Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған  көптеген жұмыстар атқарылуда. Соңғы уақыттары әлемде орын алған экономикалық дағдарыстар еліміздің әлеуметтік жағдайына өз салқынын тигізгені жасырын емес. Халықты әлеуметтік қолдаудың заңнамалық базасы да заман талабына сай болуы халықтың тұрмысына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осы жайтты ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Әлеуметтік кодексті жетілдіруді тапсырған еді. Міне, содан бері жылдан аса уақыт өтіп, еліміздің әлеуметтік саласын реттейтін кодексті жетілдіру бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, кодексті заман талабына сай жетілдіру бағытындағы жұмыстар тоқтаусыз жүріп жатыр.

Ескі заңдардың орнын бір кодекс басады

Әлеуметтік кодекс халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған еліміздегі негізгі заңдардың жиынтығы десек болады. Қазақстан құқықтық-әлеуметтік мемлекет болғандықтан, Үкіметтің басты мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғаны баршаға мәлем.  

Халыққа әлеуметтік төлемдер төлудің тәртібі, ана мен баланы қолдау, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған заңнамаларды жетілдіру керек. Дүниежүзін шарпыған коронавирус та көптеген елдердің әлеуметтік заңнамаларын қайта қарауға мәжбүрлегені анық.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң департаментінің директоры Анжелика Парсегова осыған дейін халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған 16 заңнаманың ескіріп, заман көшіне ілесе алмағанын айтты. Алдағы уақытта министрлік әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелердің бәрін қамтитын Әлеуметтік кодексті дайындауда.

Иә, айтса айтқандай, халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған көптеген заңнамалар Тәуелсіздік жылдары қабылданғандықтан қазіргі заманның талабымен сәйкеспейтіні ақиқат. Бүгінде елімізде қарқынды түрде қолға алған цифрландыру ісі, пандемия, ғалымдық экономикалық дағдарыстардың бәрі халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдауға қатысты заңнаманы жетілдіруге итермелей түскені анық.

– Әлеуметтік кодекстің концепциясын дайындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобына әлеуметтік салаға қатысы бар 100-ден астам сарапшы мамандар тартылып отыр. Олардың арасында ҚР Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті билік орындарының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды. Осы ретте Әлеуметтік кодексті талқылауға Қазақстандағы Халықаралық еңбек ұйымы және БҰҰ жанындағы босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссариатының басқармасы сынды беделді халықаралық ұйымдар қатысып жатқанын айта кетуіміз керек. Бұдан басқа, бастамашы топ өкілдері де жаңа заңнаманы әзірлеуге атсалысуда, – деді Анжелика Парсегова «Қала мен Дала» газетінің тілшісіне.  

Өз кезегінде Анжелика Парсегова ханым Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында жұмысшы тобы осы уақытқа дейін еліміздің 30 заңнамасы мен 150 заңнамаға қатысы бар актілерді сүзгіден өткізіп, оларды жетілдіру бойынша көптеген талқылаулар ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

Бұдан басқа, жұмысшы тобы халықты әлеуметтік қорғауға қатысты халықаралық тәжірибелерді сарапқа салғанын. Кодексті дайындауға қатысқан жұмысшы тобының өкілдері еліміздің әр аймағында қарапайым халықпен кездесулер ұйымдастырып, көпшілік тарапынан 500-ге жуық ұсыныс түсіпті. Ведомство өкілі халықтың ұсынысы мұқият зерделеніп жатқанын алға тартты.  

Жұмысшы тобы сараптамалық талқылаулардан кейін әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелердің түйінін тарқату үшін кодексті жалпы және ерекше жағдайға жіктеп қарастырыпты. Жалпы, жағдай бойынша еліміздегі әлеуметтік қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеу, мемлекет пен жекелеген азаматтар арасында туындаған мәселелердің тігісін жатқызу мәселесі кеңінен пысықталса, екінші ерекше жағдай бойынша жекелеген әлеуметтік мәселелердің тәуекелін сараптау, мемлекет төлейтін әлеуметтік төлемдердің тәртібін, көлемін, мерзімін анықтау мәселелері қамтылыпты.

Бүгінде кепілді әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру ісін тікелей мемлекеттік бюджет пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асырып келе жатқаны белгілі.

