Вице-министр Алматы облысындағы дәрігерлердің қауіпсіздігіне баса көңіл назар аударды

0
1099

Алматы облысына жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров келді. Сапар барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ және облыстың бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовпен бірге Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарындағы бірқатар медициналық мекемелердің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Іле аудандық орталық ауруханда Камалжан Надыров коронавирус инфекциясының (COVID-19) алдын алу және індетке қарсы тұруға қажетті  ресурстарды, ұжымның індетпен күрес шараларына дайындығын көрді.

Мұнан соң аурухана корпустарының біріндегі індет белгілерімен жүгінген және дене қызуы көтеріліп келген пациенттерді қабылдауға арналған фильтрлерді көрді. Министрлік өкілі сол сияқты перзентхана бөлімінде жүкті әйелдерге арналған фильтрлерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Олардың жұмысына қатысты ұсыныстарын айтты.

Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Майра Егембердиеваның айтуынша, қазіргі кезде мекемеде провизорлық (120 орын) және карантиндік (100 орын) стационарлар бар.

– Емханаға пациенттердің келуі шектелген, дене қызуымен келген пациенттер жүгінетін ересектер мен балаларға арналған фильтрлар бар. Кіре берісте тұрақты пост қойылған, онда барлық келушілердің дене қызуы өлшенеді. Фильтр бөлмесінде егжей-тегжейлі сараптама жасалады – пациенттен оның болған жерлері, қарым-қатынас жасаған адамдары, аурудың белгілері туралы сұралады. Көлікті дезинфекциялауға арналған арнайы алаң бар. Сол сияқты перзентхана бөлімінде дене қызуымен келген жүкті әйелдерге арналған фильтр қарастырылған, – деді бас дәрігер.

Атап өтсек, Іле ауданында халықтың тығыз орналасуына байланысты Өтеген батыр кентінде 100 орындық карантиндік госпиталь резервте дайын тұр.

Вице-министр сапарының қорытындысында айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, кемшіліктерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылатын болады. Соның ішінде ең бастысы – төтенше жағдай кезіндегі медперсоналдар әрекетінің алгоритмге сай болуы, медицина мамандарын адамдармен артық байланыстан қорғау, ғимарат ішінде қатаң түрде белгіленген маршрут бойынша ғана жүру мәселелеріне қатысты шаралар.

Бұдан соң министрдің орынбасары Камалжан Надыров Қарасай ауданында аудандық орталық аурухана мен оның инфекциялық бөлімінің жұмысымен танысты.   Мұнда ол қабылдау бөлімінде, перзентхана бөлімінде, изолятор мен фильтр бөлмелерінде болып, ондағы медицина мамандарымен тілдесті. Вице-министр аурухананың инфекциялық бөліміне барды. Мұнда коронавирус инфекциясымен 11 адам түскен, оның 5-еуі жазылып шыққан, қалғаны емдеу курсын қабылдауда.

К. Надыров медицина мамандарын қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді үздіксіз жүргізуді тапсырды.  

Іс-сапар Еңбекшіқазақ ауданында жалғасып, мұнда ресми өкілдер ең алдымен «Көксай», «Береке», «Алтын Алма», «Алтын Адам» саяжайларының маңына қойылған блокпосттардың біріне барды. Мұнда коронавирус инфекциясының 11 жағдайы тіркелгеннен кейін саяжайлар карантинге жабылған болатын. Режим 2020 жылдың 12 сәуірі күнгі түнгі сағат 00.00-ден бастап енгізілді.  

Осы саяжайларда 1512 аула бар, онда 9 мыңдай адам тұрады. Саяжай массивтерінің жалпы аумағы – 111 га. Мұнда 3 блокпост қойылған. Периметрді қоршау үшін полиция қызметкерлері, медицина мамандары және арнайы әскери жиынға шақырылған әскери қызметкерлер тартылған. Жалпы жағдай жергілікті атқарушы органның тұрақты бақылауына алынып, қажетті шаралар қабылдануда.

Камалжан Надыров Еңбекшіқазақ ауданындағы ауданаралық көп салалы ауруханада болып, оның тындырымды жұмысын атап өтті. Мекемеде халықпен байланыс барынша азайтылған. Дәрігерлердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қажетті жағдайлар жасалған. Медицина мамандарын орналастыру үшін санаторий дайындалған, мұнда оларға демалып, ұйықтап, жұмысқа қайта кірісуге күш жинап алуға мүмкіндіктер жасалған.

Жетісу өңіріне жасаған сапарының соңында Камалжан Надыров Мемлекет басшысы мен Денсаулық сақтау министрінің қойып отырған басты міндеттерінің бірі медицина мамандарының еңбек жағдайының сапасын арттырып, қауіпсіздігін күшейту екенін атап өтті.

– Өкінішке қарай, біз іс жүзінде коронавируспен ауырған әрбір төртінші-бесінші адамның медицина қызметкері екенін көріп отырмыз. Бұл әрине, бізді қатты алаңдатады. Сондықтан бүгін аралау барысында біз нұсқаулық бойынша түсіндіріп, атқарушы органдармен, бас дәрігерлермен жұмыс жүргізіп, коронавирус індетіне байланысты қауіпсіздік шараларына ерекше назар аудару қажеттігін айтып келеміз. Сонымен қатар біз медицина мамандарына қандай жағдайлар жасалғанын көріп білдік, – деді вице-министр.

Бұл ретте ол Алматы облысындағы инфекциялық стационарлар дәрігерлеріне жақсы жағдайлар қарастырылғанын атап өтті. Бұл республиканың басқа өңірлеріне үлгі бола алатынын да айтты.

Сонымен қатар КВИ-мен күреске бағытталған жұмыстарды моральдық та, материалдық та жағынан қолдауға жекелеген меценаттар атсалысып, арнайы қорлар ашылып жатқанын да тілге тиек етті.

– Алайда біз көше қозғалысының, адамдардың жүріс-тұрысының әлі азаймағынын көріп отырмыз. Бұл – аудандар қалыпты өмірін жалғастырып жатыр деген сөз. Оған қазір жол беруге болмайды. Біз бас мемлекеттік санитар дәрігерлердің ұсыныстарын қаншалықты тыңдап, қаншалықты сапалы орындасақ, соншалықты індетті жылдам жеңіп, қиындықты тез еңсере аламыз. Бүкіл елді ұзақ уақытқа карантинге жабу экономикалық жағынан да, психологиялық жағынан да оңай емес екенін түсінеміз. Дегенмен бүгінгі күні ең алдымен бәріміз бірігіп, инфекцияны жеңуге күш салуымыз керек, – деді денсаулық сақтау министрінің орынбасары.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here