Қазақ балетінің көзі тірі аңызы – Болат Аюханов 80 жаста!

0
5768

Өткен айда қазақ балетінің тарихында өшпес із қалдырған, ҚР мемлекеттік академиялық би театрының негізін қалаушы әрі тұрақты жетекшісі, ҚР халық әртісі, әйгілі хореограф, профессор Болат Аюханов 80 жасқа толды.

Осыған орай әйгілі «Астана балет» театрының сахнасында Болат Аюхановтың 80 жасқа толуы мен өзі негізін қалаған Мемлекеттік академиялық би театрының 50 жылдығына орайластырылған мерекелік мерейтойлық кеш ұйымдастырылды.

Бұл кешке Аюхановтың өнерін сыйлайтын әлемдік балет өнерінің майталмандары, атап айтсақ – Штутграт (Германия) балетінің прима-балеринасы Мария Эйхвальд, «Эссен-балет» прима-балеринасы Юлия Цой, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ринат Мусин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Кокшинова, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Азамат Асқаров және Мемлекеттік академиялық би театрының әртістері қатысты.

Ал мерейтойлық шараның шымылдығын мемлекеттік академиялық би театрының бас балетмейстері Гүлфида Ғафурова түріп, Аюхановтың арнайы кешіне әртістердің қалай дайындалғанын тоқталып өтті.

Уақыттан озып жүретін адам

– Бүгінгі күн бізге ерекше жауапкершілік жүктейді, – деді Гүлфида Ғафурова. Бүгін аса қадірменді Болат ағаның мерейтойы! Бүгінгі күн сонымен қатар жаңа маусымның басталғанын білдіреді. Жаңа маусымға енді-енді бой үйретіп жатқан жайымыз бар.

Оның айтуынша, әртістер ұжымы Аюхановтың 80 жасқа толған мерейтойына тыңғылықты түрле дайындалыпты.

«Болат Аюхановтың 80 жасқа толуына орай – «Қыпшақ биі», «Хореографиялық буриме» сияқты жаңа қойылымдар әзірленді. Біздің репертуарымыз өте үлкен. Сондықтан, әрине, бәрін көрсеткіміз келеді.

Алайда уақытымыз шектеулі. Осы себепті Болат Ғазизұлының таңдамалы шығармаларын іріктеп алдық. Олардың ішінде Никколо Паганинидің «Мәңгілік қозғалыс», Жорж Бизе мен Родион Щедриннің «Кармен-сюита» балетінен үзінділер бар.

Сонымен қатар кезінде Болат Аюхановтың өзі орындаған Морис Равельдің музыкасына жазылған бір актілі «Болеро» қойылымы да көрсетіледі.

Менің пікірімше, Болат Ғазизұлы – әркез өз дәуірінен озып жүретін адамдардың бірі. Мен оны бес саусағымдай білемін. Ол өз ортасынан үш, төрт, бес, тіпті 10 қадам алда жүреді.

Сенбесеңіз, оның хореографиялық стиліне көз жүгіртсеңіз болады. Бұл стиль әлі де қызық, әлі де жаңашыл.

Болат аға – хореография өнерінде революция жасаған тұлға. Осы себепті де оны – уақытың алдында келе жатқан адам деп айтуға қақым бар. Оның қойылымдары хореографиясымен ғана ерекшеленіп тұрмайды, сонымен бірге стилі де ерекше. Оның ырғағы – керемет таңдалған музыкалық материал, – деді бұл ретте Гүлфида Ғафурова.

 

Арыстанбек Мұхамедиұлы:  «Болат Ғазизұлы – біртуар тұлға»

Аюханов құрметіне арналған сый-сияпаттар мен мерекелік қойылымдар мұнымен шектелген жоқ.

