Гүлшара Әбдіқалықова: «Абай атындағы ҚазҰПУ – көпшілік мойындаған көшбасшы оқу орны»
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Жиынға Парламент депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің, дипломатиялық миссиялардың, Ұлттық Ғылым академиясының өкілдері, еліміздің жетекші университеттерінің ректорлары, отандық белгілі ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері, сондай-ақ 200-ден астам шетелдік қонақтар қатысты.
Мемлекеттік хатшы салтанатты жиналысқа қатысушыларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.
Онда: «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – отандық жоғары білім беру жүйесінің қара шаңырағы.
Университет бүгінде тарихы 1928 жылы еліміздегі жалғыз педагогикалық факультеттің ашылуынан бастау алатын жетекші оқу орнына айналып отыр.
Оның қалыптасуына белгілі ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин және басқа да көптеген көрнекті тұлғалар зор үлес қосты.
Университетте Қазақстанның қарышты дамуына қажетті мамандар даярлайтын 14 академик, 155 ғылым докторы және 380 ғылым кандидаты сабақ береді» деп атап өтілген.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ірі ғылым, білім орталығы әрі еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көпшілік мойындаған көшбасшы болып саналады.
Бұл университет 2018 жылы Еуропа мен Орталық Азияның 30 елінің үздік 200 университетінің ішінде 86-орынды иеленді.
Бүгінде оқу орны әлемнің 25 мемлекетінің 130 университетімен ғылыми және академиялық байланыс орнатқан.
Салтанатты іс-шара соңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.
Мәмбет Қойгелді: «Ұлы Абайдың аты қарашаңыраққа зор жауапкершілік жүктейді»
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық торқалы тойына орай біз белгілі танымал ғалым, осы оқу орнындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Мәмбет Қойгелдінің университет тарихына қатысты мақаласын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. «Егемен Қазақстанда» жарық көрген бұл зерттеуінде ғалым қазақ топырағында тамыр жайған тұңғыш жоғары оқу орнына қанша жыл толғанына қатысты тұжырымын ортаға салыпты. Ықшамдап ұсынып отырмыз.
1923-1924 оқу жылында Қазақ ағарту институтында 259 адам білім алды.
Дегенмен Қазақ автономиялық республикасының мұғалім кадрларға сұранысын Қазақ ағарту институты қанағаттандыра алған жоқ.
Осы жағдайды ескере отырып, Қазақ үкіметі 1925 жылы РСФСР Халық ағарту комиссариаты алдына Қазақстанда жоғары оқу орнын ашу туралы мәселе қояды да, оның келісімін алған соң, Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі 1926 жылдың 15 тамызынан бастап Ташкент қаласында «Қазақ Жоғары Педагогикалық институты» деген атпен қазақ жоғары оқу орнын ашу туралы шешім қабылдайды.
Ташкент қаласында ұйымдастырылған алғашқы жоғары оқу орнының ашылу салтанаты 1926 жылы 29 қазанда өтеді.
Осы шараға байланысты сол кездегі республика астанасы Қызылордадан арнайы барған Оқу-ағарту комиссары, яғни бүгінгі тілмен айтқанда білім министрі Смағұл Сәдуақасұлы өз сөзінде:
«Әрине, бізге әртүрлі мамандық иелері қажет. Біз агрономдарға да, дәрігерлерге де, инженерлерге де және басқа да қызметкерлерге мұқтажбыз. Дегенмен қазіргі уақытта қазақ еңбекшілері бірінші кезекте педагогтарға мұқтаж» деген тұжырымы арқылы ашылып отырған оқу орнының басқа емес, неге педагогикалық бағыт алғандығына нанымды түсінік берген еді.
Ал осы алғашқы жоғары оқу орны неге ұлттық сипат алуға тиіс болды?
Осы сауалға жауап берген жөн. Ол институтты ұйымдастырудағы басты міндеттен, яғни жоғары оқу ошағы арқылы қазақ халқын өз ана тілінде әлемдік мәдени кеңістікке шығару әрекетінен туындап жатты.
Осы қойылған міндетке байланысты институт жұмысына, ондағы оқу процесін жүргізу ісіне кеше ғана ұстанған көзқарас ерекшелігіне қарамастан, бүкіл алаштық белсенді буын тартылды. Өйткені бұл шара мемлекет, қоғам алдында тұрған міндетке толық үйлесімді қадам еді. Өкінішке қарай, көп ұзамай совет билігі бұл ұстанымынан бас тартты.
Алаштық зиялылар 1925 жылдан бастап оқу-ағарту ісінен шеттетіле бастады. Бұл жағдай білім жүйесінің гумандық, ұлттық мазмұнына әсер етпей қоймайтын еді.
«Түрі ұлттық, мазмұны интернационалдық» қағидасы басымдық алуға тиіс болды. Институт ректоры Т.Жүргенов жылдық есебінде «жыл өтсе де ұлттық жоғары оқу орнын құру ісі аяқталған жоқ» деген ойды білдіріп, бұл ойын негіздеуді ұмытпаған еді.
Ректордың пікірінше жоғары оқу орны қашан және қандай жағдайда өз міндетін атқара алады?
Ондай мүмкіндікке жоғары оқу орны институт қабырғасында жүргізілетін пәндер түгелдей жергілікті қазақ халқының тіліне көшірілгенде, яғни білім жолына түскен қазақ баласы бастауыш және орта мектепті ғана емес, сондай-ақ жоғары білімді де өз ана тілінде алып, (біртұтас жүйе ретінде) табиғат және қоғамдық қатынастар сырын ашып, түсінуге көмектесетін әлемдік ғылымды өз ана тілінде игеру мүмкін екендігіне толық көзі жеткенде ғана ұлттық жоғары оқу орны қалыптасты деп айтуға болатындығына баса назар аударды.