Әлемдік тәжірибе

Жұмысшы жаңа кодексті дайындауда дүниежүзінің дамыған елдерінің Әлеуметтік кодекстері жан-жақты сүзгіден өткізген.

Сарапшы мамандар дүниежүзіндегі көптеген елдердің Әлеуметтік кодекстеріне сараптама жасағанымызда олардың бір-біріне мүлде ұқсамайтына көз жеткізіпті. Өйткені Әлеуметтік кодекске кез келген мемлекеттің экономикалық мүмкіндігі айрықша ықпал ететін болса керек.

Айталық, жұмысшы тобы Францияның Әлеуметтік кодексін сүзгіден өткізгенде аталған елдің заңнамасы жұмыссыздыққа қатысты жайттардан алшақ жатқанын байқаған. Ал Үндістанның Әлеуметтік кодексі, негізінен, елдегі еңбек қатынастарын реттеуге бағытталыпты.

Еуропаның дамыған бірқатар елдерінде әлеуметтік салаға қатысты заңнама, негізінен, медициналық көмек алу мәселесін реттеуге бағытталғанын байқауға болады екен. Өйткені аталған елдерде әлеуметтік төлемдерге қатысты мәселе жоқ. Сондықтан дамыған елдер  әлеуметтің мәселесіне реттейтін заңнамаларында халықтың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуіне айрықша мән бергенін байқауға болады.

Жаңа заңнамадан не күтуге болады?

Ал біздің министрлік дайындап жатқан Әлеуметтік кодекстің халық үшін қандай пайдасы бар деген сұрақ төңірегінде аз-кем әңгіме өрбітіп көрсек. Осы уақытқа дейін елімізде халықты әлеуметтік құқықтық тұрғыдан қолдау көрсететін бір кодекс пен 16 заң болған. Қарапайым халық осы заңнамалардың бәрін біліп келді деп айту қиын. Сондықтан алдағы уақытта қабылданатын Әлеуметтік кодекс халықтың құқықтық сауаттылығын жетілдіруге бағытталғанын да айта кетуіміз керек.

Болашақта әлеуметтік мәселелерді реттейтін көптеген заңдардың басы біріктіріліп, мейлінше ықшамдалады. Мұндай жағдайда халық Әлеуметтік кодекспен тез танысып, оны күнделікті өмірде кеңінен пайдалану мүмкіндігі арта түсетіні анық.

Бұдан басқа, жаңа заңнама еліміздегі әлеуметтік төлемдерге қатысты мәселелерді барынша нақтылауы тиіс. Бүгінде елімізде әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне қатысты түрлі түсініспеушіліктер бар екені жасырын емес. Жаңа Әлеуметтік кодекс сол мәселелердің бәрінің тігісін жатқызуға бағытталмақшы.

Айтпақшы, алдағы уақытта қабылданатын Әлеуметтік кодекстің көпшілікті толғандырған зейнет жасының шегіне қатысты сұрақтарға нақты жауап беретінін де айта кетуіміз керек.

Жұмысшы тобының өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған бірнеше заңды біріктіріп, олардың мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие болуына мүмкіндік туғызатынын алға тартуда. Тағы да айта түссек, қазіргі таңда әлеуметтік көмек алуға ұмтылған азаматтардың әлеуметтік статусын анықтауда көптеген анықтама қағаздарды талап етіп, қағазбастылыққа ұрынып жататынымыз жасырын емес. Алдағы уақытта еліміздегі азаматтардың әлеуметтік статусын анықтайтын біріңғай цифрлық жүйе қалыптастыру көзделген. Мұндай жағдайда жүздеген мың азамат қағаз-құжаттың соңында жүріп, уақытын текке кетірмейді.  

Осы ретте «Қала мен Дала» газеті оқырмандарына жаңа Әлеуметтік кодекс әлі де талқыланып жатқанын ескертеміз. Бұл заңнаманың заман талабына сай дайындалуы үшін көзі қарақты оқырман өз үлесін қоса алады. Егер бұл бағыттағы ой-пікірлеріңіз болса, біздің редакциямызға жолдаңыздар. Біздер сіздің ұсынысыңызды жұмысшы тобына жеткізуге тырысатын боламыз.

Нұрлан ӘБӘКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here