Қазіргі таңда Қазақстанның отын-энергетика саласы қарқынды дамып келеді. Біздің бұлайша нық сеніммен әңгіме айтуымызға бірқанша себептер бар. Айталық, соңғы жылдары елімізде мұнай өндіру ісінің рекордтық деңгейге жетуі, отандық бензинмен сұранысты толықтай қамту және ел аумағында ұзын саны 23-ке жететін жаңармалы қуат көзін өндіретін нысандардың салынуы еліміздің отын-энергетикалық қауіпсіздігін күшейте түскені анық. Осы жетістіктердің арқасында ел экономикасында ЖІӨ көлемі 4,4%-ға дейін ұлғайды.

Қазақстанда әлемдік мұнайдың 1,7%-ы шоғырланған

Қазіргі таңда отын-энергетикасы саласы еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласын дамытатын және Қазақстанның өзге елдермен экономикалық ынтымақтастығын тереңдететін бірден-бір сала. Дәл қазір Қазақстанда мұнайдың 30 млрд баррель қоры, яғни әлдік қордың 1,7%-ы сақталған. Осылайша, еліміз Таяу Шығыс, Латын Америкасы және Ресей мен АҚШ-тан кейінгі орындарда тұр. 

Ал еліміздегі көгілдір отынның қоры 3,9 трлн текше/метрді құрайды. Бұл әлемдік газ қорының 1,7%-ы екені белгілі. Еліміздегі көгілдір отынның негізгі қоры Атырау (43%), Маңғыстау (29%), Батыс Қазақстан (19%) облыстарында шоғырланған.

Соңғы үш жылда мұнай-газ саласында бірқатар маңызды жобалар қолға алынып игерілді. Олар 2017 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Рожковск кенішіндегі мұнай қорының ашылуы және Жамбыл облысындағы Жарқұм кенішінде тәжірибелік-өндірістік жұмыстардың қолға алынып, нәтижесінде ондаған жылдан бері оңтүстік өңірлердің өзбек газына деген мұқтаждығын құтқарып отырғанын айрықша атап айтуға болады.

Мұнай-газ секторы ЖІӨ 17%-ын құрайды

Қазіргі таңда Қазақстандағы 250 мұнай-газ кеніштерінде 104 кәсіпорын көмірсутек өндіруде. 2017 жылы елімізде мұндай кәсіпорындардың саны 100 бірлікті құраған-ды. Осы бір көрсеткіштен соңғы бес жылда Қазақстанның мұнай-газ секторы қандай қарқынмен дамығанын аңғаруға болады. 

2018 жылы еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртудан өткеннен кейін мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жылдық көлемі 90,4 млн тоннаға дейін жетті. Егер мұны ақшалай эквивалентке шақсақ, 12,2 трлн теңгені құрайтынын байқаймыз.

Бұдан басқа, 2019 жылы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай кеніштерінде күрделі жөндеу жұмыстарына жүрген күннің өзінде де мұнай өндіру көлемі 90,5 млн тоннаны құрап, 12,3 трлн теңгені құрады. Осы ретте Атырау облысындағы кеншітердің үлесі 49,4 млн тонна мұнайды құраса, Маңғыстау облысы 17,9 млн тонна, Батыс Қазақстан облысы 11,7 млн тонна мұнай өндіріп, ортақ іске елеулі үлес қосты.   

Мұнайды қарқынды өндірудің арқасында мұнай экспорты 59,6 млн тоннаны құрады. Осылайша, 2019 жылы мұнай-газ секторы ЖІӨ 17%-ын құрап, экономикалық өсімнің 4,4%-ға дейін өсуін қамтамасыз етті.

Осы ретте ЖІӨ-нің өсімі мұнай бағасының өсуінен емес, мұнай өндірудің көлемінің артқанының арқасында өскенін естеріңізге сала кетеміз.

Қазақстан өзіне қажетті жанармайды өзі өндіреді

Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарына жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде бензин өндіру ісі 84%-ға, дизель отынын өндіру 36%-ға артса, авиажанармай өндіру үш есеге ұлғайып, Қазақстан өзіне қажетті жанар-жарғамаймен толықтай қамтитын дәрежеге жетті. Бұл еліміз үшін жетістік.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының есебінше, еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауыты бензинді 24%-ға артық өндіретін мүмкіндікке ие екен. Сондай-ақ 2032 жылға дейін Қазақстанның ішкі нарығында жанармай дефициті орын алмайтыны болжануда. 

