Дүниеге бала келді. Оған мемлекеттен берілетін жәрдемақы қалай есептеледі? Қандай құжаттар тапсыру керек? Оны қалай алуға болады?

Оны рет-ретімен төменде есептеп көрсетіп қойдық, қарай отырыңыз.

Қазақстанда бала туған әйелге мемлекеттік бір реттік жәрдемақы беріледі. Ол әйел адамның жұмыс істеген-істемегеніне қарамай беріледі.

Бір реттік жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 91 390 теңге болады. Ал төртінші және одан көп балаға 68 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 151 515 теңге болады.

Босануға байланысты бір реттік жәрдемақыны алу үшін өзіңіз тұратын өңірде орналасқан „Азаматтарға арналған үкімет„ мемлекеттік корпорациясының филиалына барып, өтініш жазуыңыз керек. Бала бір жасқа толғанға дейін оны алып алу керек. Одан кейін кеш болады. Ол үшін төлқұжатыңыз бен баланың туу туралы куәлігі болса болғаны. Бұдан бөлек мекен-жай анықтамасы да керек болады.

Ал оралмандар үшін оралман куәлігі, баланың туу туралы куәлігі немесе тууды тіркеген акті де жарай береді.

Егер бала асыранды болса, соны дәлелдейтін құжаттар болуы тиіс. Егер құжатты рәсімдеумен бөлек үшінші бір адам айналысса, оған сенімхат берілуі тиіс. Егер ата-анасы мен баланың аты-жөнінде айырма бар болатын болса, онда некені тіркеген немесе некенің бұзылғаны туралы куәліктер керек болады.

Жұмыс істемеген әйелдерге тағы бір жәрдемақы қарастырылады. Бала бір жасқа толғанға дейін берілетін. Оны міндетті әлеуметттік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын әйелдер алады.

Бұл әлеуметтік көмек ай сайын беріледі.

Бала күтіміне арналған бұл жәрдемақының көлемі:

бірінші балаға — 5,76 АЕК (13 853 тг), екінші балаға — 6,81 АЕК (16379 тг), үшінші балаға — 7,85 АЕК (18 800 тг), төртінші және одан көп балаға — 8,90 АЕК (21 405 тг).

Бұл арада да жоғарыда аталған құжаттарды тапсыру керек болады.

Ал жұмыс істейтін әйелдерге мемлекет жұмысшысы төлеп келген сақтандыру қорындағы қаражаттан әлеуметтік көмек ақша бөледі.

Ол аяғының ауырлығы және бала тууына байланысты табыстан қағылғаны үшін берілетін әлеуметтік төлем. Оны туғанға дейінгі төлем, орысша айтқанда, дородовой деп те айтады.

Бұл төлем әлеуметтік қауіп-қатер туған жағдайға дейінгі соңғы 12 айда бөлінген әлеуметтік жарнаға байланысты есептеледі.

Бұл арадағы әлеуметтік қауіп-қатер — аяғы ауырлап, бала тууына байланысты табысынан айырылу. Яғни, екіқабат болғанға дейінгі соңғы 12 айдағы орташа табысының көлемі дөңгеленіп алынады.

Жұмыс беруші екіқаббаттығына байланысты 126 күн демалыс береді. Оның 70 күнін екіқабат әйел баласын туғанға дейін алады, қалған 56 күнін бала туғаннан кейін алады. 126 күн / 30 = 4,2 коэффициент. Осы коээфицентпен екіқабат әйелдің демалысына төленетін төлем есептеледі.

Яғни, соған сәйкес, бір реттік әлеуметтік төлем жасалады.

Мысалы, айлықты 100 000 теңге деп алалық.

100 000*12= 1 200 000; 100 000*4,2 = 420 000; 420 000 — 10 процент (зейнетақы алымы) = 378 000 мың теңге әлеуметтік төлем шығады.

Бұдан бөлек жұмыс істеген әйел де бала күтіміне бір жыл бойына ай сайын жәрдемақы алады. Бұл жағдайда жәрдемақы әлеуметтік сақтандыру қорына аударып отырған жарнасы есебінен есептеледі. Ол үшін әлеуметтік сақтандыру қорына аударған соңғы екі жылдағы ақшасын есептеп, оны 24-ке бөлеміз, ал одан шыққанды 0,4-ке көбейтеміз де одан 10 процентті алып тастаймыз — бұл зейнетақы алымы ғой.

Мысалы, әйел адам соңғы екі жылдың бірінде 80 мың теңге, екіншісінде 90 мың теңге жалақы алды делік.

80 000*12+90 000 *12 = 960 000+1 080 000 = 2 040 000 тенге; 2 040 000/24 = 85 000; 85 000*0,4 = 34 000 тенге; 34 000 — 10 процент (зейнетақы алымы) = 30 600 теңге. Демек, баланың бір жасқа толғанға дейін ай сайын берілетін төлем сомасы осындай болады.

Еске сала кетелік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы мақсатта бөлінген ақша үш айдың ішінде жаратылмаса, онда үкімет ақша беруді доғаратынын ескертеді.

Сондықтан бұл төлемдер аударыла салысымен оны шоттан тез шешіп алған абзал болады.

Ақша жинау керек болса, онда оны басқа шотқа аударып, жинауға болады. Ондай жағдайда төлем тоқтатылмайды.

 

Кәмшат СӘТИЕВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here