Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, елімізде оқулықтарды тапсыру бойынша белгілі бір кедергілер бар.

«Иә, мұндай проблема бар. Мектептер оқулықтардың көлемі бойынша бір өтінім, өз кезегінде Білім басқармалары не болмаса бөлімдері екінші өтінім бойынша сұраныс жолдайды. Шыны керек, себебі белгісіз.

Меніңше, бұл мәселе вице-министр Шолпан Қаринова мониторинг жүрізіп, мәселені бақылауға алуы тиіс. Өйткені тәуекелдер көп», – дейді Білім министрі ведомствоның аппараттық жиынында.

Осы отырыста Асхат Аймағамбетов еліміздегі мектептердің адамның рухани тұрғыдан баюына себепші болатын көркем әдебиетке сұраныс бермейтінін айтып өтті.

«Бүгінгі ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ден қойып отыр. Ал бірақ көптеген оқу орындары мен мектептер көркем шығармаларды (кітаптарды) алғысы жоқ. Кейбір кітапханаларда тіпті балаларға оқуға тиісті туындылардың қоры да қалмаған. Сол себепті бұл мәселені дереу назарға алу қажет», – деді министр.

Осы жиында ведомство басшысы еліміздегі мектептерге оқулық жеткізуде жыл сайын туындайтын проблеманың түбіріне үңілуді тапсырды.

«Жыл сайын бір мәселемен бетпе-бет келеміз. Мектептерге оқулық жеткізу бойынша ылғи да кедергі туындайды. Осыған байланысты биылғы жылдың 31-наурызына дейін мектептерге кітап жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын тиянақтауды бұйырамын.

Бәз-баяғыша кейін шегеріп, жаздың ортасына дейін күтудің жөні жоқ. Бұлай етер болсақ, бұл мәселені ешқашан шеше алмаймыз. Қайталап айтайын, осы жұмысты наурыз айының аяғына дейін аяқтауға тиіспіз. Бұған кедергі болатын жайтты көріп тұрған жоқпын», – деді ол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here