Қазақ «Дінің тұрсын дін аман» дейді. Бұл мақалдың мәні тереңде жатыр. Дәстүрлі діни танымымыздан ажырамаудың маңызы аса зор.

Бүгінгі күні дәстүріміз бен дінімізді тең ұстап жүрміз бе? Қазақтың ұлттық бояу-болмысын анықтайтын дін мен дәстүрді бөліп-жаруға болмасына саналы оқырманның көзі жеткен.

Алашорда зиялыларының «Қазақ мұратына жетем десе әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып алу қажет…» деген сөздің астарында дәстүрге деген құрметті аңғарамыз.

Адам баласы жаратылғалы бері өзін белгілі бір наным-сенім жүйесімен байланыстыруда. Ғылыми тілде мұны діни бірегейлік дейді, белгілі бір адамның белгілі бір нанымға қатыстылығын және сол діннің негізінде қалыптасу кезеңінен өткенін айқындайтын ұғым бұл.

Сіз білесіз бе?

Дәл осы тұрғыдан қарастырғанда, Алаш баласы сан ғасырлар бойы өзін дін исламмен дәнекерлейді және ислам исі қазақтың дәстүрлі діни танымы болып қабылданады.

Айтар ойымыз да осыған негізделгелі тұр. Діни таным емес, дәстүрлі діни таным. Бұл не? Оны қалай түсіндіреміз? Оның мұраты неде?

Дәстүрлі діни таным дегеніміз тұтас бір халықтың дүниетанымымен, дәстүр-салтымен, мәдени дүниесімен дәнекерлескен рухани құндылықтар қоры.

2011 жылы біздің ел қазақ өркениетіндегі дін исламның орнын нақты айшықтап, «ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына ендірді. Онда: «ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың ел мәдениетінің өркендеуі мен рухани өміріндегі тарихи рөлі» баса көрсетілген.  

Ханафи бағытындағы исламның қазақ тарихында алар өзіндік орны бар. Дәстүр мен дін қазақ ұлтын бір жұдырыққа жұмылдырған, ынтымағын сақтаған іргетас бола білді.

 Мұсылмандық, оның ішінде қазақ мұсылмандығының өзіндік мәдени-тарихи соқпағы бар екенін талай тарихи деректерден ұшыратуға болады.

«Исламдану үрдісі Қазақстанда сонау 8 ғасырларда бастау алып, 10-12 ғасырларда толық үстемдік құрды. Біз Қазақ хандығы толық мұсылман елі ретінде дамығанын батыл айта аламыз. Дін ислам ХІХ-ХХ ғасырлардың бас кезіне дейін өзінің негізгі дін ретінде ықпалын сақтады. Алайда бұдан кейін отарлау мен азапқа толы қуғын-сүргін кезеңі қазақ мұсылмандығының формаларына белгілі бір өзгеріс енгізді», – дейді тарихшылар.

Ежелден осы жолдамыз, демек. Қазақ мұсылмандық жолдан ықылым заманнан бері тайған жоқ.

Еліміздегі мұсылман қауымы фикхта Хәнафи мазһабын, ақидада имам Мәтуриди жолын ұстанады. Міне, бұлар дәстүрлі діни танымымыздың діңгегі.

Мазһабтың мағынасы арабшадан аударғанда «жол, барар жер» дегенді білдіреді.

Жалпы, ислам түсінігінде мазһаб дегеніміз – белгілі бір ілім, бағдар, құқықтық-заңдық мектеп, дүниетанымдық жүйені білдіретін ауқымды ұғым.

«Ақида» сөзі арабтың тілінде «бір нәрсенің бөлек-бөлек ұштарын бір араға топтау», «жинау» деген мағынаны береді.

Тереңірек тарқатар болсақ, діндегі негізгі қағидаларды топтастырған сенім негізі, иман жүйесі деген сөз.

Ханафи мазһабының ерекшелігі неде?

Дінге бет бұрып, діни сауатын ашқысы келетін қауымның тарапынан жиі қойылатын сауалдың бірі: Ханафи мазһабының ерекшелігі неде?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын алдымен еліміздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және де талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызының дін мен дәстүрге қатысты мына бір пікіріне орын берелік.

