Жастар жазғы маусымда білімі мен білігін шыңдап, нәтижелі өткізсе, келешекте соның жемісін жейтіні анық.

Осымен үшінші жыл қатарынан өткізілген «Зерен-2019» жастарға білім беретін жазғы лагерьдің күні кеше шымылдығы жабылып, осы шара аясында атқарылған істер қорытындыланды.

Ал лагерьдің жабылу салтанатына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы келіп, жастарға ақеділ тілегін айтты.

«Ізденемін» деген жастардың талабын ұштап, шабытына қанат бітіретін осынау лагерьдің биылғы бағдарламасы «Жастар жылына» арналды.

Лагерьдің жабылу рәсіміне «Қала мен Дала» тілшісі де қатысып қайтқан болатын.

«Жастар жылы» аясында биылғы лагерьдің жұмысы 3 бағытта ұйымдастырылды. Мұның бірінші бағыты «digital-буынға» арналған дәрістер.

Соның аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды ұрпаққа қазіргі цифрлы әлемнің кереметтері туралы тағылымды дәріс оқылды.

Екінші бағыт «жаңғыру трендтері» болып белгіленді. Мұнда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған уақыт тезіндегі маңызды міндеттерді жүзеге асырудың жолдары сөз болды.  

Үшінші бағыт бизнеске арналды. «Бизнес құдіреті» деп аталған бұл бағытта жастар кәсіпкер болудың қыр-сырымен танысты.

Жастар ашылғалы бері Зерен жастарға арналған жазғы лагері қазіргі дәуірмен қатар ілескен креативті тақырыптардың тереңіне үңіле отыра талқылады.

Айталық, осы жазда лагерьге келген жастар қазіргі заманауи медианың жұмыс бағыттары, сандық экономика, жасыл экономика, әлеуметтік желі және бизнес секілді көптеген маңызды жобалар бойынша тәжірибелі ұстаздардың дәрісін тыңдап, ой-өрісін кеңейтті.

Мұндай лагерьлер «Жастар жылын» насихаттауда ерекше маңызға ие екенін айтқан Асхат Аймағамбетов лагерьдің жұмысына сәттілік тіледі.

«Қазіргі жастардың алдында сан сынақ бар. Заман өзгеріп жатыр. Технологияның тілін игеру көштен қалмаудың кепілі. Білімді алу бар да, пайдалану бар. Осы жағынан олқы түсіп жатқанымыздың несін жасырайын. Білім мен тәжірибені ұштастыруда PISA бағаны бойынша әлемде соңғы орындардың бірінде біздің ел. Осы кемшіліктің көзін жоюымыз керек. Бұл мақсатта мектеп бағдарламаларын жетілдіруге, жаңғыртуға көңіл бөлетін боламыз»,   – деді Білім министрі.

Лагерьге арнайы келген Аймағамбетов осы кездесуде лагерьдегі зерек жастарға білім саласындағы өзгерістер мен өзекті мәселелерді кеңінен баян етті. Аймағамбетовтің айтуынша, білім саласына өзгеріс керек. Салаға реформа жасау ауадай қажет. Бұл бір жағынан заңдылық, екіншіден дәуір талабы.

«Білім саласы бір қалпында тұрмайды. Үнемі өзгеріп, дамып, жетіліп отырады. Айталық, биыл мектеп табалдырыған аттаған балдырғандар мектеп бітіргенше қазіргі мамандықтың талайы сұраныстан қалуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі ұрпақты заман талабына сай сапалы білім алуына қазірден бастап көңіл бөлуіміз қажет. Балаға жұмсаған бір доллар инвестиция ертеңгі күні жеті еселеп қайтады», – деді ол.

Білім министрі лагерьдегі жастарға бүгін заман ақпарат заманы екенін еске салып өтті. Бүгінгі күні оқығаның, тоқығаның басты өлшем емес. Көрген-түйгеніңді күнделікті өмірде қаншалықты пайдаланасың, сол маңызды. Бүгінгінің адамы болдым-толдым деген сөзді ұмытуы керек. Білімнің түбіне жету мүмкін емес, бірақ оны әрдайым толықтырып отыру маңызды.

«Осынау лагерьдің жұмысына жеміс тілеймін. Жастар жылындағы жолайтты бастамалар осы лагерьден бастау алуына тілектеспін», – деді Білім және ғылым министрі.

Лагерьге дәріс бергендердің барлығы кілең сен тұр, мен атайындар. Олардың арасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин, вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова, танымал кәсіпкер Ержан Тәтішев, альпинист Мақсұт Жұмаев, белгілі кәсіпкер Тимур Құдайбергенов секілді өз саласында шыңдалған тәжірибелі тұлғалар бар.

Дәріс берушілердің ойы бір тоқтамға негізделді.

«Жастар, сіздер бүгінгі заманның керуенінен шет қалмауға тиіссіздер. Қазақстанды өрге сүйрейтін тек сіздер ғана…», – деді дәріс берушілердің дерлігі.

Лагерьдің жабылу салтанатында маусым жеңіпаздары анықталды. Биылғы маусымда «Happy Project», «Helthy life», «In Data», «ZhanAru» және «Umit App» топтары топжарғандар қатарынан көрінді.

Үздік көрінген топтардың жобалары күні ертең өндіріске кірігеді деген үміт бар. Айалық «ZhanAru» тобы қоқысты бөлек-бөлек сұрыптайтын СитиБокс атты роботтандырылған жүйе ойлап тапқан. Бұдан бөлек, дәл осы топ әзірлеп шығарған «Easy Kazakh» цифрландыру саласында қазақ тілін дамытуға арналған коммерциялық жобалары Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің көңілінен шықты.

Биылғы «Зерен-2019» лагерінің жүлде қоры 15 млн теңгені құрады. Үздік аталған топтар грантқа ие болып, жобаларын әрі қарай да жетілдіретін болады.

Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИНұр-Сұлтан қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here