Дәстүрлі діндер құрылтайына дәнекер болған

0
1280

Қасым-Жомарт Кемелұлының – дәстүрлі діндер басшылары құрылтайларының Нұр-Сұлтанда биік деңгейде өтуіне сүбелі үлес қосып келе жатқанын жұрт біледі.

Астана құрылтайларында (6 рет өтті) әдетте бастары қосыла бермек түгіл, бір көшенің бойымен де жүрмейтін діндер өкілдерінің бір-біріне қол беріп, ізетпен сәлем бергені де Астанада өткен діни іс-шаралардың нәтижесі екені айқын. Бұл оңай да шаруа емес-ті. Отаны үшін атқарып келе жатқан осындай абыройлы да қажырлы еңбегінің арқасында бүгіндері ол халықтың қалаулы, елдің елеулі ағалары қатарынан көрініп, биік белеске шығып отыр. Қазір де қоғамның, елдің дамуына зор көңіл бөліп, Отаны үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Бір қуантатыны, әрбір құрылтай аяқталысымен оның материалдары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде екі том боп жарияланып отырды. Біріншісінде құрылтайға қатысушылардың көркем суреттері, құрылтай кезіндегі танысулар мен қауышулар, сұхбаттар берілсе, екіншісіне олардың сөйлеген сөздері, ой-пікірлері жинақталған. Еңбек Елбасы – Ұлт лидері Н.Ә. Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі тілектері мен жүрекжарды лебіздері, ой-пікірлерімен ашылған немесе қорытындыланған.

Құрылтай жайлы мұндай толыққанды туындыны діндер мен дінбасылар, дін лидерлері жайлы деректі құжат деуге әбден болады. Біраз жылдардан соң олардың тарихи зерттеулерге негіз болатыны сөзсіз деп ойлаймын.

Тағы бір жайт, осыдан біраз жыл сол кездегі ҚР Парламентінің Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Сенат депутаттары мен еліміздегі дәстүрлі дінбасыларынан тұратын делегация арнайы ұшақпен «Бейбітшілік жолында» атты діндераралық халықаралық форумға қатысу үшін Италияның Неаполь қаласына бардық. Әлемдік діндердің 200-ден астам өкілдері қатысқан жаһандық мәжіліс «Зорлық-зомбылықсыз дүние: діндер мен мәдениеттің қатысуы» тақырыбымен өтті.

Мұндай аса атаулы іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Италияның Премьер-министрі Романо Проди, Неаполь мэрі Руссо Йерволино, Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жер бетіндегі бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүру – әлем халықтарының аңсаумен келе  жатқан арманы екендігін баса айтып, сол жолда дінаралық келісімнің алатын орны және осы ретте Астанада өтіп келе жатқан дәстүрлі діни құрылтайларға үлкен баға берілді.

Форумда сондай-ақ, дінаралық бірлік пен ынтымақты сақтаудағы Қазақстан тәжірибесі мен атқарып отырған іс-шаралары туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы баяндама жасап, ел абыройын биік белеске көтеріп тастағанын көзіміз көріп, құлағымыз естіді.

 Иә, Қазақстан делегациясы басшысының өте мазмұнды да мәнді баяндамасы зор ықыласпен таңдалып, үлкен қошаметпен қарсы алынды.

Ерекше атап өтерлік бір жайт, Форумға Италияның Президенті Джорджио Неаполитано (Giorgio Napolitano) мырза да қатысып, Қазақстан Республикасының Сенаты төрағасы мен ол бастап келген делегацияға құрмет көрсеткенін де атап өткенді жөн санаймын.

Форум арасында біз Италияның астанасы Римге шақырылдық. Оның мәдени-тарихи орындары, сондай-ақ Везувий қаласы мен Капри аралына да зиярат жасап, тарихымен таныстық. Сөйтіп, халқымыздың қалаулы азаматы жаһанда және астанамызда да татулық пен достықтың берік сақталуына өз үлесін қосып келді.

2004 жылы ҚР Сыртқы істер министрі кезінде де Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚР Президенті – Ұлт лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Ар-Рияд пен әлем мұсылмандарының аса киелі жерлері, қасиетті Мекке мен Мәдинаға ресми сапарының биік деңгейде өтуін ұйымдастырды. Елбасы қасиетті Қағбаға кіріп мінажат етті. Мәдинада Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешіттері мен тұрған мекенжайларында болды.

Астана құрылтайына қатысқан алыстан келген бір қонақ:

 «Қазір дүниежүзінің көптеген елдері Қазақстанда көпұлтты елде орнаған саяси тұрақтылық пен халықтар арасындағы достықпен мақтана алмайды. Сіздер өзара келісім жолымен саясатта да, экономикада да үлкен жетістіктерге жетіп келесіздер. Конфессияаралық келісім мен төзімділікті орнатуда Қазақстанның табысы бүкіл әлемге үлгі-өнеге» деп әділін айтса, ал тағы бірі «Діндер съезі, менің білуімше, бұрын-соңды еш жерде дәл осындай ауқымда өткен емес. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 20 жылдағы тағы бір әлемдік қоғамдастық тарапынан үлкен қолдауға ие болған бастамаларының бірі. Біздің халық Қазақстандағы әрбір жаңалыққа елеңдеп, әрбір оқиғаға қуанып отыратынын білесіздер» дегені де жайдан-жай айтыла салған сөз емес.

Астанада биік деңгейде өтіп келе жатқан құрылтайларды ұйымдастыратын съездің хатшылығы. Ал оның төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы болды. Осының өзі-ақ көп жайттан хабар беріп тұр ғой деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев қандай қызмет болмасын әрқашан оның беделін арттырып, биік белеске көтеріп отыратын өз ісінің білгірі, үлкен парасатты жан.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қызмет істей жүріп, ғылыммен де айналысты. Әуелі «Азия – Тынық мұхит мемлекеттері Қазақстанның сыртқы саясатында» (кандидаттық – 1998), соңыра «Әлемдік жаңа тәртіптің қалыптасу кезіндегі Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты» тақырыбында докторлық диссертациялар қорғады (2001). Олардан оның шалқар білімі, жан-жақты тереңдігі, ойлы талдауларынан оңай байқалады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының нәтижелі де абыройлы қызметі бағаланып, еліміздің және шетелдердің де бірқатар орден, медальдарымен марапатталды: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ордені (2004); Парасат ордені (1996);  Достық ордені (Ресей Федерациясы – 2004);  Ярослав Мудрый ордені  (Украина – 2008).

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Тұңғыш  президентіміз – Елбасы  Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Онда ол «Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттілігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым… Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады.

Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі» деп жазды.

Нұрсұлтан Әбішұлы адам тани біледі. Сол себепті де ол өзі құрып, негізін қалаған еліміздің болашағын, тағдырын, тіліміз бен дініміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің де білгірі, отансүйгіш азамат Қасым-Жомарт Кемелұлына жайдан-жай тапсырып отырған жоқ. Ол өзі айтқандай ұзақ ойланып, толғаныстан туған ұсыныс екенін жұрт біліп отыр деп ойлаймын.

Сол себепті де елінің болашағы, халқының тағдыр талайы бейжай қалдырмайтын кез келген азаматтарды Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдауы тиіс. Өйткені ол тумысы бөлек, тұлғасы биік, мәдениеттіліктің эталоны, тұлпардың тұяғы да.

Әбсаттар қажы Дербісәлі

                                         Р.Б.Сүлейменов атындағы

                                         Шығыстану институтының директоры

                                         ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі,

                                         филология ғылымдарының докторы,

                                         профессор

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here