Дәрігерлік амбулатория ашылды

0
1601

Алматы облысы, Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылдық округінде дәрігерлік  амбулаторияның ашылу салтанаты өтті.

Жаңа амбулаторияның құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 87 млн 250 мың теңге бөлінген. Бас мердігер –  «Мега Сервис» ЖШС.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Әлібек Жақанбаев, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, аудан құрметтілері мен округ тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

– «Халық денсаулығы – Қазақстанның стратегиялық мақсаттарға жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі». Сондықтан Елбасы өз Жолдауында «Қазақстанда әрбір азаматтың денсаулығы мықты, хал-ахуалы жақсы болуы тиіс», – деп атап көрсетті. Ендеше, бұл амбулаторияда науқастардың саны аз болсын. Дендеріңіз сау, ауырмай жүрулеріңізге тілектеспін. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының мамандары жемісті еңбек етеді деген сенімдемін. Жаңа нысан құтты болсын, – деді аудан әкімі Әлібек Әскербекұлы.

Емдеу мекемесінің лентасы қиылғаннан кейін меймандар мен ауыл тұрғындары мекеме жұмысымен танысып, ішін аралады.

Жаңа заманауи құрылғылармен жабдықталған амбулаторияда бес қызметкер жұмыс жасайтын болады. Мұнда стерилдеу, химизатор, қарау, егу, фельдшер, емдеу-жара таңу, акушер және қақырықты жинау, қызметшілер мен ақпарат бөлмелері бар. Дәрігерлік жәрдемге дейінгі, алғашқы және медициналық көмектер көрсетпек. Күндізгі стационарлық емдеуге арналған бөлме арнайы үш төсектік орнымен де қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар жуырда Қарабұлақ ауылында күніне 25 адамды қабылдай алатын фельдшерлік-акушерлік пункті халық игілігіне беріліп, қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына қалтықсыз қызмет етуде.

Негізінен, ауданда 3 аурухана, 19 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, 15 медициналық, 5 жедел-жәрдем пункттері жұмыс атқаруда. Онда 678 медицина қызметкерлері халыққа қызмет көрсетуде. Олардың 103-і – дәрігер, 575-і – орта буын медицина мамандары.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here