Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында ТҮРКСОИ ұйымының 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.

Жиынға қатысушылар әуелі мерейтойға арналған көрмені тамашалады. Халықаралық ұйым жайлы арнайы бейнефильм көрсетілді. Басқосуда алғашқы болып сөз алған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жиылған қауымды Халықаралық түркі әлемі гуманитарлық ғылымдар конгресі аясындағы  «ТҮРКСОИ-дың құрылғанына  25 жыл» секциясының ашылуымен құттықтады.

– Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «ТҮРКСОИ түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. ТҮРКСОИ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып, түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды. Түркі халықтары жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, ұлттық кодын, өзіндік ерекшеліктерін, мәдениеті, руханияты мен мемлекеттілігін сақтап қалу үшін өзара ынтымақтастығын нығайтып, бірлігін бекемдей түсуі керек.

Осыны ескерсек, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бастамасымен үйлесіп, «Мәңгілік ел» мұраттарымен үндесіп келді. Түркістан – түркі қағанаттарының туы тігілген Орда.  Түркістан – түркі халықтарының орасан зор оғландары ақ киізде хан көтерілген қасиетті жер.

ТҮРКСОИ ұйымы алдағы уақытта да түрлі қалаларды түркі әлемінің мәдени астанасы етіп жариялай отырып, туысқан халықтар арасындағы осынау байланыстарды одан әрі тереңдете түсері шүбәсіз. Түбі бір түркі түгел болса, біздің алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз көп болмақ! – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ жиында ТҮРКСОИ Халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Әбдірасілов сынды ғалымдар ұйымның маңыздылығы хақында баяндама жасады.

Айта кетерлігі, салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ТҮРКСОИ Халықаралық ұйымының «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімдігі мен «ТҮРКСОИ» Халықаралық ұйымы арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Түрі өзге, ділі бір түркітілдес бауырлар түркі халықтарының орасан зор оғландары ақ киізде хан көтерілген қасиетті жер – Қожа Ахмет Ясауи рухына бас ие отырып, ұлының ұстазы, бабтардың бабы Арыстан баб жайындағы мәліметтерге зор бейіл танытып, ұстаз рухына сәлем беру мақсатында қас қарая Отырар ауданына жол тартты.

– Қасиетті Түркістан біз үшін аса мәртебелі. Рухани бабамыздың ұлық ұстазы жайында естіп, басына жеткенше асықтық. Арыстан баб та аса алыс емес екен. Қос алып жатқан қасиетті өлкелер – бірліктің туы берік түркі жұртының мақтанышы, ортақ ордасы. Барша түркі халқының алтын шаңырағына айналған құт мекендер ұрпақтан-ұрпаққа қасиет нұры, таңбалы тарихымен қала береді. Рухани ұстаздар мәңгілік дамыл тапқан мекенді көзбен көріп, топырағын басқаным үшін шын жүрегіммен қуаныштымын. Түркістан облыс орталығы болған тарихи жаңалық та құтты болсын! Түркістан мен Отырардың жаңа дәуірі басталғаны байқалады, – деді Түрік әлемін зерттеу қоғамының төрағасы Көзхан Язган.

Бабалар сыры мен тарихына терең үңілген түркітілдес елдерден келген делегаттар Отырар ауданы әкімінің орынбасары Абдығали Жүнісов жол бастауымен Арыстан баб кесенесінде Құран бағыштап, Әбу Насыр әл-Фараби, Өзбекәлі Жәнібековтердің де рухтарына бас иді. Киелі орынның тарихымен танысқан қонақтар ауданның туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарына да зейін қойып, алдағы уақытта Түркі елдері барынша мол қадам басатын Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелеріне келушілер саны ұлғаятыны жөнінде де қуаныштарын жеткізді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here