Туризм мен ауыл шаруашылығы алға басқан өңір

0
3405

Бүгінде әрбір өңір үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Осы ретте облыс әкімдері түрлі инвестициялық форумдар ұйымдастырып, өздері басқаратын өңірлердің экономикалық мүмкіндіктерін инвесторларға барынша танытып қалуға тырысып бағуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы айрықша көзге ұрып тұр.

Жалпы, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығына артуына бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айрықша атап айтуға болады.

Бірінші кезекте өңірдің инвестициялық тартымдылығының артуына өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысының орталығы ретінде Түркістан қаласын белгілеуі айрықша ықпал еткені сөзсіз.

Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы өңірдегі туризм саласының дамуына айрықша серпін берді.

Өткен жылы қоңыр күзде Түркістанда өткен Халықаралық инвестициялық жəне туристік форумда дүниежүзінің түкпір-түкпірінен бірнеше ірі компаниялардың келіп, Түркістанды дамытуға ықылас танытқанын атап айтуға болады.

Осы алқалы басқосуда Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев көне шаһардың символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кіргенін қуанышпен хабарлағаны есімізде.

Осылайша, облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы өңірдегі туризмінің серпінді дамуына ықпал ете бастады.

Айтпақшы, Түркістан облысында дүниежүзі туристері назарын аударатын нысандардың қатарына Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бөлек, Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар қалашығы да кіргенін де айта кетуіміз керек.

Болашақта жергілікті билік орындары туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарын қарқынды жүргізе беретін болса, өңірдегі туристерді магниттей тартатын нысандардың қатары басқа нысандармен толыға түсетіні анық.

Соңғы жылдардағы статистикалық көрсеткіштерге назар аударсақ, соңғы жылдары Түркістанға келетін туристердің саны бір жылда миллионнан асатынын байқауға болады. Осылайша, Түркістан еліміздегі туристер үшін тартымды қалалардың көшін бастап келеді.

Алдағы уақытта жергілікті билік орындарының сырт елдердегі айтулы форумдарға қатысып, Түркістанның туристік әлеуетін кеңінен насихаттауы туристердің Түркістанға деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық.

Алдағы уақытта Түркістан қаласында салынатын әуежай сынды маңызды бірқатар инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы аяқталғанда Түркістанға келетін туристердің саны жүздеген мыңға жететіні сөзсіз.

Түркістан облысының ауылшаруашылық саласына инвестиция тарту ісінде де оң өзгерістер бар екенін айрықша атап айтуға болады. Осыдан біршама уақыт бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның жыл сайынғы ет экспортын 60 мың тоннаға дейін жеткізу туралы мәселе көтеріп, әр облысқа міндеттеме қойғаны есімізде.

Сол бір міндетті Түркістан облысының шаруалары толықтай орындап, өз мүмкіндіктерін тағы да паш етті.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін айта кетейік, өткен жылы түркістандық шаруалар сырт елдерге бір жылда 9600 тонна ет экспорттап, өңірлер арасында топ бастаған болатын. Өңірде өндірілген ет өнімдері Өзбекстан, Ресей, Иран, БАӘ елдеріне жөнелтілді. Осылайша, республикада ет экспорты бойынша Түркістан облысының үлесі 54 пайызға жетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Бүгінде бір кезеңде 5 мың бас ірі қара малды бордақылайтын «Қайып ата» серіктестігі еліміздегі ең үлкен мал етін экспорттаушы кәсіпорынға айналып отыр. Серіктестіктің ет өндіру қуаттылығы жылына 4 мың тоннаға дейін жетеді.

Бұдан басқа бір мезетте 1000 бас малды бордақылайтын 8 алаң да Түркістан облысында орналасқан.

Сөйтіп, Түркістан облысында туризм мен ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар өзінің нәтижесін беруде. Облыстың ауыл шаруашылығы саласына тартылған сыртқы және ішкі инвестициялар өңірдің экономикалық тұрғыдан дамуына айтарлықтай ықпал етуде.

Нұрлан ӘУБӘКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here