Әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Шакир Хахазовтың Қордайдағы дүнген диаспорасының өкілдерімен кездесу кезінде сөйлеген сөздері тарады.

Онда Ассамблея атынан Мәжіліске тағайындалған депутат Хахазов Масаншыдағы қақтығысты басқа шетін оқиғалармен салыстыра отырып баға беріп, ел-халықты, әуелі өз диаспорасының өкілдерін ақылға шақырыпты. 8 минуттық бейне жазбадағы депутат Хахазовтың өз қандастарына қарата айтқандарын Абай порталы аударған екен. «Қала мен Дала» әзіргі күнгі өзекті дүниені оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.

Бізді ақша бұзды!

Барлығыңыз жақсы білесіздер, әңгімені төтесінен айтайық. Иә, біз дүнгендер бай тұрамыз (зажиточный), ақша да бар. Жұмыс та істей аламыз. Бір-бірімізді құрметтей де аламыз. Бірақ бізді сол ақша бұза бастапты. Айналаға ажырая қарай бастаппыз. Өтірік емес, жолда жылдамдықты асырып айдаймыз. Одан қалса жарысамыз. Керек десеңіз, көлікті жолдың қақ ортасына қойып кетеміз… Осы дұрыс па? Айтыңыздаршы…

Бізде астанада да дүнгендер бар. Ақшасын беріп тұрсаң да, саған керек пе, өзің ал деп тұрады. Бұл неғылған қызмет? Бұл неғылған мәдениет? Мен қазір Қаракемерде болдым. Бәрі құрметпен қарайды. Құрметтеп тұрады.

Иә, арандатушылық деген бар. Бірақ біз соған еріп кетпеуіміз керек қой. Мен де осының барлығынан өттім. 1996 жылы менің құлағыма оқ тиді. Жағым сынды. Қазір сөйлегенде анық сөйлей алмайтыным да содан. Біз осының барлығынан өттік. Бүкіл Қазақстан көмектесті ғой.

Өзімізді қай жағымыздан көрсетіп отырмыз?

Мен мұнда депутат ретінде кеп отырған жоқпын. Менімен сөйлесіп жүрген дүнгендердің барлығы біледі. Мен шаруашылықтың адамымын. Құрылысшымын. Мені екінші мәрте Парламент Мәжілісіне келуге көндірді. Мен ол жұмыстың қандай екенін білемін. Және бұрынғы комсомол мен партиялық қызметті көргенмін. Ол жақта жұрт жайдан-жай отыр деймісіздер…

Ең бастысы, біздің ұлтымызға қаншалықты қолдау жасалып жатыр. Түсінесіздер ме?!

Естеріңізде ме, Маловодныйда не болғаны? Бастарын кесіп алды. Болды ма? Болды! Ал бүгін ондай сұмдыққа ешкім барған жоқ. Жұмыс комиссиясының вице-спикері келіп отыр. Қандай құраммен келіп отыр, қараңыздар. Бұл сіздерге деген құрмет.  

Ал біз ше? Не істеп отырмыз? Өзімізді қай жағымыздан көрсетіп отырмыз? Сондықтан достар, ойланайық. Менің өтінішіммен Бақытбек Смағұл келіп отыр. Екі спикер сөйледі. Бірі – Дариға Назарбаеваның бірінші орынбасары. Түсінесіздер ме? Бұл сіздерге, сіздердің этносқа деген қандай құрмет! Ал сіздер өздеріңізді қай жақтарыңыздан көрсетіп отырсыздар?

Бос тыржың, бос сөзді доғарыңыздар!

Сіздерге нақтысын айтты. Мен осы жерде боламын. Комиссия мүшесімін. Мен осы уақытқа дейін берген уәделерімді орындамай кеткен жерім болған жоқ. 4 жылдан аса уақыт жұмыс жасап келе жатырмын ба, бір сөзімді жерге қалдырған жоқпын. Айттым ба, жасаймын.

Сондықтан, сіздердер өтінемін. Керек пе тізерлеп отырайын, өзіміздің бірлігімізді, адамгершілігімізді, мәдениетімізді көрсетейік. Бос тыржың, бос сөзді доғарыңыздар! Барлығы заңмен шешіледі. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін заң анықтайды. Заң бойынша жауап береді. Бәрі түсінікті ме?

Мен де сіздер секілді дүнгенмін

Кеше қаншаға дейін жүргенімді барлығыңыз көрдіңіздер. Қаншада жаттым, қаншада тұрдым… Барлық мешіттерді, шекараларды аралап шықтым. Батырда да, Аухатыда да болдым, күні бойы.

Маған Халықаралық ұйымнан хабарласып жатыр. Хахазов қайда дейді? Ұят дегенді білу керек қой! Мен ана жақта, кеденде генералмен бірге жұрттарды өткізіп жүрмін. Оны ешкім көрмейді. Өсек таратуды доғарыңыздар! Мен сіздерге дүнген ретінде айтамын. Мен де сіздер секілді дүнгенмін. Менің де қаным сіздердікіндей. Менің де тегім сіздердікіндей. Эмоция үшін кешеріңіздер. Менің де ішім өртеніп жатыр.

Барлығы неден басталды?

Тәртіп бұзушылық көп. Заңсыздық та аз емес. Оны жасырмаймыз. Бүгін комиссия мүшелеріне де осыны айттым. Бұл мәселе осы жолы біздің басымызға түсті. Бұл басқа жақта да болуы мүмкін еді.

