Қыстың соңғы айы. Қала шамы сөніп, көз байланғанда, сөмкелерін арқалап, Саят пен Рүстем үйге оралды. Төргі бөлмеге баса-көктеп бара жатқан олар қонақ бөлмеде теледидар көріп отырған тұлғалы, қою сақалды кісіні шырамытып, қол беріп амандасты. Еңгезердей адамының екі езуі екі құлағына жетіп, екеуінің кезек-кезек маңдайынан сүйді. «Аталарыңды таныдыңдар ма?» дегенде Рүстем тәлпіш танауын шұқылап қалды да, Саят басын изеді.

– Бәсе, – деді көрік кеудесі көтеріліп басылған қария. Мен былтыр осында екі ай жатып демалған Биматтың көкесімін ғой. Бимат есімі аталған соң Рүстем де томсыраймай үйіріле береді. Оның үстіне, аталары денесінің ірілігіне қарамай, даусы жұмсақ, тілі майда екен. Әкелген базарлығы да екеуіне қатты ұнады. Кеудесінде суреті бар жеңі қысқа кеудеше мен қауынішекті құшаққа қысқан тетелестер аталарының екі жағын ала отырды. Балалар іштартқан бауырмалдығына аталары көкірегі күмбірлеп, жаны жайлау төріне айналған. Бағана Саят келгеннен алдынан шығып, бір елі қалмай шоқиып отырған итке назары енді ауып «Мына иттерің сұмдық екен. Тіпті қасқыр соғардан кем емес. Әлгінде осы диванға отырғанша шаңқылдап, үрейімді алған жоқ па» деді. Саяттың көзі жайнап, бұған сақ-сақ күлді.

– Ата, бұл менің итім – Қуыршақ. Үйге ешкімді жолатпайды, дүкенге бірге ілесіп барады. Таңертең мені оятады. Екеуміз далаға бірге жүгіреміз. Тіпті ән де айтады, – деп иесі итінің бар жақсылығын жіпке тізіп, мақтауын асырды.

Саяттың Қуыршақты әбден мақтағаны Рүстемнің намысына шоқ түсірді.

– Сол шәуілдекті қойшы, өзі кір-қожалақ, кісі келсе үріп, жұрттың мазасын кетіреді. Одан да біздің Месхиді айтсаңшы, – деді ол жұмсақ орындыққа ұзыннан түсіп, көзін жұмып жатқан мысығын мойнынан көтеріп. – Үстінде қылау жоқ. Ылғи тап-таза жүреді. Керек десең, суды краннан ішіп, есікті сырттан баспен ұрып ашып кіреді. Міне, менің Месхиім қандай?

– Әй, сол Месхиді қойшы, – деді Саят. – Оған қолын сілтеп, тамақ ішіп, табақ босатқаннан өзге қолынан не келді? Қашан көрсең ұйықтап жатқаны. Оның жанында Қуыршақтың өнері де, ақылы да артық. Ата, сіздіңше ит пен мысықтың қайысы артық, – деді інісінен гөрі естияр Саят. Екі бауырда алаламай, көңілдерін қалдырғысы келмеген аталары «Әрқайсының өз орыны бар. Адамға ит те, мысық та керек» деп оңай құтылды.

Ылғида осылай: екеуі иті мен мысығын жер көкке сыйғызбай мақтайды. Жан-жануар десе ішкен асын жерге қоятын әдеттері. Әсіресе Саяттың жаны тым нәзік. Әнеугүні хайуанаттар бағын аралап қайтқан соң, ондағы аңдарды тамашалаудың орнына олардың мүшкіл хәлін көріп, ауырып та қалған осы Саят. Сонда ғой, үй-іші төсек тартып жатқан баланың үстіне түсіп, дертін біле алмай дал болды. Ақыры дәрігер бар сырды ашып, Саяттың көңілі сергуі үшін ит сатып алып беріңдер деп кеңес берген.

Ләзиза оларды дастарқанға шақырды. Буы бұрқыраған палаудың дәмді иісі асхананы алып кеткен. Дастарқан үстінде де өзге әңгіме қалмағандай, Месхи мен Қуыршақ сөзге біраз арқау болып, көңіл сергітуге септігін тигізді.

– Қайнаға, қаракөл елтірілеріңіз жақсы болды. Көптен бері армандап жүр едім. Бұйырса, тон тіккізіп бір жырғамасам, – деді Ләзиза оған ризалығын білдіріп.

– Игілігіңе кие ғой, айналайын келін, – деді қайнағасы қарапайым мәрттікпен.

Арада бір ай өткен. Саяттар үшінші тоқсанды аяқтап, көктемгі демалысқа шыққан. Әкелері Әбеннің де еңбек демалысы осыған тұстас келіп, екі ұлын «бәйшешек теріп, уыз ішіп қайтсын» деген ниетпен ағасы Адырбектің ауылына алып барған.

