Таяуда Алматыдағы Ұлттық кітапханада режиссер Олег Беляловтың «Қазақстанның көркем жерлері туралы» топтамасы бойынша түсірілген «Баянауыл» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Түсірілім тобының қатысуымен өткен тұсаукесер көрсетілімде ине шаншар орын болмады.

«Баянауыл» деректі фильмі аты айтып тұрғандай, еліміздің солтүстігінде орналасқан табиғаты ең көрікті жерлерінің бірі – Баянауылға арналған. Деректі фильмнің мазмұны Баянауыл табиғатын қамтып қана қоймай, ғылыми тұрғыдан, тарихы мен сол өлкеге байланысты айтылатын аңыздарға да көбірек мән берген.

Фильмнің режиссері Олег Белялов кино саласынан бөлек, құстарды ерекше жақсы көретін орнитолог маман. Көрсетілім барысында көрермендер қасиетті жерді мекендейтін құстардың алуандығы мен олар туралы қызықты, тың деректерге қанық болды.

Қазақстанның ең танымал табиғи ескерткіші, аңызға толы қасиетті Баянауыл табиғатының төрт мезгілінің ерекшелігін түсірілім тобы шеберлікпен көрерменге жеткізе білді. Көрсетілімге жиналғандар режиссерге жылы лебіздерін жаудырып, келесі фильмдерін асыға күтетінін айтты.

Аталған деректі фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here