Биыл қазақ халқы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуді жоспарлауда. Десек те, кейбір өнер ордалары кемеңгер ақынның мерейтойын атап өту бағытындағы бірқатар іс-шараларды бастап кетті. Күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның 700 әртісі «Көзімнің қарасы» әнін бір ауыздан шырқап, ақын шығармашылығына құрмет көрсетті.

Осылайша, елордадағы филармония қызметкерлері ең ірі флешмоб ұйымдастырып, еліміз бойынша рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Бұған дейін елімізде өнер адамдарының бір жерге жиналып, бір әнді нақышына келтіріп шырқауы бұрын-соңды болмаған-ды.

Мемлекеттік академиялық филармонияда туындаған бұл идеяны ұжым қызметкерлері бірауыздан қолдаған. Қазіргі таңда филармонияда 11 шығармашылық топ жұмыс істейді. Олар – қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, үрмелі аспаптар оркестрі, ішекті квартет, камералық хор, «Сарыарқа» халық музыкалық ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, классикалық және эстрадалық вокал, дәстүрлі халық әні бөлімі, «Әлем» эстрадалық би ансамблі.

Бұдан кейін филармонияның солистері мен музыкалық топтары Абайдың әйгілі «Желсіз түнде жарық ай» әнін акапелла орындады. Бас директор Ерлан Дәкенов қазақтың ұлы ақыны, композитор һәм жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың мерейтойын атап өту маңыздылығына тоқталып, эстафетаны ұжым атынан Қазақстан және Ресей Федерациясының филармонияларына жолдады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here