Түлектерге бөлінген 3 мың грант алғашқы кездегідей емес, игерілмей отыр. Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығы басшысының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов айтты.
«Аталған гранттар Үкіметтің арнайы қаулысы шыға сала тағы бір конкурс өткізу негізінде үлестірілмек. Бұл қаулы тамыз айының аяғына дейін шығады деп сеніп отырмыз. Демек, біз бұл гранттарды осы айдың аяғына дейін ойнатамыз. Алайда бұл үшін қайтадан өтініш тапсырудың қажеті жоқ. Өйткені биылғы барша үміткердің деректері біздің жүйеде тіркелген. 3 грант осының алдында грантқа іліге алмаған талапкерлердің арасында үлестіріледі», – деді Дидар Смағұлов.
Оның атап өткеніндей, мамандық тізімі бұған қатысты Үкімет қаулысы шыққан соң республикалық комиссия арқылы анықталады.
«Шамалап айтсам, бір аптаның айналасында грант иегерлерінің тізімін БАҚ бетінде жариялауымыз керек. Бұл істі оқу жылы басталғанға дейін аяқтауға тырысамыз. Тағы бір жақсы жаңалық, тізімдегі түлектер ақылы негізге оқуға түсіп қойған болса, енді грант негізінде оқуға ауысуға мүмкіндігі пайда болады», – деді ол.