Анау жол полициялары өздерін қалай ұстайтынын барлығыңыз жақсы білесіздер. Олар ұлтқа бөлмейді. Барлығынан алады. Бірақ сіздер өздеріңіздің құқықтарыңызды, сіздердікі дұрыс екенін дәлелдеулеріңіз керек еді ғой.

Біріншіден, ешкімді ұрмай-соқпай, мүгедек етпей, басын сындырып, көзін шығармай… Сосын полицияға қол көтермеулеріңіз керек еді. Бұл заң. Түсіріп алдыңыз ба, жазып алдыңыз ба, маған беріңіз. Проблема болмайды. Неге провокация жасадыңыздар. Барлығы айтып жатыр, олар провокация жасады, 100 мың теңге деп. Әдейі жасады деп жатыр. Қол көтергенсіздер. Бұл дұрыс па? Айтыңыздаршы. Міне, барлығы осыдан басталды.

Мұғалімдерді ұру… Аухатыда бетімізге басып жатыр. Дүнгендер мұғалімдердің бетіне түкіріп, құрметсіздікпен қарайды дейді. Жалақысын алып отырған адам деп оларды мүлде құрметтемейді дейді. Қоқыстарын оңды-солды шашады, дейді. Сондай ақылды боп кеттік пе? Мен депутатпын. Сөйте тұра, кетіп бара жатып, жолдағы темекі қалдықтарына дейін жинап жүремін. Өмір бойы солай жасап келемін.

Сондықтан ақсақалдар, сендерден сұраймын. Менің өзім 62-демін. Сонда да сендерге ақсақал деп айтып отырмын. Бауырларым, түсініңдерші… Біз Қазақстанда тұрамыз. Біздің басқа барар жеріміз де жоқ.

Барлығымыз бір болуымыз керек!

Білесіңдер ме, қандай жағымсыз сөздер айтып жатыр. Қытайда өмір сүре алмай осында келді. Келді де ойларына келгенін жасап жатыр дейді. Сондықтан барлығымыз бір екенімізді, өзіміздің дұрыс ұлт екенімізді дәлелдейік.

Егер қандай да бір проблемаларың болса, артық-ауыз сөздің керегі жоқ. Өзім де көп сөйлегенді ұнатпаймын. Нақты іспен жасайық. Осында штаб бар. Нұрлан Зайроллаұлы маған сондай мүмкіндік берді. Сендердің барлықтарыңның проблемаларың шешілгенше мен осында боламын.

Мені білесіңдер. Депутаттыққа дейін де қанша мәрте осы жаққа келіп-кетіп жүрдім. Десе де мені депутаттыққа астана ұсынды. Осының өзі біздің ұлтымызға деген абырой емес пе?.. Иә, бізде, астанада бар-жоғы 1,5 мың дүнген бар. Соның барлығы маған дауыс берді. Өздерің көрдіңдер. Ассамблеяда дауыс бергенде мен бесінші орын алдым. Әдемі сөйлегенім үшін емес. Демек, мені біледі. Мен мақтанып отырған жоқпын.

Қарапайым дүнген ретінде беттеріңізге айтып отырмын. Қарапайым құрылысшы ретінде айтып отырмын. Түсініңіздер. Мен сіздерді бағалаймын, құрметтеймін, жақсы көрем. Сендер үшін жанымды беруге бармын. Мен үлгермей қалдым. Әйтпесе, мен де сонда (баррикадада) тұрар ем. Уайымдамаңыздар…

Келістік пе? Барлығымыз бір болуымыз керек! Ал кім өздерін дұрыс ұстамайды, тетір қылықтар жасайды, мен барлығын орнына қоямын. Оған менің күшім жетеді. Мен өз ұлтыма қарата айтып отырмын.

Оның не керегі бар? Үйлеріңе барыңдар

Әлеуметтік желіде әрнәрсені айта бермеңдер. Барлығы таралып жатыр. Өсекті доғарыңдар! Жетеді! Нақты іс бойынша айтайық. Мынаны былай жасайық деңіздер. Көмектесемін. Блокада тұр әне. Облыс әкімінің арқасында төтенше жағдай жарияланды.

Не үшін? Матрезевтрер сендерге тезірек жетуі үшін. Ертең ақшаларыңды шешіп беру үшін. Неге осыны айтпайсыңдар. Ақша беріңдер, ремонтты өзіміз-ақ жасап аламыз десеңдер кәне… Осындай мәселелерді айту керек. Ал сендер отырып алып, ақыл айтасыңдар. Мен осынша бердім, үйттім де бүйттім дейсіңдер. Оның не керегі бар? Үйлеріңе барыңдар. Туыстарыңа айтыңдар. Баламды, немеремді дұрыс тәрбиелеп отырмын ба, деп ойланыңдар. Осындай құрметсіздікті көршілерің тұрмақ, өздеріңе де жасауға болмайды.

«Қала мен Дала» дерегі:

Шакир Хахазов. Мәжіліс депутаты. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. Шілдеде 62 жасқа толады. Алматы облысы Жаркент қаласында туған. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 1980-жылдары Панфилов ауданы аппаратында комсомол ұйымдарының жетекшісі болған; 1990-жылдары Панфилов ауданында партия комиссиясының төрағасы болған; 2016 жылдан бері Мәжіліс депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан таңдалған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here