Денсаулық саласында кезек күттірмейтін мәселе көп. Аталған саланы ақсатпау үшін отандық медицинада туындайтын мәселелерде ешқашан ертеңге қалдыруға болмайды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде осы жайтқа баса мән берді.

Министр сөз еткен өзекті проблеманың бірі – кадр тапшылығы.

«Ел емханаларында әзіргі таңда 1200-ге жуық дәрігер жетіспей жатыр. Жыл сайын 1500 жалпы практика дәрігері оқуы аяқтап шығады екен. Алдағы уақытта осы мәселенің түйінін тарқататын боламыз», – деді Біртанов.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы елімізде денсаулық сақтау саласына құмбыл көңіл бөлініп жатқанын, аталған салаға бағытталған қаражат жылма жыл өсіп жатқанын тілге тиек етті.

«Осынау ауқымды қаражатты медицина саласының тиімділігін арттыруға, ішкі ресурстарды тұрақтатуға және де ең маңызды медицина мамандарының жалақысын өсіруге жұмсауымыз қажет», – деді Қасымжомарт Тоқаев.

Айта кетелік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы жылдың 1 маусымынан бастап елімізде төмен еңбекақы алатын медицина қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға жоғарылайтын болады.

Министр Біртанов бұдан бөлек дәрігерлер жүктемесін азайтуға, халықтың скринингпен қамтылуын деңгейін кеңейуге, медициналық қызмет көрсету шараларын цифрландыруға, алғашқы медициналық көмек пен жедел жәрдем жұмысын жетілдіруге, бұдан бөлек Нұр-Сұлтанда Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы құру туралы бастаманы жүзеге асыруға қатысты атқарылып жатқан істер жөнінде айтып өтті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы отандық денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруде жаһандық озық технологиялардың тиімді пайдалану қажеттігін баса айтып, осынау бағытта тиісті іс-шаралар жүргізуді тапсырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here