Таяуда Алматы қаласында «Пластикпен ластану: шешімдер мен ынтымақтастықты іздеу» атты басқосу болып өтті. Айтулы шараға жиналған эколог мамандар еліміздегі пластик қалдықтарын тиімді бағытта өңдеп, оның қоршаған ортаға тигізер зиянын төмендетудің жолдарын қарастырды.

Шараның еліміздегі көптеген экологиялық бастамаларға ұйытқы болып жүрген «The Coca-Cola Foundation» халықаралық қоры ұйымдастырғанын айта кетуіміз керек.

Бүгінде пластик қалдықтарын жинап, қайта өңдеу мәселесі еліміз үшін өзекті болып тұрғаны белгілі. Конференция барысында халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға пластикпен ластану әкелетін қауіп, пластикалық қалдықтарды азайту саласындағы халықаралық және аймақтық тәжірибе, пластикалық қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі халықаралық заңнама және қызмет, сондай-ақ Қазақстандағы пластик қалдықтарын жинау және өңдеу жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

Әлемдік қоғамдастық пен экологиялық ұйымдардың ерекше назарына қарамастан, пластикпен ластану қазіргі заманның маңызды экологиялық проблемаларының біріне айналып отыр.

Статистикалық дереккөздеріне назар аударсақ, Қазақстанда 2018 жылы 483 755,5 тонна пластик қалдықтары пайда болғанын байқауға болады. Дәл осы жылы 90 079 тонна пластмасса, пластик, полиэтилен және полиэтилентерефталат қаптамасының қалдықтары сұрыпталған. Бұл пайда болған қалдық көлемінің 18%-ын құрайды. Бұл ретте қайта өңдеуге бағытталған пластик қалдықтарының көлемі 17 199 тоннаны құрап, қалдықтардың пайда болу көлемімен салыстырғанда 3%-ды құраса, сұрыпталған пластиктің көлемі 19%-ға жеткен. Пластмасса қалдықтарының экспорты 2018 жылы 5 962,5 тоннаны құрады.

2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстандағы полигондарда пластикті көмуге тыйым салынды. Өткен жылы құзырлы орындар еліміздегі полиэтилен пакеттерін ақылы пайдалануды енгізу бойынша меморандум жасасқанын да айта кетуіміз керек. Бірақ елімізде әлі жұмыс жеткілікті.

Бүгінде тұрмыстық қалдықтарды реттеудегі маңызды мәселелердің бірі – қалдықтарды жинап, өңдеу бойынша мемлекеттік органдар, жинақтаушылар, қайта өңдеушілер, пластик қалдықтарын қалыптастырушылар арасындағы өзара іс-қимылдың тиісті деңгейде дамымай отырғанын атап айтуға болады.

Түрлі ұйымдар мен жеке бизнес инновациялық шешімдерді жиі ойлап табады, алайда пластик қалдықтарын жинау мен өңдеуді көздейтін қауіпсіз басқару жүйесінің жаппай таралуына әкелетін синергизм мен ынтымақтастықты құруға ықпал ететін жүйе жұмыс істмеуде.

– Пластикті қайта өңдеуге «Иә!» деп айт» жобасы аясында PlastNet желісі құрылды, ол түрлі мүдделі тараптарды біріктіреді және оларға пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу жүйесін дамыту үшін құралдар береді, – деп атап өтті «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығының жобалар бойынша менеджері Юлия Душкина.

Пластик – бұл жаңа өнім өндіруге арналған құнды шикізат, бұл ретте ол бірнеше рет өңделуі мүмкін. Бұл тұрғыда пластикалық қоқыстың көп мөлшерде жиналуы және өңделуі өте маңызды.

2018 жылы Coca-Cola компаниясы қаптаманы өндіру және қайта өңдеуге толығымен қайта қарау ниеті туралы жариялады және 2025 жылға қарай толық қайта өңделетін қаптамаға көшуге бекініп отыр.

2030 жылға қарай нарыққа Coca-Cola шығаратын тұтынушылық қаптаманың 100%-ын жинауға және өңдеуге ықпал етпекші. Бұл мақсаттар «Қалдықсыз әлем» қалдықтарды азайту жөніндегі компанияның жаңа стратегиясының орталық элементтері болып табылады.

– Бүгінгі таңда әлемде біздің қаптамамыздың 56%-ы жиналып, өңделеді. Оған Еуропа елдерінде және Жапония, ОАР, Мексика сынды елдер жатады. Мұндай жүйелердің даму дәрежесі, әдетте экономикалық әл-ауқат деңгейіне және мемлекет пен индустрияның буып-түю қалдықтарымен проблемаларды шешу үшін жұмсайтын күш-жігеріне тікелей байланысты. Табысты жұмыс істейтін жүйелердің бірнеше негізгі өлшемдері бар. Орама қалдықтары үшін жауапкершілік орама өндірушіде және ораудағы өнімдерде толық жатуы тиіс. Біз Қазақстанда қаптамадағы тауарларды өндірушілер мен импорттаушылар үшін кеңейтілген міндеттемелер жүйесін жүзеге асқанына өте қуаныштымыз, – деді Coca-Cola компаниясының Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі корпоративтік байланыстар жөніндегі менеджері Александра Аккирман.

Естеріңізге сала кетейік, компания «Пластикті қайта өңдеуге «Иә!» деп Айт» жобасын жүзеге асыруға белсене қаысып келеді. Жобаның мақсаты – пластикалық қалдықтарды жинаудың және оларды қайта өңдеудің үлесін арттыру. Жоба шеңберінде Шымкент, Тараз, Алматы, Өскемен, Павлодар, Петропавл секілді мүдделі тараптар өзара жұмыс істеуде.

Экологиялық Кодекстің жаңа редакциясында пластикпен және басқа да қайталама шикізатпен жұмыс істеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды ілгерілету және пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу жүйесін дамытудың басқа да маңызды аспектілері бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here