Ал әзірге, мақсатқа бет бұрып, сол жолға енді ғана шықтық деген тұжырымға келеді. Басқаша айтқанда, бұл тарихи кезеңнің ерекшелігі енді ғана қалыптаса бастаған мектеп жұмысын жергіліктендіру, яғни оған ұлттық түр ғана емес, ең негізгі нәрсе – ұлттық мазмұн да беру еді.
Алғашқы қазақ жоғары оқу орнын ұйымдастырушылардың түсінігінде ол жоғары білімді педагог кадрлар даярлайтын оқу орны болумен қатар қоғамда ғылыми ізденістерді өрістететін ғылыми орталыққа айналуға тиіс еді.
Осы тұрғыдан келгенде қазақ жоғары оқу орнының бірден-бір міндеті қарқынды түрде ғылыми терминологиямен жұмыс жасай алатын, жоғары және орта оқу орындары үшін қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға қабілетті педагог кадрлар қалыптастыру болды.
Алғашқы ұлттық жоғары оқу орнына жүктелген осы міндетке байланысты оның негізін қалаушылардың бірі Х.Досмұхамедұлы мынадай ой білдірді: «Қазақ тілінде бұған дейін Ахметтің (А.Байтұрсынұлы – М.Қ.) «Тіл құралынан» басқа ешбір ғылым жайында жазылған кітап болмады.
Алдымызда үлгі болмаған соң, ғылым кітабын жазу өте қиын болды. Ғылым атауларына лайықты ат қою алғашқы уақытта тым мұқтаж, бүтін ілгері болашаққа жол салатын нәрсе, сондықтан алғашқы жазылған кітаптарды әсем қылып, сөздің жүйесін келтіріп жазудан көрі, ғылым атауларына лайықты атақ тағу жағын қарастыру керегірек дейміз».
Айтылған сөзін іс жүзіне асыра отырып Халекең «Табиғаттану», «Жануарлар» сынды қазақ мектебі үшін жазылған оқулықтарын өмірге әкелді.
Жоғары білімді мамандар даярлау ісі елдегі мемлекеттік басқару аппаратын жергіліктендіру үрдісіне байланысты жүрді. Бұрынғы уақытта мемлекеттік басқару ісінен шеттетілген қазақ қоғамы үшін өз жоғары оқу орны болуы аса маңызды қажеттілік-тін. Болашақта ол біртіндеп елдің ішкі сұраныстары мен ерекшеліктеріне бейімделіп, оларды қанағаттандыра алатындай дәрежеге көтерілуге тиіс болды.
1926 жылы тамызда пединститут студенттерінің саны 338 адамға жетті.
1927 жылы 23 наурызда Қазақ АКСР-нің Халық комиссарлар кеңесі Қазпедвузды Ташкенттен Алматыға көшіру мәселесін қарастыруды, осы мақсатта Жетісу губерниялық атқару комитетімен университет орналасатын қажетті ғимараттарды анықтау туралы келіссөз жүргізуді, Қазпедвуз үшін профессор-оқытушылық құрамын жасақтау және оларды жұмысқа тартудың шұғыл шаруаларын қолға алуды тапсырады.
Алматы қаласында университет мәртебесін алған оқу орнының ашылу салтанаты 1928 жылы 1 қазанда өтеді де, оның ашылу салтанатында сөйлеуге қазақтың ұлы ғалымы және мемлекет қайраткері, қоғамда қазақ ағартушылығының басшысы ретінде мойындалған Ахмет Байтұрсынұлы шақырылады.
А.Байтұрсынұлы өз сөзінде білім мен ғылымның қазақ сияқты елдің тағдырында алатын орнына тоқталады, яғни ұлтты басқа жұртқа тәуелділіктен құтқаратын, оны басқа мәдениеттермен тең ете алатын жалғыз жол ол мәдениет, білім мен ғылым жолы екендігін атап көрсетеді.
Осылай Қазақ топырағында ашылған алғашқы жоғары оқу орны өзінің бірінші оқу жылын 119 студент және оларға дәріс беретін 9 оқытушы-профессорлар құрамында өз жұмысын бастап кеткен еді.
1930 жылы университет құрамында ашылуға тиіс болып белгіленген ауылшаруашылық және дәрігерлік факультеттері өз алдына бөлек жоғары оқу орындары ретінде қалыптасуына байланысты университеттің аты өзгертіліп, Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты аталынды.
1935 жылы институтқа ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының есімі берілді.
Сонымен еліміздегі алғашқы жоғары оқу орнының тарихын Қазақ педагогикалық институтынан бастап, ал оның Қазақстан жеріне көшіріліп, өз қызметін Алматы қаласында жүргізгеніне тоқсан жыл толды деп тұжырымдағанымыз тарихи шындыққа үйлесімді болмақ.
Бүгінгі уақытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті елімізде педагог кадрлар даярлау ісінде ерекше мәртебеге ие жетекші жоғары оқу орны ретінде мойындалған. Білім берудің жаңа жүйесіне көшкен (бакалавриат-магистратура-докторантура) оқу орнында 157 ғылым докторы, профессорлар, 369 ғылым кандидаты, доценттер, (оның ішінде 25 РһD ғылым докторы), 121 ғылым магистрлері жұмыс жасайды.
Университет 2017 жылы алғаш рет әлем университетінің ТОП-500 қатарына және QS World University Ranking рейтингінде әлемнің үздік 491 университетінің қатарына енді.
Абай атындағы Қазақ ҰПУ-дің 90 жылдығы қазақ жерінде тамыр жайған алғашқы жоғары оқу орны ретінде бүкіл республика жұрты үшін аса маңызды оқиға ретінде аталуға лайық.