Әңгіме

Жалғыз әжей қашанғы отырсын, дүкен жаққа барып абысын-ажындармен әңгімелесіп қайтайын деп үйден шықты. Бұл анда-сандағы әдеті. «Немерелерім жанымда болса, рулы елдей болып, үйде отырмас па едім» деп ренжи түсті де «қой, үйренсін деген бала-келіндікі де жөн шығар» деп әжей дүкенге қарай беттеді. Нан дүкеніне бас сұқты. Біраздан көрінбей кеткен ақ қалаш нан түсіпті. Қызығып кетіп үш-төртеуін алды. Тоқаш та келген екен, одан да алды. Балалар дүкеніне соқпай кетпейтіні бар. Мұнда балалардың аяқкиімі, көйлек-көншектері түсіпті. Қалтасы ақшасыз болмайтын әжей, немерелеріме шақ-ау дегендерін сатып алды. Жолай бақшаға соғып, немерелерін бір қуантып, өзі де қуанып үйге қарай беттеді.

Қатты шаршағанын енді сезінгендей, қолындағы заттары бір түрлі ауырлай түскендей. Көмек күткендей жалтақ-жалтақ жан-жағына қарады. Сапырылысқан адамдар ерсілі-қарсылы өтіп жатыр, өтіп жатыр. Осы сәтте әжейдің жанына велосипед мінген 12-лер шамасындағы бір бала өте бере, кілт тоқтады.

– Әже, сәлем бердік. Қолыңыздағы заттарды маған беріңіз, үйіңізге дейін жеткізіп салайын. Үйіңіз қай маңда еді? – деп қасына келді. Оған әжей күлімсірей қарап:

– Амансың ба, қалқам. Қай баласың? Өркенің өссін, нешіншіде оқисың? – деді.

Бала жөнін айтқанда көптен көріспеген замандасымен кездескендей, көңілі бір серпіліп қалды. Үйінің қай маңда екенін айтып, қолындағы заттарды балаға ұсынды. Бала ұсынған заттарын алды да, жөнеле берді.

Әжей жаны жай тапқандай, баланың артынан сүйсіне қарап, үйге қарай адымдап келеді. Өз-өзінен күбірлейді. «Тұқым ғой, тұқым. Тіл-ауызым тасқа, Берсен мен Күнімнің немересі өздеріне тартқан екен. Тектінің баласы тегіне тартады екен ғой. Тіл-ауызым тасқа».

Үйге де жақындап қалды. Есік алдында өзін күтіп тұрған жаңағы баланы көрді. Баланың аты – Қайрат. Әжей Қайратты мейірлене құшақтап, маңдайынан сүйді.

– Осындай ақылды, мейірімді бол! Берсен мен Күнімге сәлем айт. Балым әжемді көрдім де. Асықпа, үйге кіріп шай іш, – деп бәйек болып жатыр, ықыласы ауған әжей.

– Әже, мен асығыс едім, үйге баруым керек. Сау болыңыз! – деп Қайрат велосипедіне қайта мінді. Қайрат зулап бара жатып, артына бір қараса, әжей әлі қарап тұр екен.

– Жақсылық жас таңдамайды деген осы да, – деді әжей тағы да күбірлеп.

Гүлзира БОТАБАЕВА,

Ы.Алтынсарин мектебінің 11-сынып оқушысы.

Бейнеу ауылы, Маңғыстау облысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here