Кештің жалғасында Камиль Сен-Санстың «Рондо Каприччиозо» шығармасына қойылған туындылар мен «Суретші мен аққу», «Кармен-сюита» балетінен вариация, Адольф Аданның «Корсар» балетінен Па-де-де және «Жизель» балетінің үзіндісі көрсетілді.

Бұдан бөлек мерейтойға жиналған көрермен Александр Бородиннің «Қоншақ хан ордасындағы қыпшақ биін», Джузеппе Вердидің «Камелия гүлін ұстаған бегімін», Сергей Прокофьевтің Рудольф Нуриевтің құрметіне арнаған «Хореографиялық буримесін», Морис Равельдің «Болеросы» мен Болат Аюхановтың хореографиясын тамашалады.

Шара барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы атақты балетмейстерді туған күнімен құттықтап, ақ тілегін айтты.

– Болат Ғазизұлы – қазақтың балет өнерінің темірқазығы, «Алматының жас балеті» ғажайып ұжымының негізін қалаушы әрі тұрақты жетекшісі.

Ел сіздің қазақ өнеріне сіңірген еңбегіңізді ұмытқан жоқ, ұмытпайды да.

 

Мен Болат Ғазизұлын жазушылық қырынан да жақсы танимын. Әйгілі балетмейстер қазір «Қария мен көздің жасы» атты романын жазып жатыр.

Болат ағаның жазушы ретіндегі стилі де өте қызық. Болат Ғазизұлы біреуді шымшып, аздап тістеп жазады. Содан да шығар ағамыздың әр еңбегін үлкен қызығушылықпен оқисың. Мен бүгін біртуар тұлға, біздің құрметті Болат Ғазизұлын құттықтауға мүмкіндік бергендеріңізге алғысымды білдіремін. Бүгін бұл залда оның барлық әріптестері келіп отырғаны өте қатты қуантады, – деді деді осы орайда Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұдан бөлек министр Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Құрметті Аюханов Болат Ғазизұлы, мерейлі 80 жасыңызбен! Сіз басшылық жасап отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық би ұжымының құрылғанына 50 жыл толуымен де құттықтаймын!

Сіздің өнердегі өмір жолыңыз, халқымыздың ұлылығы мен сұлулығын, ел бірлігі мен халықтар достығын би нақыштарымен өрнектеудің, елімізде өнердің осы түрінің өркен жаюына сүбелі үлес қосудың жалғыз үлгісі екені сөзсіз. Сондықтан да жұртшылық сізді үлкен өнер иесі ғана емес, танымал тұлға ретінде де жақсы біледі және құрметтейді.

Қатар келген қос мерейтой тұсында Сізге және бүкіл театр ұжымы мүшелеріне зор денсаулық, бақыт, тәуелсіз еліміздің рухани жаңғыру жолындағы шығармашылық ізденістеріңзге әрдайым сәттілік пен табыстар тілеймін! – делінген Президенттің құттықтауында.

Кеште Президенттің 2018 жылдың 20 маусымындағы жарлығы бойынша Болат Аюхановқа «Астана – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Ілгеріде Аюхановты мерейтойымен құттықтап келгендердің арасында әлемге танымал тұлғалардың көп болғанын айттық. Солардың бірі – «Эссен-балет» театрының прима-балеринасы Юлия Цой.

Юлия Цой: «Біз Болат Ғазизұлынан үлгі алдық»

Юлия Цой сөз сөзінде Болат Аюхановты араға ширек ғасып салып барып қайта көріп отырғанын айтты.

– Білесіздер ме, Болат Ғазизұлы маған туған әкем сияқты. Иә, ұзақ жыл көріспедік. Алайда осы уақытқа дейін ол ешқайсымызды бөліп-жарған емес. Ортасына өте сыйымды адам. Әркез әрбір әртіске көңіл бөліп, біздердің өз-өзімізге деген сенімділігімізді шындап отыратын.
Мұнтаздай киініп жүретін еді. Кәстүм-шалбар, сақина, шарф… Мінекей, соған қарап біз де Болат Ғазизұлынан үлгі алдық. Біздер де сондай мүсініміз болса деп армандайтынбыз.

