Қазақстан кибершабуылдан қорғану үшін Жапониямен әріптестік орнатты

Кибершабуылдар терроризмнің ажырамас бөлшегінің бірі. Ал оған тойтарыс беру үшін мемлекет киберқауіпсіздіктің тілін меңгеруі керек.

Бұл елдің қорғаныс әлеуеті ғана емес, сонымен бірге экономикалық һәм ұлттық тұрғыдан өзін қауіпсіз сезінуі үшін қажет.

Өткен айда Жапонияның бірқатар ақпарат құралдары киберқауіпсіздік саласында Қазақстан мен Жапонияның әріптестік орнатқанын жарыса жазды.

Бізде бұл мәселе тысқары қалды. «Қала мен Дала» осы олқылықтың орнын толтырып, киберқауіпсіздік саласында байланыс орнатқан Қазақстан мен Жапония арасындағы әріптестікке тоқталғанды жөн көрді.

Сонымен. Бұдан былай біздің елдің T&T Security компаниясы мен жапонның киберқауіпсіздік саласындағы Trand Micro ұлттық компаниясы бірігіп жұмыс істейді.

Мақсат – Қазақстан Үкіметінің бастамасымен қолға алынған «Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы» және «Қазақстандық киберқалқан» бағдарламасын жапонның үздік технологияларын пайдалана отырып, жаңа деңгейге көтеру.

«Киберқауіпсіздік саласындағы Жапония технологиялары мен шешімдері кибершабуылдың алдын алудың әрі оған төтеп берудің ең тиімді жолы», – дейді сарапшылар.

«Осы бағыттағы біздің технологиялар қазақстандық кәсіпорындар, қаржы құрылымдары мен мемлекеттік мекемелерге кіріктірер болса, аса қауіпті деген кибершабуылдарға төтеп береді.

Алайда мұндай шабуылдардың және олар әзірлейтін хакерлердің амал-айласы көп. Сондықтан киберқауіпсіздік саласындағы технологияларды жыл сайын жаңартып отырған жөн.

Біздің ұсынысымызды Қазақстанның Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қолдап отыр», – дейді Trand Micro компаниясы аймақтық директоры Герман Позанкин.

Trand Micro туралы не білеміз?

«Қала мен Дала» осы орайда Trand Micro компаниясының тарихына үңіліп, оның киберқауіпсіздік бағытындағы атқарған жұмысына шолу жасады.

Trand Micro компаниясының іргесі 1988 жылы қаланыпты. Серверлер қауіпсіздігін қамтамасыз етуде корпоративтік бағыттағы бағдарламалық жобалар жасаумен айналысады.

Жалпақ тілмен айтқанда, сіздің жеке мәліметіңізді көлденең көк аттының барымталап кетуіне жол бермейді.

Тіпті шабуыл жасалған күннің өзінде хакердің ізіне түсіп, оның мекенжайын анықтай алатын мүмкіндігі бар.

Виртуалды қауіпсіздік саласындағы компанияның өнімдерін Google Cloud Platform, Microsoft Azure, Amazon AWS және Vmware секілді алпауыттар пайдаланады екен.

Аталған келісімге Қазақстан тарапының да көңілі толады.

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мамандары осынау келісімшарт еліміздегі киберқауіпсіздік саласының дамуына оң септігін тигізіп, кибершабуылдардың бетін қайтаруға көмектеседі деп есептейді.

Айта кетелік, кибершабуылды дәстүрлі антивирус арқылы анықтау немесе өзге бір тәсілмен тінту мүмкін емес. Біз білетін қорғаныс технологиялары кибершабуылдың алдында дәрменсіз.

«Жаһандану заманында киберқауіпсіздікке баса көңіл бөлген жөн. Мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалардың құжат, қаражат қоры, қорғаныс саласындағы құпия мәліметтер, экономикадағы маңызды деректерді тек киберқауіпсіздік арқылы қорғай аламыз.

Осы саладағы жоғары технологияларды пайдалану арқылы кибершабуылдарды тоқтатып қоймай, олардың нақты мекенжайын анықтауға болады» – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Руслан Әбдіхалықов.

Оның айтуынша, бұл бағытта Жапониямен байланыс орнатқан біздің ел ұтылмайды. Себебі бұл әріптестік аясында қазақстандық ІТ өнімдерді жапон нарығына шығаратын мүмкіндік бар.

«Осы келісімшарт аясында жапондық әріптестерге киберқауіпсіздік саласындағы өз өнімдерімізді таныстырамыз. Бұл бағыттағы Қазақстанда жасалған технологиялар жапон нарығына өтсе, әрі қарай әлемдік нарыққа шығуға жол ашылады», – дейді ол.

