Әрі таңғалып, әрі тамсанып қайттық. Мектеп жасындағы бала демесең, оқушылар кәсіби актерлерден кем ойнамайды екен. Осыған көзіміз жетті.

«Көпір» деп аталатын спектакль ата-аналар мен жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынасты боямасыз суреттепті.

Бұл спектакль «Болашақ – менің таңдауым» атты жобаның аясында өткізілді. Айта кетсек, аталған жобаға «Шеврон» компаниясы қолдау көрсетті.

«Шеврон» компаниясы өкілдерінің айтуынша, жастардың дұрыс жол таңдауына көмектесу әрі олардың тұлға ретінде қалыптасуына жол ашу – компанияның әлеуметтік инвестицияларының ішіндегі басты бағыттардың бірі.

«Шеврон» өзінің білім беру бағдарламалары аясында өсер ұрпақтың өмірден өз орнын табуына, талантын ашып, қабілетін көрсетуіне барынша жағдай жасайды» – дейді компания өкілдері.

Енді тікелей спектакль туралы әңгімеге көшсек.

Идеяны «Салауатты көшбасшылық уақыты» лагерінде жазғы демалысын бірге өткізген жеткіншектер ойлап тауыпты. Жаз бойы құрбы-құрдастары демалып жатқанда, балалар бірлесіп спектакль сценарийін әзірлеген.

Бұған «АРТиШОК» театрының кәсіби актері Дмитрий Копылов жетекшілік етіп, балаларға театр өнерінің қыр-сырын үйретеді.

Спектакль не туралы? 

Былтырғы жылғы қойылымның ақыры трагедиямен аяқталған-тұғын. Мектептегі әлімжеттіктің ақыр түбі неге алып келгенін көріп, сол қойылымнан көп нәрсе қорытқан едік.

Бұл жолғы «Көпір» деп аталатын спектакльдің желісі комедияға құрылғанмен күнделікті өмірдегі ата-ана мен баланың арасында туындайтын келіспеушіліктерді шынайы бейнелепті.

Есейе келе баланың мінезі, талғамы өзгереді. Өмірге, ортаға деген өзіндік көзқарасы қалыптасады. Жасөспірім кезеңдегі бала мінезіндегі күрделі өзгерістерді ата-аналардың көпшілігі аңдай алмай жатады. Жастайынан мәпелеп өсірген әрі өз айтқанын орындатып үйренген ата-ана баласының қандай күйзелісте жүргенін сезбеуі де мүмкін.

– Баланың ата-анасы мүлде қаламайтын кәсіпке қызығуы мүмкін. Айталық, ол рок әншісі болғысы келеді. Бұл жаста бала көңілі алып-ұшып тұрады. Иә, рас жақсыны да, жаманды да қабылдауға бейім келеді.

Көпшілік ата-аналар баланың белгілі бір өнерге деген талабын тежеп, мүлде қаламайтын кәсіпті игеруге икемдегісі келеді.

Осылайша, баланың бойындағы арманды «өлтіріп» алғанын аңдамайды. Біздің қоғамда бала тәрбиесіне келгенде әрдайым шектеп, тыйып отырып салт қалыптасқан. Бұл бір жағынан пайдалы болғанымен, кесірі де көп. Қазіргі заман жасқаншақ емес, өжет, алғыр, ізденімпаз, өз ойын ашық айта алатын ұрпақтың заманы, – дейді Дмитрий Копылов.

«Көпірдегі» бір көрініс санамызда сақталып қалғаны сондай, мұны сіздерге баяндап бергенді жөн көрдік.

– Баласы өнерге қызығады. Скрипканы сүйеді. Алайда скрипка сатып алар ақшасы жоқ. Әкесінен сұрауға жасқанады. Амалсыз үйдегі киім ілгішті скрипкаға ұқсатып, өзін әйгілі скрипкашының кейпінде елестетеді.

Ал әкесі бұған қарсы. Баласының боксшы болғанын қалайды. Боксқа сүйрелейді. Ұлының «әке маған скрипка әперші, өнер жолын қуғым келеді» деген өтінішіне құлақ аспайды. Керісінше, бокс қолғабын әперіп, ұлын өзінен әлдеқайда мығым қарсыласқа қарсы шаршы алаңға шығарады. Ұлының тұмсығы қанап, көзі көгереді. Ауыр жарақат алады…

«Көпір» спектаклі әке мен бала арасындағы осындай өмірлік көріністерді шебер суреттей білген.

Жобаға «Шеврон» компаниясы қолдау көрсеткенін айттық.

Компания атынан шараға қатысқан «Шеврон» компаниясы БАҚ және қоғаммен байланыс қызметінің үйлестірушісі Айнұр Сыдықова «Көпір» атты қойылымның өзіне ерекше әсер еткенін, ата-ана ретінде осы қойылымнан өзін де көргенін айтып, театр ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.

– Қойылым сценарийі өмірден алынған. Осы спектальге келген әрбір ата-ана қойылымнан өздерін сырттай бақылағаны анық. Баланың талабын шыңдап үйрену қажет. Әрбір бала – тұлға. Тұлғалық қасиетті дамыту үшін бала бойындағы ерекшеліктерге ерте бастан назар аудару қажет, – деді ол.

«Көпір» спектаклі біздің де көңілімізден шықты. «АРТиШОК» әдеттегідей көрерменге лық толы болды. Қойылымды көруге ата-аналармен қатар жеткіншіктер де көптеп келген екен. Қойылымның көп адамның көкейіне ой салғаны анық.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here