Тоқаевтың Баку сапары нәтижелі болды ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Қазақстан басшысын Баку әуежайында Әзербайжан премьер-министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов күтіп алды.

Сапар аясында Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері жоспарланған. Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың көпқырлы мәселелерін қарастырып, бірқатар келісімге қол қояды.

Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

«Ең алдымен, бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиевті «Алтын Қыран» орденімен наградтау туралы Жарлыққа қол қойды.

Әзірбайжан парламентінің депутаты Рәсім Мұсабеков қазақ мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау туралы былай деп пікір білдірді:

«Егер тасымалдау Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы өтетін болса, онда қазақ мұнайы Әзірбайжан мұнайымен қосылып өтетін болады, бұл оның сапасын арттырады. Қазақстан осы қоспаның неғұрлым жоғары бағасының есебінен қосымша сыйлықақы алатын болады және әзербайжандық құбыр жүйесі арқылы айдауға байланысты шығындарды азайта алады».

Транзиттік тығырықтан шығудың мүмкіндігі

«Қазақстан Ресейге деген транзиттік тәуелділіктен құтылса, Путиннің бізге батырар ықпалы жоғалады. Одан кейін, елдегі Ресей телеарналарын өшіріп тастауға толық мүмкіндік аламыз», – деп жазады «Қала мен Далаға» тиесілі «Dala Inside» телеграм-арнасы.

Арнаның жазуынша, Қазақстан Президенті Әзербайжан астанасы Бакуға екі ел арасындағы транзитті толық жолға қою үшін бара жатыр. Оның Қазақстанның болашағы үшін және Ресейдің транзиттік диктатынан құтылудағы маңызы зор.

Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Каспий арқылы байланыс Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТМТМ) бөлігі болып табылады. ТМТМ – Қытайды Еуропамен байланыстыратын маршрут және соңғы жылдары тым ұзақ жүретін мұхит арқылы су тасымалына балама ретінде қарастырылып жүр.

Қазір TMTM-ның жалпы өткізу қуаты жылына шамамен, 6 млн тоннаны құрайды, оның ішінде 80 мың контейнер (TEU) тасымалданады. Бұл бағыт Қазақстан үшін транзиттік тығырықтан шығуға мүмкіндік береді.

Нендей проблемалар бар?

ТМТМ-ге біз тек Ақтау мен Құрық порттары арқылы қатысамыз. Ақтаудың өткізу қуаты жылына 15 миллион тоннаны құрайды. Ал Құрықта – жылына 6 миллион тонна ғана өткізу қабілеті бар. Олар Әзербайжанның Алят портымен қатынасады. Сонда біздің порттар арқылы өткізу қуатымыз бар болғаны жылына 21 миллион тонна ғана болып отыр. Қазақстан осы жерде ТМТМ үшін «тар тесік» саналады. Тесікті тез арада кеңейту қажет.

Порттардан басқа, бізде Достық – Мойынты, Алматы торабы бойынша темір жолдардың өткізу мүмкіндігі шектеулі. Ал Каспий теңізінде сауда флотымыз өте шағын, яғни паромдар, контейнерлік кемелер жетпей жатыр.

Әзербайжанда да осындай «тар тесіктер» бар. Оларда порттағы ауыстырып тиеу инфрақұрылымы тым кішкентай. Сонымен бірге фитингтік платформалар дефициті байқалады.

Тоқаев пен Әлиев осы кептеліс проблемасын шеше ала ма? Қазақстан Президент бұған аса мүдделі. 2022 жылдың бес айында ғана ТМТМ бағыты бойынша 732,5 мың тонна жүк тасымалданған. Яғни, 2021 жылға қарағанда 2,5 есе өсім бар. Биыл жоспар бойынша 3,2 миллион тонна өтеді деп жоспарланған. Егер тарифтік бірыңғай кеңістік қалыптасса, осы көрсеткішті 10 есеге арттыруға болады.

Транскаспий бағыты Қара теңіз бассейніндегі Поти порттары мен Батумиге шығады. Ал теміржол вагондары Баку-Тбилиси-Карс тж жүйесі арқылы Түркияның Мерсин және Стамбул порттарына барады. Ол жерден жүктер әрі қарай Еуропаға таралады.

Сонда ТМТМ Қытай – Қазақстан (Алтынкөл – Ақтау) – Әзербайжан (Баку) – Грузия (Батуми/Поти) арқылы Еуропаға небары 4 479 шақырым жол жүріп, тіке шыға алады.

Бакуға сапары: маңызды 10 құжатқа қол қойылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қазақ басшысы мен Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша, Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға қол қойды.

Қазақстан Президентінің Бакуге ресми сапарының  аясында төмендегі  құжаттарға қол қойылды:

✔️ Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация.

✔️ Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама.

✔️ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтамақтастық туралы келісім.

✔️ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2023-2024 жж. арналған Ынтымақтастық жоспары.

✔️ Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған бағдарлама.
 
✔️ Түркістан қаласы мен Шуша қаласы арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттама.

✔️ Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Медианы дамыту агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

✔️ Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.

✔️ Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.

✔️ Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы транзиттік жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here