Бүгінде еліміздегі медициналық емдеу мекемелерінің жұмысын жетілдіру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Медицина саласы заман талабына сай жаңарып, жаңғырып отыруы шарт. Бұл ретте озық елдердің іс-тәжірибесін басшылыққа алып, алға нық қадам баса берудің маңызы зор. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі медициналық ұйымдардың еңбегіне жыл сайын рейтингі түзіп, олардың жұмысын бағалайтын дәстүр қалыптасқан. Тәуелсіз сарапшылар күні кеше ғана еліміз бойынша жинақталған мәліметтерді қорытып, медициналық ұйымдарға қатысты рейтингісін жария етті.

Мамандардың айтуынша, рейтинг түзу барысында еліміздегі медициналық ғылыми орталықтар мен институттардың және медициналық ұйымдардың жұмысы сын тезіне салынғанын жеткізді.

Осы ретте медициналық ұйымдардың жұмысын бағалауда қандай көрсеткіштер басшылыққа алынатыны жайында аз-кем тоқталсақ. Бұл ретте сарапшылар медициналық қызметтің сапасы және ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашатын 50-ге жуық маңызды көрсеткіштер бойынша медициналық мекемелердің жұмысын бағалайтынын айта кетуіміз керек.

Олардың арасында САТ-пен емделген науқастардың өсу қарқыны, стационардағы өлім-жітім, аналардың өлімінің алдын алу, ақпараттық медициналық жүйелердің болуы, емделушілердің қанағаттану деңгейі сынды көрсеткіштер бар екенін атай кеткеніміз жөн болар.

2018 жылдағы жұмыс көрсеткішінің рейтингіне сәйкес, еліміздегі орталық аудандық ауруханалар арасындағы рейтингке сәйкес, менеджмент көрсеткіштері бойынша 163 ОАА-ның 8-і (5%), ал клиникалық көрсеткіштері бойынша – 13-і (8%) «бес жұлдызды» деп аталды. Екі санат бойынша төрт жұлдызды 77 аудандық мекеме алды (47%), ал қалған ұйымдар үшеуден біреуге дейінгі жұлдызға ие болған.

17 ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың арасында екі санат бойынша бес жұлдызды «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ ие болса, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ менеджмент бойынша 5 жұлдызға ие болған. Ал «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ клиникалық көрсеткіштер бойынша 5 жұлдызды қанжығасына байлаған.

38 перзентханалар мен перинаталдық орталықтар арасында клиникалық көрсеткіштер мен менеджмент көрсеткіштері бойынша Батыс Қазақстан облысының «Облыстық перинаталдық орталығы» және Жамбыл облысының «Қалалық перинаталдық орталығы» көшбасшы болды.

Екі санаттағы 224 стационардың ішінде үздік болып Алматы қаласының  «Орталық клиникалық аурухана» АҚ және «Көкшетау қалалық көпбейінді аурухана» атанды, сондай-ақ клиникалық көрсеткіштер бойынша көшбасшылардың қатарында 9 қалалық және 7 облыстық аурухана бар.

Саралау қорытындысы бойынша 75 диспансер арасында менеджмент санатында 5 ұйым және клиникалық көрсеткіштер бойынша тек 2 ұйым үздік ден танылғанын айта кетуіміз керек.  

2017 жылмен салыстырғанда медициналық ұйымдарды басқарудың тиімділігі біршама артқанын байқауға болады. Айталық мұның алдындағы есепті кезеңде менеджмент санаты бойынша жоғары көрсеткіштерге (4 және 5 жұлдыз) 538 бағаланушының  ішінде 74 медициналық ұйым (14%), ал жаңа рейтингте 2018 жылы осы деңгейдегі 724 ұйымның ішінде 277 медициналық ұйымға (38%) жетті.

Тәуелсіз сарапшылардың пайымдауынша, еліміздің медицина саласының мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізуіне мекемелердің ұлттық аккредиттеу рәсімінен өту, медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу және кадрлық ресурстарды нығайту және дамыту істері айтарлықтай ықпал еткенін алға тартты.  

Ал клиникалық көрсеткіштердің жақсаруын жоғары технологиялық медициналық қызметтердің дамуымен байланыстыруға болады. Айталық, стационарды алмастыратын медициналық көмектің сапасы мен көлемін жетілдіру бойынша 2017 жылмен салыстырғанда клиникалық көрсеткіштер бойынша оң серпіліс орын алғанын байқауға болады.

Биылдың өзінде қолға алынған жұмыстар еліміздегі медицина саласының дамып, халыққа қызмет көрсету сапасының жақсара түсуіне септігін тигізетіні сөзсіз. Рейтингке назар аударғанымызда Қазақстандағы медициналық қызметтің сапасы жыл өткен сайын дамып келе жатқанын бағамдауға болады.

Нұрлан ӘУБӘКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here