Қазіргі таңда қазақ киносы күн өткен сайын дамып, әлемдік киносүйер қауымның назарын аударып келеді. Біздің бұл сөзімізге күні кеше ғана Францияның астанасы Париж қаласындағы «Линкольн» кинотеатрында белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» кинокартинасының көрсетілімі аншлагпен өткенін айрықша атап айтуға болады.

Тәуелсіздік жылдары түсірілген шоқтығы биік «Келін» фильмінің Еуропа төрінде көрсетілуіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Франциядағы Қазақстан елшілігі және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мұрындық болды.

Қазақстан киносының Француз қауымдастығының президенті, көркемдік жетекшісі және бағдарламалық директоры Андре Иванов француз көрермендерінің отандық фильмдердің көрсетілімін үлкен қызығушылықпен күтетінін және осындай іс-шараларды өткізіп алмауға тырысатынын айтты.

Көрсетілім барысында қазақстандық режиссердің картинасы француз көрерменіне ерекше әсер еткені байқалып тұрды. Итальян-француз композиторы, әнші Риккардо Коччанте көрсетілімнен кейін:

– Мұндай фильмді түсіру үшін батылдық керек. Шынайы, ерекше мәнерде өмірді сипаттайтын, бірде-бір сөзі жоқ, ерекше әсерде қалдырады, күрделі заттарды, әдемі заттарды түсінуге ықпал етеді. Бұл өте әдемі. Мен қатты таңғалдым, керемет әсер алдым, – деп білікті маман өзінің фильмді көргенде алған әсерімен бөлісіп, қазақ киногерлерінің туындыларын жоғары бағалайтынын алға тартты.

Фильмнің негізгі оқиғасы біздің дәуіріміздің III-IV ғ. исламға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Ол кездегі адамның басты мақсаты өмір сүріп, ұрпақ жалғастыру ғана болған. Кинода сөз, диалог жоқ. Тіршілік бастау алып, ұрпақ жалғастыратын әйелдің айналасында өрбитін, шамандық құмарлықтар ғана бар.

2010 жылы «Келін» картинасы Монакода Monaco Charity Film Festival халықаралық қайырымдылық кинофестивалінің Гран-приіне ие болған болатын. Бұдан басқа Нью-Йорктегі New York Eurasian Film Festival, Еуразия фильмдері кинофестивалінде «Үздік көркем фильм» және «Үздік операторлық жұмыс» номинациялары бойынша жеңіске жеткен болатын. Осылайша, Ермек Тұрсыновтың бір ғана фильмі қазақ өнерінің абыройын асқақтатып, Еуропа жұртшылығына биік деңгейге көтерілгенін паш етті.

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here