Газет қатталып жатқанда «Қала мен Дала» газетінің поштасына Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мамандары жаңа туған нәрестенің денесіндегі туа бітті ісікті сәтті сылып алып тастағаны жайында ақжолтай хабар жеткізді. Бұл қазақ медицинасы үшін күнделікті жаңалықтың бірі емес екенін түсіндік. Жаңа туған сәбиге қандай да бір ота жасау бұл білікті хирург мамандардың тәуекелі көп іске бас тіккенінің белгісі.

Біздер Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мамандарының мұндай күрделі отаны сәтті жасағанынан Қазақстан медицинасының жаңа кезеңге аяқ басып, дамудың қарқынды жолына түскенін анық аңғарғандай болдық.

Мамандардың айтуынша, сәбидің сегізкөз-құйымшағындағы үлкен ісік жатыр ішінде 19 апталық кезде анықталған. Нәресте өмірге келген бетте перзентханадан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізіліп, мамандардың қадағалауына алынған.

Жаңа туған нәрестеге хирургиялық ота сәбидің дүниеге келген соң 3-інші күні жасалғанын ескерсек, хирург мамандардың қандай жауапкершілікті мойындарына алғанын байқауға болады. Күрделі ота  3 сағатқа жалғасып, сәтті аяқталды. Отаны Педиатрия орталығының білікті дәрігері, хирург-неонатолог Литош Владимирдің жетекшілігімен өзі ісінің білгір мамандарынан құралған топ жасағанын ризашылықпен атап айтуға болады.  

Кішкентай пациент отадан кейінгі үшінші күні реанимация бөлімінен неонатология бөліміне, анасының жанына ауыстырылды. Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы тұрақты, анасымен бірге палатада.

Әдетте, медицина саласына қыруар ақша бөлінсе, бар мәселе өздігінен шешіледі деп ойлайтынымыз жасырын емес. Біздіңше, бұл қате пайым. Медицина мамандарының біліктілігі бұл жанкешті еңбекпен келген дүние екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Біздің бұл сөзімізге Алматы қаласындағы Педиатрия орталығында жасалған ота айқын мысал бола алады.

«ҚмД» ақпарат

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here