Өткен жылы елімізде 17,1 млн тонна мұнай өңделген. Бұл бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда 5%-ға артық. Дәл осы уақыт аралығында бензин мен авиаотын өндіру көлемі 14,4%-ға ұлғайып, 4,5 млн тоннаны құрады.

Ендігі кезекте еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының қанша жанар-жағармай өндіргенін айтсақ.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты 1,9 тонна бензин өндіріп, елімізде өндірілетін бензиннің 42%-ын шығарды. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты отандық нарыққа қажетті бензиннің 30%-ын (1,4 млн тонна жанармай) өндірсе, Атырау мұнай өңдеу зауыты ішкі нарыққа қажет мұнайдың 27,1%-ын (1,2 млн тонна) өндіргенін айта кетуіміз керек. 

Соңғы жылдардағы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы басты жетістігі ретінде сырттан келетін жанармайға деген мұқтаждықтан толықтай айырылуын атап айтуға болады.

Естеріңізде болса, еліміз сырттан кіретін кейбір жанармай түріне деген мұқтаждығы 40%-ға дейін жеткен еді. Осылайша, отандық нарықта жиі жанармай тапшылығы туындағаны есімізде. Енді жанармай тапшылығы келмеске кетті десек болады.

Мұнай зауыттарын жаңғыртудың жемісі

Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарына жүргізілген жаңғыртудан кейін сырттан келетін бензинге деген сұраныс ең төменгі шегіне жетті. Мұны 2019 жылы сырттан импортталған жанармайдың көлемі 18,7 мың тоннаны құрағанынан анық байқаймыз. Ал 2018 жылы сырттан жеткізілетін жанармайдың көлемі 590 мың тоннаны құраған болатын. 

Бүгінде елімізде жыл сайын 4,5 млн тонна бензин өндіріледі. Ал еліміздегі бензинге деген сұраныс 4,2 млн тонна екенін ескерсе, алдағы уақытта Қазақстан дайын өнімді сырт елдерге экспорттап пайда табуына жол ашылады. 2019 жылдан бастап ай сайын 20-30 мың тонна бензинді сырт елдерге саудалай бастадық.

Қазіргі таңда Қазақстан бензин бағасы ең төмен 10 елдің қатарынан ойып тұрып орын алуда. Әлем бойынша 1 литр бензиннің орташа бағасы 420,8 теңге екенін ескерсек, елімізде бензин бағасы қаншалықты арзан екенін байқауға болады.

Бүгінде ең арзан бензин Венесуэлада, онда 1 литр бензиннің құны 0,23 теңгені құрайды. Бұдан кейінгі орында Иран (42,4 теңге) мен Суданның (64,9 теңге) еншісінде. Ал бензиннің бағасы қымбат елдердің көшін Гонконг (876,7 теңге), Монако (724,4 теңге) және Исландия (722,2 теңге) бастап тұр. 

Дүниежүзінде бағаның әртүрлі болуының себебін мамандар мұнай саласындағы салық салу мен субсидиялау ісімен түсіндіреді. Байқағанымыздай, салық көп салынатын экономикасы дамыған елдерде жанармай бағасы қымбат екенін аңғаруға болады.

Мұнай және бюджет

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің 44%-ы мұнай-газ секторынан түсетін салықтардан құралады. Тарқатып айтсақ, қазіргі таңда еліміздегі ұзын саны 30-ға жететін ірі кәсіпорындардан түсетін салық бюджетті құрап отыр.

Өткен жылы мемлекет қазынасы түскен салықтардың көлемі 9,7 трлн теңгені құраса, мұнай-газ секторындағы 30 ірі кәсіпорынның мемлекетке төлеген алым-салығы 4,9 трлн теңгеге жеткен. Соның ішінде 4,3 трлн теңге тек қана мұнай мен ілеспе газды өндіруші компаниялардан түскен. Осы жайттан мемлекеттік бюджетті қалыптастыруда мұнай-газ секторының қаншалықты маңызға ие екенін байқауға болады. 

Бүгінде мұнай мен табиғи газ өндіру ісі инвесторлар үшін ең тартымды сала болып тұр. Айталық, өткен жылы аталған салалаға тартылған шетелдік инвестицияның көлемі 9,5 млрд долларды құрады. Бүгінде Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кеніштеріне тартылған шетелдік инвестицияның көлемі 80%-дан 90%-ға дейін құрайды. Пандемия кезінде де мұнай-газ секторы еліміз үшін маңызды сала болып қала бермек. Бұл бағыттағы қолға алынған жұмыстар тұтас экономиканың дамуына негіз болады.

Нұрлан Жұмақанов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here