Алматыда С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 90 жылдығына орай «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты тақырыпта докторанттар, магистранттар мен резиденттердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Жастар – болашақтың, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан Қазақстанның болашаққа бастаған даңғыл жолы жастарға  байланысты. Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болары сөзсіз.

Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру, дамуы мен келешегін саралау, жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру, денсаулық саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда жас дәрігерлердің рөлін арттыру мақсатында Алматыда еліміздің және шетелдің жас педиатрлары бас қосты.  

Халықаралық деңгейде өткен конференцияда педиатрия және хирургия саласы бойынша 100-ден астам ғылыми жұмыстар, арнайы баяндамалар, мақалалар және постерлік баяндамалар ұсынылды. 

Конференцияның ашылу салтанатында С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың  проректоры Ұбайдұлла Датхаев, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрайымы Риза Боранбаева жас ғалымдар алдында алғысөз сөйлеп,  шараның маңыздылығын атап өтіп, ғылымға қадам басқан жас ғалымдарға жаңа ізденіс тіледі.

– Заманауи медициналық ғылым мен практиканың дамуы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетінсіз мүмкін емес. Сондықтан біз жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, жас ізденушілерді ғылыммен айналысуға шақыру мақсатында осымен үш жыл қатарынан бұл шараны өткізудеміз. Ғылыми-зерттеу жұмыстар тәжірибемен ұштасуы керек деп санаймыз. Ертеңгі медицина – бүгінгі жастардың қолында, – деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева.

Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама», «Үздік мақала», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды. Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты «Педиатрия және бала хирургиясы» ғылыми журналында жарияланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here