Халықаралық электрбайланысы одағының дерегінше, 2018/19 жылдары Қазақстан киберқауіпсіздік индексінде 175 елдің ішінде 40-орынға тұрақтаған. Әзірбайжан 55-орында, ал Ресей 26-орында тұр.
Үкімет мәліметі бойынша, 2019 жылы Қазақстанның мемлекеттік органдары мен жеке ұйымдарға 2,5 млрд кибершабуыл жасалған.

Руслан Әбдіхалықовтың айтуынша, «Қазақстандық кибер қалқан» бағдарламасы кибершабуылдарға төтеп беретін болады.

«Иә, былтыр бізге 2,5 млрд кибершабуыл жасалды және мұндай шабуылдардың саны жыл санап артып келеді. Кибершабуылдар құрылымы да жыл сайын күрделене түсуде.

Алғаш аталған жобаны қолға алғанда Қазақстанға жасалатын кибершабуылдардың саны 100 мыңның айналасында еді. Ол көрсеткіштің өзі біз үшін ауқымды болатын», – дейді ол.

Қазақстанда 2018-2022 жылдар аралығында киберқылмысқа төтеп беретін мемлекеттік бағдарлама қабылданған.

Қорғаныс министрлігі және еліміздің аэроғарыш өндірісінің өкілдері бірлесе әзірлеген осынау құжаттың алғашқы нұсқасы 2017 жылы жарияланған еді.

Осы мақсатта 2018-2022 жылдары қазіргі білім бағдарламалары жаңарып, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаңа кадрлар дайындауда тың тәсілдер қолданылады, бұдан бөлек отандық ІТ саласы мен электронды өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріледі.

2018-2022 жылдар аралығындағы киберқылмысқа қарсы мемлекеттік бағдарлама аясында Үкімет кибершабуылдан қорғануға тиісті, аса маңызды деген 336 құрылымды анықтаған екен.

Бұл тізімге Үкіметке қарасты органдар, банктер және өндірістік кәсіпорындар кірген. Билік алдағы уақытта бұл тізімге кіретін құрылымдар санын көбейте түспек.

Шавкат Сабыров, «Қазақстан интернет қауымдастығының» төрағасы:

Ðóñëàí Àáäèêàëèêîâ

«Бізге «киберсарбаздар» керек»

«Бүгінгі күні кибершабуылдың қаупі ядролық қарудан кем емес. Киберкеңістікте бүтін бір мемлекеттің іргесін шайқалтып жіберер қуат бар. Оған қарсы тұру үшін Қазақстанда «киберсарбаздар» керек.

Әзір әлемде әр 19 секунд сайын кибершабуыл жасалады. Демек, кибер сойқан салатын хакерлер күні-түні көзі ілмейді деген сөз. Былтыр бұлардың кесірінен әлемдік экономика 1,5 трлн доллар шығынға батқан. Биылғы жылы көрсеткіш 3 трлн жуықтайды деген болжам бар. Бұл – үлкен мәселе.

Кибершабуылдар мемлекеттік нысандарға ғана емес, қарапайым адамдарға бағытталады. Біздің қоғамда әлі де болса лицензиядан өткен бағдарламаны орнату түсінігі қалыптасқан жоқ.

Мәселен, біздің қауымдастықтың дерегі бойынша, Қазақстандағы компьютерлерде орнатылған антивирустық бағдарламалардың көпшілігі лицензиядан өтпеген. Бұл белгілі бір азаматтың компьютерде сақталған мәліметін қолды қылуға таптырмайтын амал».

«Қала мен Дала» анықтамасы:

Үкімет мәліметі бойынша, 2019 жылы Қазақстанның мемлекеттік органдары мен жеке ұйымдарға 2,5 млрд кибершабуыл жасалған. Мобильді құрылғыларға шабуыл жағынан Қазақстан ТОП-3-тің тізімінде тұр.



2018/19 жылдары Қазақстан жаһандық киберқауіпсіздік индексінде 175 елдің ішінде 40-орынға тұрақтаған. Қазақстанда 2018-2022 жылдар аралығында киберқылмысқа төтеп беретін мемлекеттік бағдарлама қабылданған.



Мемлекеттік «Киберқалқан» бағдарламасы аясында аса маңызды 336 нысан қорғауға алынған. Мұндай санатқа кіретін құрылымдар саны жыл сайын өсіп отырады.

Әзірлеген Зейнолла АБАЖАНОВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here