Осы аптада «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің өкілдері Түркістан облысына келіп, облыстағы бала құқын қорғау мәселесіне назар аударды.

Билік партиясының жанынан құрылған Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің жетекшісі Динара Закиева елімізде балалардың құқын қорғаудың қаншалықты маңызды мәселе екенін алға тартты.  

Шымқаладағы жүздесуде кеңес мүшелері еліміз бойынша балалардың құқықтарын қорғау маңызы жайында әңгіме өрбітіп, облыстағы білікті мамандардың ой-пікіріне назар аударып, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін олардан ұсыныс аса маңызды екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бастаған азаматтар да бала құқының қорғалуы Түркістан облысында маңызды мәселелердің бірі екенін ашып айтты.

Кеңесу бағытында өткен жиында жергілікті жерде бала құқын қорғап жүрген белсенділер облыс аумағында жағдай бойынша баяндамалар жасап, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.

Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген мамандар Түркістан облысына келгендегі басты мақсаттар «Бақытты отбасы» партиялық жобасын өңірлерге таныстырып, бала құқын қорғау бағытында жұмыс істеп жатқан тиісті мекемелердің іс-тәжірибесімен бөлісіп, өңірлерде бала құқының қорғалудың маңызды жүйесі қалыптастыруға күш салатындарын жеткізді.  

Түркістан облысын аралаған «Nur Otan» партиясы белсенділері жергілікті жерлерде өткен жүздесулерде жергілікті полиция, адами әлеуетті дамыту, қоғамдық денсаулықты сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының есептері тыңдап, маңызды ақпараттарға қаныққанын айта кетуіміз керек.

Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев сөз алып, «Бақытты отбасы» партиялық жобасын жүзеге асыруда Түркістан облысындағы нұротандықтар қызу жұмыс істеп жатқанын алға тартты.

Сонымен қатар ол облыс орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына ауысқанда бала құқын қорғау ісімен айналысатын бірқатар мекемелер Шымкентте қалып кеткенін айтты. Партия жетекшісі алдағы уақытта Түркістан қаласында да бала құқын қорғау ісімен айналысатын құзырлы орындар құрылып, бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алатынын алға тартты.

«Nur Otan» партиясы жанынан құрылған Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңесінің өкілдері Түркістан, Арыс қалалары мен Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт, Түлкібас, Төле би, Сайрам аудандарын аралап, жұмыстар жүргізеді. Сапар барысында олар көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, балаларға қосымша тегін білім беру жолдары талқылап, жұртшылықтың ұсыныстарын тыңдаған.

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here