Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан2050» атты Жолдауында жат, жалған діни ағымдардың мәселесіне назар аударған.

«Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр.

Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды. Өйткені біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» деген еді Тұңғыш президент.

Ал мұның себебі неде?

Жастарды жат ағымдардың жетегіне еруден қалай «сақтап» қаламыз? Жалған діни ағымдардың алдындағы иммунитетімізді қалай күшейтеміз?

Халқының саны 18 млн-нан аз ғана асатын Қазақстан үшін жастар қауымының діни көзқарасы дұрыс арнада қалыптасқаны, радикалды діни идеялардан бойын аулақ ұстағаны маңызды.

Теріс діни ағымдардың насихаты, уағыз-жарнамасы әзір әлеуметтік желіге, ғаламторға көшкен. Ал интернетте шекара жоқ. Оны шектеу де мүмкін емес.

Интернетте дін туралы өтірік-шыны аралас ақпарат өріп жүр. Оның дұрысы қайсы, бұрысы қайсы екенін өскелең ұрпақ аңдап, анықтап жатпайтыны жасырын емес. Сан түрлі мағлұмат өзіндік көзқарасы әлі де болса қалыптасып үлгермеген жастың сана-сезімін шырмап тастауы мүмкін.

Бүгінгі теріс ағымдар қоғамды іштен ірітудің сан түрлі жолдарын меңгерген, олардың айла-шарғысы құрық бойламайды және бұл бағыттағы насихатын күн-түн демей әлеуметтік желіге, ғаламторға жүктейтін топтар бар.

Әдетте мұндаймен айналысатын адамның шешендік қабілеті мықты, көшбасшылық дарыны да компьютер мен ұялы телефонның аржағында отырған жасты баурап алуы мүмкін. Өйткені олар адамның сана-сезіміне тікелей әсер ететін психологиялық айла-амалдарды жетік меңгерген.

Ал бұған тұтастай тосқауыл қоюда әзірге қауқарсыздық танытып отырмыз. Әлеуметтік желілердегі әртүрлі аудио-видео жазбалар, жазбаша қағазға түсіп, кейіннен ғаламторда жарияланатын үгіт-насихат материалдары ешқайда кетпейді. Сол арада сақталып қалады. Олардың дұрыс-бұрысын анықтау үшін барынша мұқияттылық қажет.

Алайда бұл айтуға ғана оңай. 90-жылдардың соңында елімізге дендеп енген деструктивті діни ағымдардың әрекеті талай жастың обалына қалды. Олардың бойындағы Отанға, елге, дәстүр-салтқа деген құрметтің отын өшіріп, туғанынан жиренетін діни фанатқа айналдырды. Дәстүрлі діни танымының тамырын үзді. Патриотизмді дінге жат деп пәтуа шығарды.

Мемлекет оларға кеткен есені қайтарды. Соңғы жылдары мұндай ұйымдардың тынысы тарылып, Қазақстанды тастай қашуда. Алайда сақтансаң сақтайды емес пе? 

Ел ішін ала тайдай бүлдіруді армандайтын мұндай арандатушыларға келесідей шараларды қолға алғанда ғана қарсы тұра аламыз. 

Бұл – бір
Отбасылық өмірде бала тәрбиесіне немқұрайды қараудың салдары зор болады. Ата-аналар бала тәрбиесіне қатысты өз ұстанымын өзгертсе, оның талғамы мен қызығушылықтарына атүсті қарамай, тура жолға түсіруге тырысса, баланың бойында ертеңгі күні алыпқашпа ақпаратқа қарсы тұратын иммунитет қалыптасады.

Балаға жөнсіз ұрып, жекірудің де жөні жоқ. Керісінше, қазіргі ұрпаққа қамқорлық пен мейірбандылық қажет. Бұдан қағылған бала өзіне деген ықылас пен жақсы қарым-қатынасты өзге ортадан іздеуге ұмтылатынын ұмытпағайсыз.


Бұл – екі

Оқушылардың діни сауатын ашу, олардың бойында өзге дін өкілдеріне деген толеранттылықты қалыптастыру әншейін сөз емес. Бұл мақсатта мектептегі «Зайырлылық және дінтану» негіздері пәнінің алар орны зор.

Оқушының діни сауатын ашу ертеңгі күні үлкен өмірге аяқ басқанда алдынан шығу мүмкін деструктивті ағымдарға қарсы тұрудың бірден-бір жолы.

Бұдан бөлек, ЖОО-ларда студенттердің діни сауатын ашып, арттыруда Дінтану ғылымы оқуға міндетті пәннің бірі ретінде енгізу қажеттігін бүгінгі өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Бұл – үш

Өскелең ұрпақты дәстүрлі дініміздің ұстанымдары және қағидаларымен таныс еткен қазақтың салт-дәстүрін шетке шығармау қажет. Бүгінгі буын, бүгінгі ұрпақ дәстүрге де, дінге де бірдей сусындап, сауатын ашуы тиіс.

Ал бұл үшін дін мен дәстүрді сабақтастыратын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жолға қойған маңызды.
Жасырып жабары жоқ, жат діни ағымдардың жетегінде кеткен жастардың көпшілігі дәстүрімізден мақұрым, дәстүрлі дініміздің қағидаларынан хабарсыз. Себебі уақытында оқымаған, жалғыз ұстаздар мен уағызшылардың сөзіне сеніп, ақыр соңы ұлттың дүниетанымына қайшы келетін әрекетке барған, барып та жатыр…

Бұл – төрт

Жастардың діни сауатын ашуда қазіргі технологиялық жетістіктерді пайдалану қажет. Мемлекеттік деңгейдегі арнайы тапсырыстар негізінде балаң буынның арасында ұлтқа, тілге, ділге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді қалыптастыратын видеороликтер, көркем және деректі фильмдер, анимациялық фильмдер, телешоуларды көптеп шығарып, жеткіншек ұрпақтың назарына ұсыну қажет. Дәл осы тақырыпты таразылаған дөңгелек үстелдер мен театрдағы сахналық қойылымдарға жастарды көбірек атсалыстырсақ, бұл іс өз жемісін берері анық.


Ұзын сөздің қысқасы, дін мен дәстүрді бөліп-жаруға болмайды. Ұлтының салт-дәстүріне сусындамаған ұрпақ жат діни ағымдардың қақпанына түссе, олардың қауіпті күш жоқ. Ал мұның арты діни алауыздыққа алып келуі әбден мүмкін. Діни алауыздық өз кезегінде ұлттық алауыздыққа ұласып жатса, қолымызды кеш сермегеніміз үшін «әттең» деп тырнақ тістеуіміз мүмкін. 

Жастарға тәуелсіздік қадір-қасиетін ұғындыратын, санасына сіңіретін заманауи жол көрсету қажет. Оларды теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтау қалу бірінші кезекті мемлекеттік мүдде. Патриоттық сана-сезімді шыңдау бір күннің жұмысы емес, әрдайым, әркезде жүргізілетін мәңгілік миссия.

Аружан Атымтайқызы,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының орынбасары

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here