Қалың кілемдей түрленген ой-қыр бұрын көктемді көрмеген Саятқа ертегіден кем әсер еткен жоқ. Гүл ашқан өрік, шие, жапырақ жайған алма бағы жұпар шашып, көз жауын алады. Қырмызыдай жасыл пүлішке оранған. Бетегелі бөктерден бәйшешек пен гүлдерді құшақ толғанша теріп, қойдың уызына қарық болды. Биматта ағаларының арқасында рақатқа батып жүр. Қалада мұның бірі де жоқ. Ағаш енді ғана бүршік жарып келеді. Ал Биматтың ауылында бәрі жайнап тұр.

Қозықұйрық үшін ой мен қырды әбден кезіп, алқынып терлеген тумалар түлкі тұмсық қолтықтың тар иініндегі беделіктің соңғы орамындағы көрпеге ұқсас көк шалғынға аунай-аунай кеткен. Аяқ-қолдары жан-жаққа бақадай созылып, шалқадан түскен немерелерді уыз табиғат бойларын балбыратып, рақат күйге жетелеген. Бір мезетте серейген аяқтарын тартып, етпетінен аударылған Бимат бірдеңе айтуға ыңғайланғандай әңгелек басын қылқитып алды:

– Мынау тиіп тұрған Ақсу Жабағылыда аңның неше түрі бар. Бірақ олар сендердегі хайуанаттар бағындағы көңіл көтеру адамының ермегі үшін қамалып, торда тұрмайды. Емін-еркін жүреді. Саят жұлып алғандай:

– Көкеңе айтшы, бізді сонда апарсын, – деді.

– Жоқ, қазір науқан, қауырт кезең. Жазда келсеңдер бір жөні болар, – деп жасына жараспайтын естиярлық көрсетті Бимат.

Мұнда келгелі бері Саятқа бәрінен де бұп-бұйра көздері мөлтілдегін қаракөл қозылары ұнап жүр. Суыры ма, көгелді ме, шымқай қарасы ма бәрі бар. Керек десе, оларды хайуанаттар бағынан да көрген жоқ. Екі бауыр ертелі-кеш оларды айналдырудан жалықпайды. Көк шөп жұлып әкеліп, қозының ауызына тықпалайды, сәбише көтеріп, қолдарынан тастағысы келмейді.

Бұларын Бимат байқаса «жас төлге көк-шөп беру әлі ерте, ішін қуады, ұйпалақтап қолда ұстай бермеңдер, қозы жүнжіп өспей қалады» деп ескерту жасап жүргені. Бірақ оны құлаққа ілетін Саят пен Рүстем жоқ. Биматтың көзі тая бере бұп-бұйра нәзік қошақандарға ұмтылады.

Осылай естен кетпес бес күн артта қалған, есік алдында асық ойнап жүрген оларға Сәндігүл апалары табалдырықта тұрып, айқайлап «Биматжан, әкеңе бар. Қойманың кілтін тастамай кетіпті. Кешке ас қамдайын» деген соң қызық ойындары үзілген үшеуі жұптары жазылмай соған шапқылады.

Биік қорғанмен қоршалған қаракөл елтірісін дайындайтын қораны айналып өтіп, темір қақпадан өткен олар жұмыс істеп жатқан адамдарға қарай елпілдеп келеді. Ашық алаңқайда түр-түріне қарай іріктеліп, жайылған елтіріде есеп жоқ. Ат шаптырым аймақта тұтасқан елтіріден қара жер көрінбейді. Қыз-келіншектер соны аударыстырып, тұз сеуіп, өзге ешнәрсеге мән берер емес.

Осынша көп елтіріге таңғалып келе жатқан Саят пен Рүстем балапан ілестірген үйректей сәл озыңқы Биматтың артынан еріп, еңселі сарай ішіне бөгелмей өте берді. Кіре берісте қарбалас адамдар ерсілі-қарсылы сапырылысып, арналы өзендей сеңдей соғылысады.

Емпеңдеген Рүстем абайламай мұрттай ұшты. Теп-тегіс жерге «ыңқ» ете түссе де «көзің жоқ па» деген зекуді қаперіне ілмей, алдындағылардан қалмауға тырысып, шоқаңдай басып қайта зытты. Жаңа аралға тап болғандай екеуіне айналадағының бәрі таң. Бимат болса керісінше, ештеңеге көңіл аудармай, басы қақшиып кетіп барады. Елтіріні машинамен тегістеп, тазартқанды, сүргілеп сорттағанды, көмірмен белгі соққанды бірінші рет жас көздер айқын аңғарып келеді. Алайда аспанға ұшыратын шардай бастарын қосақтап, төбеге қаздай тізіп қойған, іші желге толы мың сан әлдебір кеуек затты олар қанша шұқшиғанмен тігісін ажырата алмады.

