтырады. Бұл енді жол бойында бейқам жүретіндер мен малын қараусыз қалдыратындарға тікелей қатысты адами фактор.

Пойызға және инфрақұрылым нысандарына технологиялық қызмет көрсету сапасының нашарлығы мен көлікті нұсқау бойынша дұрыс пайдаланбау – темір жол тасымалында түрлі оқыс оқиғаларға итермелейтін негізгі себеп. Оның сыртында жұмыскерлердің еңбек тәрбібін сақтай бермейтіні де бар. Статистикаға сүйенсек, магистральдық жолдардағы жағдайлардың 85%-ы Қазақстан және өзге де елдердегі пойыз құрамын жөндеумен айналысатын тиісті кәсіпорындардың салғырттығынан болып отыр. Темір жол көлігін жөндеу барысында технологияны сақтамай, контрафактілік немесе сапасыз бөлшектерді пайдаланатындарға тосқауыл қою үшін «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ тапсырыс беруші ретінде Қазақстандағы жөндеу кәсіпорындарына тексеру жүргізіп жатыр. Аудит нәтижелері бойынша бірнеше жөндеу кәсіпорындарының жұмысы уақытша тоқтатылды да. Енді олар талапқа сәйкес келмейтін қызмет түрлерін тез арада ретке келтіруі тиіс.

Алматыда өткен «Логистика, көлік және білім берудегі инновациялық технологиялар» халықаралық конгресі аясындағы Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік және цифрландыру жөніндегі Еуразиялық форумда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қауіпсіздік жөніндегі директоры Марат Шәкенов осы мәселені көтерді. Оның сөзіне қарағанда қозғалыс қауіпсіздігіне қолайсыз ауа-райы, теміржол өткелдеріндегі жол-көлік оқиғалары, жолда бөгде заттардың кесе-көлденең жатуы да кесірін тигізеді. Соңғы екі жылда еліміздің теміржолдарына 7 мобильді кешен орнатылған. Ол теміржол рельстерін, жер төсемелерін, шпалдардың бекітілуін диагностикалап, ақауларды лазер арқылы анықтайды. Бұл – қауіпсіздік жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

«Дей тұрғанмен, соңғы жылдары қауіпсіздік көрсеткіштерінің оңала бастағаны байқалады. Жыл басынан бері компания бойынша ереже бұзу фактілерінің жалпы саны 17,5%-ға азайды. Оған қауіпсіздікті басқару жүйесін автоматтандыру, «қозғалыс қауіпсіздігі мәдениетінің» деңгейін арттыру есебінен қол жеткізілді», – деді Марат Шәкенов. «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Транстелеком» АҚ және Көлік және логистика академиясы ұйытқы болған форумға қатысқан Орта Азия мен ТМД елдері мемлекеттік органдарының, теміржол әкімшіліктерінің, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтарының, білім беру мекемелері мен жобалау ұйымдарының өкілдері де күйіп тұрған мәселеге қатысты ойларын ортаға салды. Әсіресе, шойын жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүйені цифрландыру және автоматизациялау, тасымал кезінде апатты жағдайлардан сақтану үшін тың амалдар қарастыру мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Әлбетте, жоғарыда айтқанымыздай пойыз құрамын жөндеу сапасын жақсарту мен көлікті дұрыс пайдалану қажеттігіне баса мән берілді. Теміржолшылар мен көлік полицейлері жұртпен үнемі кездесіп, қауіпсіздік ережелері туралы үгіт-насихат жүргізуді тоқтатқан емес. Сонда да қауіпсіздік ережелерін сақтауға қатысты тұрғындардың сауатын аша түсу қажеттігі де қаперге алынды.  Осы тақырып бойынша сөз жалғастырған Марат Шәкенов инфрақұрылым нысандарын цифрландырумен қатар заманауи инновациялық тәсілдерді енгізу теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті анағұрлым жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.

– Темір жол тасымалы нарығында жыл сайын процеске қатысушылар саны артып келеді. Бүгінде алдымызда ортақ стандарттарды, қағидаларды енгізу және процестерді цифрландыру арқылы олардың қызметін жүйелі интеграциялау және үйлестіру міндеті тұр – деді М. Шәкенов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here