Саясаттанушы-конфликтолог Мұхтар Сеңгірбай желідегі парақшасында биылғы Жолдаудың неліктен ертелетіп жасалғанын, оның форматы неліктен бұрынғыдан бөлек болғанын, Назарбаевтың неге көзі жеткенін тілге тиек етіпті. 

– Жолдау неге дәстүрге сай жыл басында емес, күзде жасалды?

Бұл – елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тым күрделенгенін білдіреді, – дейді ол.

Оның айтуынша, халықтың сұрағы көбейіп, билікке деген наразылық күшейгені сондай, өкімет жолдауды 5-6 айға созудың өте қауіпті екенін болжаған.

– Инфляцияның артуы, теңгенің құнсыздануы, жұмыссыздықтың артуы халық пен үкімет арасын барған сайын алшақтатып барады.

Оның үстіне, халық мемлекеттік мекемелер тарататын макроэкономикалық көрсеткіштер туралы ақпаратқа сенуден қалған. Сондықтан халықты дәл қазір сабасына түсіру қажет болды, – деген пікірде Мұхтар Сеңгірбай.

Саясаттанушы биылғы Жолдаудың форматы өзгеше болғанын аңдапты. Оның пікірінше, Президенттің кеңесшілері қазіргі жағдайда дәстүр бойынша Парламент залында Жолдау арнаудың тиімділігі төмен екенін түсінген.

– Оның орнына жауапты ведомство басшыларын отырғызып, тұрғызып, тапсырма беріп, жол нұсқап отыру қарапайым қоғамның қабылдауы тұрғысынан да, психологиялық, визуалдық тұрғыдан да тиімді.

Бұл Елбасының басты шешім қабылдаушы тұлға екенін, оның барлық жағдайды бақылап отырғанын, билік тізгінінің мығым қолда екенін дәлелдейді.

Жолдауда руханияттан бастап макроэкономикаға дейінгі тактикалық, стратегиялық мәселелер толық қамтылды.

Президент тек ресми мәтінмен шектеліп қалмай, жан-жақты мысал келтіріп, сөзін дәйектеп отырды. Яғни Жолдау деген жай ғана мәтін емес, нақты іс-әрекет, тапсырмалар мен нұсқаулар екенін ұғындырды.

Және бұл формат Президентті халықтың өз адамы етіп көрсетуге мүмкіндік берді, – дейді Мұхтар Сеңгірбай.

Назарбаев биылғы Жолдауында мемлекетті кері тартып отырған мәселелерді қағазға қарамай айтты. Сеңгірбайдың пікірінше, Президенттің бұл әрекеті де халыққа ұнап қалды.

– Мемлекет басшысы екінің бірінің аузында жүрген ең өзекті мәселелер – жемқорлық пен парақорлықты, қағазбастылықты, медицина, білім беру, құқық саласындағы кемшіліктерді жауапты тұлғаларға нұқып көрсетті. «Судья болу қанша тұрады?», «Еден жуушы болып тұру үшін такса беру керек» деген сияқты пікірлер ел аузындағы сөз, тіпті қарабайыр стиль мен жаргонға дейін сақталған.

Екі сағат бойы бүкіл лауазымды тұлғаларды «сілкілеу» арқылы халықтың ішіндегі қыжылы шығып, ертеңге деген үміті оянып қалды.

Әсіресе педагогтар мен медицина қызметкерлерінің мәселелері – екінің бірінің басындағы проблема.

Осылардың өзі «билік транзиті» сценариінің не соған дайындықтың бір бөлігі сияқты көрінеді. Бұл әрі қарай сайлау немесе басқа бір саяси науқан не іс-шара формасында әрі қарай іске асатын сияқты, – дейді ол.

Өкініштісі…

Дегенмен бұл Жолдау біздегі биліктің бір адамның қолында топтасқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұхтар Сеңгірбай сондай пікірде.

– Бұл Жолдау Қазақстанда авторитарлық басқару жүйесінің түбегейлі орныққанын айғақтап берді.

Бұрындары Президент Парламент ғимаратына барып, халықтың тікелей сайлаған өкілдері саналатын депутаттардың алдында сөз сөйлесе, бұл жолы биліктің барлық тармақтарының өкілдері Президенттің алдына келді.

Н.Назарбаев Жоғарғы сот төрағасына тапсырма беріп, міндеттер жүктеді. Сенат төрағасы Қ.Тоқаевтан бастап Парламент депутаттарына дейін Президенттің тапсырмаларын жазып алып жатты.

Бұл билік тармақтарының арасындағы тежеу, теңгеру механизмдерінің де Конституция бойынша «мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз ететін» Президентке тәуелді екенін білдіреді.

Саяси партиялардың, идеялар мен ұсыныстардың еркін бәсекесі болмағандықтан, құжаттарға, соның ішінде Президенттің Жолдауына да қатысты жан-жақты сараптама мен талдау болмағандықтан, елдегі саяси өмір сұрықсызданып, халық биліктен алшақтап барады, – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Жолдау жайында хабар таратқан телеарналар құр сөзден қуырдақ қуырғаннан әріге аспаған.

– Жолдау туралы хабар берген телеарналар да ескі советтік стильде «жаппай жиналып, Жолдауды ұйып тыңдап отырған еңбеккерлер» туралы репортаждар беруде жарысып жатты.

Советтік стильдегі пропаганданың бұл жолғы ерекшелігі – дәстүрлі ақпарат құралдарының қатарына блогшылар да қосылды.

Басты телеарналарда әр мәселені сыни тұрғыда терең талдап, баға беретін нағыз сараптамалық хабар жоқ. Мұның өзі әсіресе ақпарат жүйесінде тың көзқарас пен жаңа реформа керек екенін білдіреді.

Өкінішке қарай, Қазақстанда классикалық авторитаризмнің бір белгісі – «Мемлекет басшысы ғана сынай алады» деген қағида орнығып келеді.

Егер Жолдауда айтылған пікірлерді Президенттікі емес, басқа бір кісінің пікірі деп қарастырсақ, ол адам нағыз оппозиционер болып шығар еді.

Бұл жүйені елдегі мекемелердің көбі көшіріп алған. Ал мұның қайда апаратынын болжау қиын, – дейді Мұхтар Сеңгірбай.

Бұл Жолдау Қазақстанда авторитарлық басқару жүйесінің түбегейлі орныққанын айғақтап берді.

Бұрындары Президент Парламент ғимаратына барып, халықтың тікелей сайлаған өкілдері саналатын депутаттардың алдында сөз сөйлесе, бұл жолы биліктің барлық тармақтарының өкілдері Президенттің алдына келді.

Н.Назарбаев Жоғарғы сот төрағасына тапсырма беріп, міндеттер жүктеді. Сенат төрағасы Қ.Тоқаевтан бастап Парламент депутаттарына дейін Президенттің тапсырмаларын жазып алып жатты.

Мемлекет басшысы екінің бірінің аузында жүрген ең өзекті мәселелер – жемқорлық пен парақорлықты, қағазбастылықты, медицина, білім беру, құқық саласындағы кемшіліктерді жауапты тұлғаларға нұқып көрсетті. «Судья болу қанша тұрады?», «Еден жуушы болып тұру үшін такса беру керек» деген сияқты пікірлер ел аузындағы сөз, тіпті қарабайыр стиль мен жаргонға дейін сақталған.

Екі сағат бойы бүкіл лауазымды тұлғаларды «сілкілеу» арқылы халықтың ішіндегі қыжылы шығып, ертеңге деген үміті оянып қалды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here