Қазақстанда деструктивті ағымның тұзағына түскендерге көмек көрсететін жедел желі қосылды

Елімізде теріс діни ағымдардың ықпалына түскен не болмаса діни сипаттағы мәселелермен бетпе-бет келген азаматтарға қол ұшын созатын «114 жедел желі» жобасы іске қосылды.

«Қала мен Даланың» ресми сауалына жауап берген «Қазақстандағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығының» мәліметінше, дінмен байланысты мәселеде қиын жағдайға тап болған азаматтардың 73 пайызы көмекті ғаламтордан іздейді екен. Ал мұның арты адасушылыққа ұрындырып, адамды бұдан да ауыр дағдарысқа ұшыратады.

Осының алдын алу мақсатында құрылған «114 жедел желісі» дін туралы, дінмен байланысты кез келген сауалға жауап береді, нақты әрі дұрыс бағдар көрсетіп, теріс ағымдар мен діни бірлестіктердің әрекетінен жапа шеккен азаматқа заңдық және психологиялық көмек көрсетеді.

Айта кетелік, 114 жедел желісіне хабарласқаныңыз үшін ақша шығындамайсыз. Бұл тегін қоңырау шалатын орталық, бұдан бөлек чат-сайты бар.

Жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Social Development Center» қоғамдық қоры жүзеге асырды.

Қордың баспасөз-хатшысы Бейбіт Тұрабаевтың айтуынша, жобаға сұраныс көп. Соңғы 6 айда сенім-телефонына еліміздің түкпір-түкпірінен 6 мыңнан астам адам хабарласып, өзін мазалаған сауалға жауап алған.

«Демек, дінге қатысты көкейіндегі сауалға жауап алғысы келетін аудитория бар. Осы себепті жобаны қайта қолға алдық. «114 жедел желінің» маманы қос тілді қатар меңгерген. Өтініштерді мемлекеттік және ресми тілде, телефон немесе онлайн қабылдай алады.

Телефонның арғы жағында отырған операторлардың барлығы діни сауаты мол білікті, кәсіби дінтанушылар. Олар азаматтарды толғандыратын дінге байланысты барлық сауалға толыққанды жауап бере алады, – дейді Бейбіт Тұрабаев.

Оның атап өткеніндей, егер де дінге қатысты сауал кеңес қана емес, нақты көмекті қажет етсе, оператор-маман мәселенің мән-жайын анықтайды. Артынша, психолог не болмаса заңгермен байланыстырады.

Қазақстанда теріс ағымдардың жетегіне ілесіп, опық жеген азаматтардың қатары көп. Мәселен, соңғы 10 жылда елімізде 16 лаңкестік оқиғасы тіркелген.

Ал Ирак пен Сирия жеріндегі қарулы қақтығыстарға 500-ге жуық Қазақстан азаматы қатысқан, олардың 100-ден астамы оққа ұшқан.

«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері Мәрлен Мүсілімовтің мәліметінше, осы күнге дейін лаңкестік пен экстремизмге барған 1 мыңнан астам қазақстандық жауапқа тартылған.

«Қала мен Даланың» ресми сауалына жауап берген «Қазақстандағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығының» дерегінше, соңғы 5-6 жыл ішінде теріс діни ағымдардың арбауына түскен қазақстандықтардың саны көбейіп келеді.

Былтырғы жылғы мәлімет бойынша, елімізде 20 мыңға жуық радикалды діни ағымдардың ізбасарлары анықталған екен.

«Қала мен Дала» анықтамасы:

«114 жедел желі»  аптасына 7 күн, сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, 114 тегін нөмірі бойынша жұмыс істейді.

Жобаның 14.kz сайты арқылы сонымен қатар кері қоңырауға тапсырыс беруге не болмаса онлайн-кеңес алуға болады. Айта кетелік, барлық кеңестер тегін және құпия түрде өтеді.

ТАҚРЫПҰП ТҰЗДЫҚ:

Мәрлен Мүсілімов: «Теріс ағымдарды шынайы діннен ажыратудың 5 амалы бар»

«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері Мәрлен Мүсілімовтің айтуынша, астыртын жұмыс істеп, теріс  үгіт-насихат жүргізетін діни ағымдардың идеологиясын шынайы діннен ажыратудың 5 амалы бар.

  1. Радикалды бағыттағы ағымдар мүлдем ымыраға келмейді. Өзге діннің өкілдерімен тіл табысу, келісім орнатуды түбегейлі жоққа шығарады.
  2. Деструктивті ағымдардың серкелері адамдар арасындағы негізгі құндылықтар: отбасылық, достық, туыстық қатынастырды үзуге үндейді.
  3. Мұндай ағымдардың топбасшылары өз мақсатына жетуде дінде тыйым салынған әрекетке барудан тайынбайды. Атап айтқанда, жазықсыз жандар мен эмиссарларды, мұның ішінде журналистер мен елшілерді өлтіруге дейін барады.
  4.  Мұндағы ағымдардың басты мақсаты – саяси және қаржылық ықпалға қол жеткізу. Ол үшін мемлекеттің іргесін шайқалтып, тұрақтылықты бұзуға әрекет етеді. Жергілікті жұртқа өз үстемдігін орнатуды көксейді. 
  5. Діни қағидатта бекітілген нормаларды елеп-ескермейді. Көбінесе өз нәпсісіне еріп, шартты бұзып, соның нәтижесінде қылмысқа дейін барады.

«Радикалды ағымның қатарына өткен адамды алдымен психологиялық тесттен өткізеді. Оны төртке бөліп қарастырамыз.

Алғашқы сатысында радикалдар топтың жаңа мүшесіне бұрмаланған мәліметті тықпалап, санасын тұмшалауға тырысады. Қызметін дұрыс әрі адал көрсетеді, әрі соған сендіреді. Арбалған адамды достық байланыс орнатқан болып, әркез көмек көрсетуге әзір екенін дәлелдеп бағады.

Екінші сатыда, теріс ағымның тұзағына түскен адам үгіт-насихатты толықтай қабылдап, жетекшісінің сөзін екі етпейтін неофит күйге түседі. Өзге ақпаратты қабылдағысы келмей, тек идеологы ұсынған бағытпен жүріп-тұрады. Топтың жетекшісі неофиттің ұстазына айналып, әлгінің айтқанын қалтқысыз орындайтын күйге ұшырайды.

Үшінші саты, ой-санасы тұмшаланып, біржолата адасқан адам бұрынғы байланыстарды үзіп, отбасы, бауыр-туыстарынан теріс айналады. Қоғамның, туыстарының, тұтас мемлекеттің ұстанымына жиіркене қарайды.

Төртінші сатыда адасқан адам ұйымның мақсат-мүддесі өзі басын өлімге тігіп, ұстазының жолында өзін құрбан етуге әзір тұрады», – дейді Мәрлен Мүсілімов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here