Ағамыздың тектілігі сонда бір жері ауырып тұрса да, көңіл-күйі болмай тұрса да бізге көрсетпейтін еді. Ал біздердің оны жақсы көргеніміз соншалықты әрқайсысымыз үшін оның орны бөлек болатын. Неге дейсіздер ме? Өйткені ол бишінің ең мықты тұлғалық қырларын аша алатын. Міне, ұстаз деген осындай болуы керек, – деді өз сөзінде Юлия Цой.

 

Болат Аюханов: «Балет? Бұл қан мен тер»

80-нің сеңгіріне шықса да Болат Аюханов өнерден, шығармашылықтан қол үзген жоқ. Құрылғанына 50 жыл тоған Мемлекеттік академиялық би театрына әлі күнге дейін жетекшілік етеді, кітап жазады.

Өнерсүйер, кітапсүйер қауымға оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны», «Балет өрнектері немесе өмірлік Па-де-буре» сияқты туындылары жақсы таныс. Әзіргі таңда ол «Қария мен көздің жасы» атты роман жазуда. Болат Аюхановтың айтуынша, бұл шығармада қиындық көріп жүрген қарияның өмірі баяндалады.

Осынау шара аясында мерейтой иесіне де сөз берілді.

– Маған жазып жатқан кітабым турасында түрлі сауалдар жолдап жатыр. Кітаптың мазмұны трагедияға құрылған. Алайда бұл арада – балет емес, акушер-гинеколог әрі ветеринар қарияның өмірін суреттеймін. Одан өрбіген балалары, немерелері мен шөберелері туралы айтамын. Иә, рас мен кәсіби жазушы емеспін. Заманның қолында қаламы мен қағазы бар куәгерімін, – дейді Болат Аюханов.

Сонымен бірге мерейтойымен құттықтап келген әрбір қонаққа алғысын айтты.

– Балет тек өнер ғана емес. Бұл – бейнет. Бұл – еңбек. Бұл төгілген – қан мен тер. Балетті Құдай қарғаған кәсіп деп бекер айтпаса керек. Кей кездері, қиналған сәтімізде біз өзіміздің өкпе-назымызды тіпті жақындарымызға да ақтарылып айта алмайтын кезіміз болады.

Білесіздер ме, бұрынырақта мен ұл-қыздарын балетке жетелеп әкелетін ата-аналарға әркез: «Несіне келдіңіздер? Балаларыңызды балеттен алып кетіңіздер. Балеттегі баланың балалық шағы болмайды», – деп айтатын едім.

Шыны керек, бүгінгі мерейтойдың өткізілуіне қарсы болдым. Өйткені өмірдегі, өнердегі көздеген мақсатыма әлі жеткен жоқпын. Соңғы 3-4 жыл бойына білек түріп тастап жұмыс істедім. Шығармашылықпен айналыстым, қойылымдар әзірледім. Өнердің ең басты көрсеткіші – нәтиже. Ал нәтижеге жету үшін еңбек ету керек. Қазіргі жас балет артистеріне мұны үнемі айтып отырамын. Шалағайлықты қою керек. Сонда ғана нағыз өнер туады, – деп түйіндеді сөзін қазақ балетінің көзі тірі аңызы.

«Қала мен Дала» анықтамасы:

1938 жылы Семейде дүниеге келген. 1967 жылдан бастап Мемлекеттік академиялық би театрының жетекшісі.

Өнертану докторы, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі.

Халық артисі 1965-2010 жылдар аралығында қазақстандық композиторлардың музыкасына 30-дан астам балет, 150 концерттік нөмір қойған.

«Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. «Платина Тарлан» (2000), «Алтын Адам» (2008) сыйлықтарының, мемлекеттік сыйлықтардың иегері.

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here