Оны қолымен нұсқап, ымдаған Саятқа көшбасы Бимат «бұл қозының мәйегі, дәрі үшін оны да өткіземіз» деді жұрттан естігенін айтып. Кең қораға сүңгіп, ілгерілеген сайын Саяттың тұла бойы тоңазытқышқа енгендей мұздай берді. Қаптаған темір ілмектерде мойындары салбырап, ілінген көлемі мысықтай өлі қозылардан денесі тітіркенді. Көз алды қарауытып, қағысы жиілеген жүрегі лоқсыды. Аш өзегінде кілкіген запыраннан тынысы тарылды ма, дәйім қан теуіп албырап тұратын шырайлы жүзі тозған шүберектей оңып, сұрланып кеткен.

«Неткен қатыгездік» – іштегі аттандаған жан дауысы айқайын салып-ақ келеді. Бірақ кебірсіген тамақтан ол дауыс өз құлағына жетсе де өзгеге естілмей жатыр. Төбеге тиіп кетердей болып, салақтаған төлдерді ірегендер терісін бір жаққа, қояндай қалжасын бір жаққа тас бұршақтай лақтырып жатыр. Терісі сыпырылған көкбақа жасықтарды әлдебір әйелдер бөлек жинап жатыр.

Аталары қораның ең төргі бұрышында екен. Жанындағы бес-алты кісінің бірінің қолында қанжардай пышақ жалаң қағады. Торда улап-шулаған көп қозыны әлгі қасаптарға зыр қағып жеткізген заматта қанды шеңгелдегі пышақтар найзағай отындай бір жарқ етіп, қылша мойынды баудай түсіріп жатыр. Бар ынтасы қозы союға ауған қасапшылардың, ешқайсысы назар аудармаған соң, Бимат «көке» деді. Сонда ғана алпамсадай дене үйелеген нардай ақырын түзелді де, қанға шыланған пышақ кіндік тұсына байланған қара алжапқышты айғыздап өтті. Белі ойыңқырап қалған аталары солыңқы көкесін қозғады да, әдеттегі қалпындай қабағы жадырап, «Ау, балақайлар, келіп қалыпсыңдар ғой» деді. Ауыздарына құм толтырып алғандай Саят та, Рүстем де жақ ашқан жоқ. Өңкиіп тұрған аталары жалғыз көзді дәуден кем көрінбей, бауыздалып жатқан әнеубір қозылардай буындары қалтырады. Тамағына тас тығылып қалғандай, дыбысы шықпай кері шегініп, тордағы ұлардай шулаған көп қозыға қарай жылыстап барғанын өздері де аңғармай қалды. Қора түкпірінде даңғаза айналдырып, ақырғы дем алдында азан шақырғандай әр тұстан жалынышты маңырап, үздіккен үндер өн-бойыңды шымырлатады.

Сұлық құлаған қап-қара қозының сілекейі шұбырып, оқат-текте «мә» деуге әрең әлі келді де бір уақытта құмыққан дауысы бір жола өшіп тынды. Мезгілінен бұрын ерте үзілген ол Қарагүл болып көрінді. «Қандай бақтысыз едік Қарагүл» деп күбірлеуге Саяттың әрең дәрмені жетті. Жасқа шыланып жабылмай қалған қозының жанарынан «Обалым – сендерге» дегенді көргендей болды да, аяқ асты дөңгеленіп жүре берді. Одан арғы жағын білмейді. Көзін ашса, үсті-басы терге шыланып қалыпты. Кешке салым Саяттың ыстығы қайта көтерілді. Көзі кіртиіп, екі беті алаулап жатыр.

– Жалғыз жүрсең, сәнің келмей ме? Неге оларды ертіп бардың? Түк көрмеген қаланың балалары емес пе?

– Қайдан білейін бұлай боларын?

Алдыңғысы Сәндігүл жеңгесінің, соңғысы Биматтың сөзі екенін естіп жатыр. Көзінің алдына күндізгі көрініс қайта оралды. Дүниенің бәрін қызыл ет алып кеткен. Кенет бөлмеге кірген мамасы енді қолын созып еді. Үстіндегі қаракөл тоны тірі қозыларға айналып, ұлардай шулады. «Жауыздар, қоя беріңдер, Қарагүлді» деген түн ішіндегі қатты дауыстан Сәндігүл атып тұрып, Саятқа дем салды да «Бісміллә, бісміллә» деп тершіген маңдайын орамалмен сүртті. Балапандай тыпырлап соққан жүрек кеудесінен ұшып кетердей қос жұдырығын сығымдай ұстаған Саяттың боталаған жанарынан қос тамшы үзіліп түсіп, денесі қимылсыз қалды.    

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here