«Қазақтың дәстүрі, діні, болмысы ғасырлар бойына өзара қойын-қолтықтасып, ажырамас бірегей құндылыққа айнала білді. Дәстүрлі құндылықтарды  сақтау – қазақты сақтау, ұлттық мінезді тірілту. Қазақ өзінің түп-тамырына оралса, ұлттық мінезін тапса, ешқашан, ешбір кезде шаужайдан алатын астыртын дін ағымдарға бой алдырмайды. Өйткені қазақ табиғатында толерантты халық, оның дүниетанымында шетін көзқарасқа деген бейімділік жоқ», – дейді дінтанушы.

Иә, рас Орта Азияға ислам діні енгеннен кейін түркі жұрттарының шариғат шарттарына қайшы келетін сенімдері, ғұрыптары жойылды. Ал дінмен дәнекерлесе білген, өзара үйлесім тапқан дәстүрлерді бабаларымыз сақтап қалды. 

Мінеки, Ханафи мазһабы қазақ мұсылмандығының ерекшелігін қабылдаған, дәстүр-салты, әдет-ғұрпымен үндесе білген ағым. Ханафилік мазһабы қазақтың ғасырлар бойы ұлттық тамырының сабақтастығын үзген жоқ.

Алайда…

Иә, дәл бүгінгі күні дін мен дәстүрдің құндылықтарын қайта жаңғырту қажет-ақ. Қазақтың бойында жүздеген жылдар бойы бұғып жатқан рухани потенциал бар.

Қазақтың дәстүрмен сабақтасқан рухани әрі моральді ұстындарын (обал, сауап, ұят, ар және т.б) күнделікті өмірде басшылыққа алып, жасыл желек жастарға дәріптеудің жаңа жолын іздестіру қажет.

Неге? Ел ішін ала тайдай бүлдіруге ұмтылып отырған озбыр діни ұйымдар  қашанда жақтастарын көбейтуді көздейді. Сондықтан да ұлттық тұтастықтың іргесін сөгілтуді көксеп жүрген мұндай ұйымдарға дін мен дәстүрді ұлықтау арқылы ғана тұра аламыз.

Елбасының «Қазақстан-2050» Жолдауында былай дегені бар еді:

 «Діни талғам мен таңдауға аса үлкен жауапкершілікпен қараған жөн, себебі адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты».

Дәл солай. Дін адамның бүкіл өміріне бағдар болатын әлеуетке ие. Айталық, адасқандар қайдан шығады?

Олар неге мәдениетінен, тұрмыс-салтынан, ата-анасынан, тарихынан, өткенінен теріс айналып, бір-ақ күнде бұзылады? Бұл теріс діни ағымдардың ықпалы қаншалықты күшті әрі қауіпті екенін тағы бір айғақтайды.

Қазақ болып өмір сүрсек…

Турасын айтуымыз керек, қазақтың дәстүрлі діни сана-сезімі тәңіршілдікпен де, сәләфилікпен де, өзге де протестанттық ұйымдармен не болмаса «ата жолы» секілді культтермен байланысты емес.

Қазақтың дәстүрлі діни сана-сезімі Ханафи мазһабы және матуридилік ақидаға негізделген дәстүрлі исламмен астасып жатыр.

Дәл бүгін танымал ғалым Амангелді Айталы айтқандай, «Өзге тілге ауысқан, өзге дінге өткен, түрлі партияға, жүзге, руға бөлінген, алайда тегі бір, қаны бір қазақтың басын, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, мұсылман діні негізінде біріктіру қажеттілігі туындап отыр. Қазақтың бірлігі – біздің мақсатымыз».

Қазақтың ұлт ретінде қалыптасуына бірден-бір ықпал еткен дін – ислам. Ислам қазақтың сайын даласындағы рухани мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашты. 

Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Йүгінеки, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев секілді ғұламалар осы пікірімізге дәлел.

Қазақтың ұлт ретінде сақталуы әрі рухани жаңғыруы, келешек ұрпақ тәрбиесінің түзелуі және басқа да қоғами факторлар – дін мен дәстүрді тең ұстаған жағдайда ғана жүзеге аспақ.

Жаһандануға қарсы тұрар күш – дін мен дәстүр. Ұлттық ерекшелікті сақтайтын да осы екеуі.

Ғалым Ғарифолла Есімнің бір сөзі ойға оралып отыр:  Ең басты нәрсе – қазақтану, толық қазақ болуымыз керек. Қазақ болып өмір сүрсек, қазақ болып дүниені қабылдасақ, біз бостандықты жоғалтпаймыз. Ал егер де қазақтықтан қашатын болсақ, егемендік мәселесі қиын болады».

Елнұр Әскенұлы,

дінтанушы Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімінің инспекторы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here