Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі елорда тұрғындарының бизнес жобаларын қолдап, оларға гранттар ұсынып келеді. Осылайша, жыл өткен сайын қалада шағын және орта бизнеспен айналысушылардың саны өсуде. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласындағы шағын кәсіпкерлердің өсіп-өркендеуіне «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында ұсынылған гранттар айрықша ықпал еткенін айтуға тиіспіз. Осыдан біршама уақыт бұрын елорда әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын 2025 жылға дейін созып, кәсіпкерлікпен айналысуға ықыласы ауғандарға қолдау көрсеткенін айтқан еді.
Бірнеше жылдан бері елордадағы шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қосып келе жатқан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына 2020 жылы 255 млн теңге бөлініп, 56 кәсіпкер грантқа ие болған еді. Жеңілдетілген несиеге ие болғандардың қатарын 14-і жастар, 22-і халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері құраған болатын. Ал 2021 жылы аталмыш бағдарлама бойынша бөлінген қаржының көлемі 345 млн теңгеге ұлғайып, елорда бойынша 68 кәсіпкер мемлекеттік грантқа ие болып, бизнесін өркендетуге мүмкіндік алды. Биыл грант алушылардың қатарында 22 жас болса, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері 23-ке жеткен. Кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несиенің сыйақы мөлшерлемесі де аз. ҚР Ұлттық банктың белгілеуінше, жылдық сыйақы мөлшері 6 пайызды құрайды. Екі жылға берілетін жеңілдетілген несиенің мөлшері 5 млн теңге.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы елорда тұрғындарының қызығушылығын оятқан маңызды жоба. Өйткені кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойған елорда тұрғындары осы бағдарламаға қатысып, әкімдіктің грантына қол жеткізіп, кәсібін бастап, көптеген азаматтарға үлгі көрсетіп келеді.
Атап айтсақ, солардың бірі – Темірлан Орманқұлов. Ол балаларға арнап музыка мектебін ашуды көптен бері армандап жүрген еді. Темірланның ойындағы арман-мақсатын жүзеге асыруға қаржының тапшылығы қолбайлау болғаны белгілі. Бірақ ол балаларды өнерге баулитын орталықты ашу мақсатынан ешқашан айныған жоқ.
Ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жүзеге асырып жатқан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы жайында білгеннен кейін, үмітін үкілеп, аталмыш бағдарламаға құжат тапсырады. Арада біршама уақыт өткен соң, тиісті орындар оның бизнес идеясын қолдап, грант бөлуге шешім қабылдағанын хабарлайды. Осылайша, Темірлан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқасында көптен бері көкейінде жүрген арман-мақсатын іске асыруға мүмкіндік алды.
– Маған 5 миллион теңгенің грантын ұтып алғанымды айтқанда қатты таңғалдым. Банктерден бизнес-иеяларға несие алу қиын екені белгілі. Өйткені көптеген жастардың кепілге қоятын мүлкі жоқ. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының грантын жеңіп алғанымды естігенде керемет сезімді бастан кештім. Өзімнің жалғыз емес екенімді сезіндім. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы өзім секілді жастар үшін өз бизнесін алға жылжытудың басты мүмкіндігі екенін түсіндім, – дейді Темірлан Орманқұлов.
Қазіргі таңда Темірлан Орманқұлов өзі армандаған ісімен айналысып, балаларды өнерге бауылып жүр. Иә, айтса айтқандай, елорда әкімдігі жүзеге асырған «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы қаладағы шағын кәсіпкерліктің тынысын ашып, ел экономикасын өркендетуге септігін тигізіп отыр.
Осы ретте «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы елордада іскер әйелдердің шоғырын қалыптастыруға да ықпал еткенін айта кетуіміз керек. Біздің бұл сөзімізге Динара Сүйінәлиеваның жағдайы айқын дәлел бола алады. Динара да өзге әріптестері секілді өзінің бизнес-идеясын ой-санасында жетілдірген. Ол жасөспірімдерге спорттық киім тігетін шеберхана ашуды армандапты. Өйткені қазіргі таңда кез келген жас ерекше киім үлгісін кигенді қалайтыны белгілі. Ал олар өз талғамдарына сай киімді базар мен киім дүкендерінен таба алмайтыны анық. Мұндай талғампаз жастардың сұранысын киім тігетін шеберханалар ғана қанағаттандыратыны анық.
Динара Сүйінәлиева өзінің ойға алған ісі табысқа бастайтынына толықтай көзі жеткеннен кейін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша грант байқауына қатысуға шешім қабылдайды. Осылайша, іскер әйел өз ойын жүзеге асыруға белді бекем буады. Құжат тапсырғаннан кейін арада біраз уақыт өткеннен кейін Динараның бизнес-идеясын комиссия мүшелері қолдап, дауыс береді.
– Бізде спорттық киімге өрнек салып, жеке адамдардың талғамына сай тігу жағы жетіспейтінін көптен бері байқап жүр едім. Осы ойымды жүзеге асыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы қатысып, бағымды сынадым. Сәтін салып, 5 млн теңгенің грантын ұтып алғанымда қуанышым қойныма сыймады. Қазір жасөспірімдерге арналған спорттық киімдер тігудеміз. Жастар көзге түскенді, ерекше болғанды қалайды. Сондықтан «Бизнестің жол картасы – 2025» шеңберінде маған бөлінген 5 миллион теңге грантына матаға басып шығаратын және екі тігін машинасын сатып алдым. Қазір жұмысымыз қарқынды жүріп жатыр. Алдағы уақытта екі тігінші алуды көздеп жүрмін. Білікті маман іздеп, Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш тастап қойдым. Қаламызда шағын кәсіпкерлікті жүзеге асыруға, бизнесті жалғастыруға осындай мүмкіндік болғанына қуаныштымын. Себебі сол кездегі жабдықпен, ісімді бұлайша жоғары деңгейге көтере алмас едім, – дейді Динара Сүйінәлиева.
Міне, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы елордада жүздеген адамның тағдырын 180 градусқа өзгетіп, үлкен табысқа кенелтуде. Бағдарлама аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жергілікті кәсіпкерлерді гранттармен және инфрақұрылымдық көмекпен қолдап келеді. Гранттар конкурсына кәсіпкерлер де, өз бизнесін ашқысы келетін арманшыл азаматтар да, оның ішінде әйелдер, мүгедектер және 50 жастан асқан адамдар да қатыса алады.
Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