Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдарға қатысты 43 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің бастығы Әсет Оспанов Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Ұйғарым бұзақылық жасаған адамға, ал көшірмесі жәбірленушіге беріледі. Құжат талаптарын орындамағаны үшін ескерту жасалады немесе бір аптаға дейін қамауға алу қарастырылған.

Тіпті сот «ерекше талаптарды» да белгілей алады. Яғни кездесуге, телефонмен сөйлесуге және құқық бұзушының зардап шеккен адаммен бір жылға дейінгі мерзімге басқа да байланыстарына тыйым салу. Бұл шара 5 мыңнан астам «отбасылық тиранға» қатысты қолданылды.

– Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 7 тәулікке дейін, ал бұзушылық қайталанған жағдайда 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін 13100 адам, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 6,5 мыңнан астам және ұрып-соғу үшін 3,5 мыңнан астам, сондай-ақ қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін 2273 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп қорытындылады полиция қызметкері.

Брифингте Әсет Оспанов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы отандық заңнама үнемі жетілдіріліп отыру керек екенін тілге тиек етті. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту аясында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілгені белгілі. Соның арқасында полиция жүйелі зорлық-зомбылық жасағаны үшін отбасылық жанжал шығарушы кінәсінің дәлелдерін жинауға және сотқа ұсынуға мүмкіндік алды.

Мәселен, денсаулыққа зиян келтірумен байланысты бірнеше рет құқықбұзушылықтар кезінде жәбірленушілердің талап-арызы бойынша азаптау үшін (ҚК 110-бабы) қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 3 тәуліктен 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу санкциясы күшейтілді (ӘҚБтК 73-бабы).

Құқық қорғаушының айтуынша, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың жеке құрамдары қосымша енгізілді: құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соғу жатады. Осы баптар бойынша санкциялар тиісінше 10 және 15 күн ішінде қаралады. Айыппұл тиімсіз шара ретінде алынып тасталады.

«Осы құқық бұзушылықтарды қайталап жасаған кезде баптардың санкциялары денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 20 тәулікке дейін, ұрып-соғу үшін 15 тәулікке дейін қамауға алуды көздейді. Сонымен қатар, сот құқық бұзушының жеке басын және істің мән-жайын ескере отырып, ескертуі немесе дереу әкімшілік қамауға алуы мүмкін», деп толықтырды А.Оспанов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here