Ақтөбеде алғашқы жел-электр стансасы пайдалануға берілді

0
1593

Бүгінде ірі мұнай компанияларының өзі экологиялық таза, жасыл энергетиканы дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Біздің бұл сөзімізге Италияның әйгілі Eni мұнай компаниясының Ақтөбеде жел энергетикасы кешенін іске қосқаны айқын дәлел болады.

Қазақстан пандемия кезіндегі қиыншылықтарға қарамастан, табиғи таза қуат өндіру көздерін барынша дамытуда. Ақтөбе облысындағы «Бадамша» жел-электр стансалары өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған оң шаралардың бірі әрі еліміздің энергетика саласын әртараптандырудағы маңызды қадам деп бағалауға болады.

Маңызды жобаны Eni компаниясының еліміздегі еншілес кәсіпорындарының бірі саналатын «ArmWind» серіктестігі жүзеге асырды. «ArmWind» компаниясы алып жел қалақшалары турбиналарын шығаруда әлемге танылған GE Renewable Energy компаниясымен келісімге келіп, сапалы құрылғыларды Қазақстанға жеткізген болатын.

Ал заманауи құрылыс жұмыстарын жүргізу ісін отандық BI Group компаниясы атқарғанын айта кетуіміз керек. Осылайша, еліміздегі құрылыс компаниясы тек қана үй мен жол салып қоймай, сонымен қатар күрделі технологияларды қажетсінетін энергетика саласындағы іргелі нысандарды салуда мол тәжірибе жинақтаған.  BI Group жел-электр стансасын жобалау, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алу және құрылысын жүргізу сынды маңызды жұмыстарды жоғары деңгейде атқарып шыққан.

BI Group компаниясындағы жоба жетекшісі Мамырхан Қасымов «Бадамша» ЖЭС-ның өндірістің қуаты 48 МВт құрайтынын, жыл сайын аймаққа қажетті 195 ГВт/сағ қуат көзін өндіретінін алға тартты. Білікті маманның айтуынша, осы өндіріс нысанының арқасында Ақтөбе облысындағы атмосфераға таралатын көмір қышқыл газының көлемін жыл сайын 172 мың тоннаға төмендетуге мүмкіндік туып отыр.

«Бадамша» ЖЭС-і Ақтөбе облысындағы алғашқы әрі ең ірі жел-электр стансасы саналады. Бұл жекелеген инвесторлардың қаражатына салынған жоба. Бұл еліміздегі жетекші құрылыс мекемесі BI Group компаниясы үшін де үлкен іс-тәжірибе болғаны белгілі. Құрылыс жұмыстары кезінде мұнда 25 елдің 450 азаматы еңбек еткен. Олардың 80 пайызы Қазақстан азаматтары болған.

Бүгінде Қазақстан 2050 жылға дейін өзіне қажетті электр қуатының 50 пайызын осындай экологиялық таза ресурстардан өндіруді көздеп отырғаны белгілі. Осы ретте Eni компаниясының елімізге жасаған сыйы Қазақстанның алға қойған мақсатына бір табан жақындата түскені анық.

«Бадамша» ЖЭС-нің салынуы Eni, GE Renewable Energy компаниясы мен ҚР Энергетика министрлігінің тығыз әріптестік негіздегі жұмысының нәтижесі деп атауға болады.

Қуаныш СМАҒҰЛОВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here