Әңгіме

Сол бір күндер… Сол бір күндер неткен ғажап еді? Ол кезде әжесі бар болатын.

Әжесі екеуі бақтағы алма ағашының түбінен шықпайтын. Жаз күндері ағаштың саясындағы көк майсаға көрпе төсеп, ұзақ-ұзақ әңгіме айтатын. Әжесі мұндайда жүн түтіп немесе ұршық иіріп отырушы еді. Алмаға әжесі ертегі айтып беретін. Алма тыңдап отырып, ұйықтап кететін. Әжесі Алманың маңдайынан мейірлене иіскеп, жұмысын жалғастыра беруші еді. Екеуі үшін алма ағашының саясы ең әдемі, ең саялы жер. Әжесінің айтуынша, әжесі алма ағашын өз қолымен отырғызған екен. Алма ағашы алғаш рет гүлдегенде Алма да дүниеге келіпті. Сондықтан тұңғыш немересіне Алма деп ат қоюды ұйғарған.

Әр қыс сайын алма ағашының түбіне көп қылып, қар үйілуші еді. «Қар көп үйілсе алма ағашына көктемде ылғал жеткілікті болады. Сосын қалың жапырақ жайып, әдемі гүл ашады» дейді әжесі. Ал көктем келісімен әже мен немеренің саясындағы жарасты тіршілігі қайта жалғасатын. Бірақ…Биылғы қыста әжесі жиі-жиі ауырып қалатынды шығарды. Ондай күндері Алманың мазасы кететін. Далаға шықпай әжесінің қасында күнұзақ отырушы еді. Сондай бір күндері әжесі: «Енді алма ағашының гүлдеуін көремін бе, жоқ па?» дейді. Алма әжесін ыстық жасымен жұбатудан басқа еш сөзге келмеген.

Мектептен келсе, үйде көп кісілер жүр екен. Әжесінің жоқ екенін сезгенде, көңілі құлазып сала берді. Біртүрлі сенгісі келмей, алма ағашына жүгіріп барды. Алма ағашын құшақтап тұрып жылай берді, жылай берді. Қанша тұрғанын білмейді. Бәлкім, бір ғасыр өтіп кеткен болуы керек. Дәл осы жылы алма ағашы да әжесін жоқтағандай гүлдемеді. Бір жыл бойы жеміссіз тұрды. Алма ағаштың түбінде ұзақ отырады.

Көктем де жақын. Алма биыл алма ағашының гүлдейтініне сеніп жүретін. Содан көңіліне жұбаныш тапқандай болатын. Бір күні мектептен келсе, алма ағашы орнында жоқ. Сөйтсе оны көкесі биыл да гүлдемейтін шығар деп кесіп тастапты. Алма әжесіндей көріп жүрген алма ағашынан айырылғанына өкініп, ұзақ жылады. Асты-үстіне түсіп, бәйек болған апасы мен көкесінің жұбатқанын да тыңдамады. Бірнеше күн томсырайып, сөйлемей жүрді.

Көктемнің шуақты күндерінде барлық ағаштар бүр жара бастаған. Енді-енді бүр жарып, гүлдей жөнелуге ұмтылған жеміс ағаштарын көргенде көңіл түкпірінде әжесіне деген сағыныш сезімі ұлғая берген. Мазасыз тірлік қайтадан алма ағашын отырғызған кезде барып, байыз тапқандай болды. Бұл алманың әжесіне  арнаған үлкен «сыйы». Сол күнгі қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмас еді.

Гүлжан СЕЙІТҚАЗИЕВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here