Бұл сауалға Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жауап берді. 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Бүкіл мақтаулар Алла Тағалаға болсын! Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Отандастарымызды қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын! Ораза тұтқан жанның Алла оразасын қабыл етсін!

Әрине, барша мұсылман үшін бұл ай – қасиетті ай. Кез келген мұсылман бұл айды асыға күтеді. Осы айға аман-есен жетуді Алладан сұрайды. Өйткені Пайғамбарымыз да «Рамазан айына аман-есен жетелік» деп дұға ететін болған. Сахабалардың өзі Рамазанға алты ай қалған кезде Алладан сұрап, Оразаға аман-есен жеткізуді сұрайтын. Шүкір, тәубе. Бұл күнге де жеттік. Алла барлығымыздың тілегімізді қабыл етсін.

Әрине, биылғы жылғы Ораза бұрынғыға қарағанда ерекше болып тұр. Оның ерекшелігі бұрын біз Ораза кезінде тарауих намазын мешітте жамағатпен бірге оқитын едік.

Өкінішке орай, төтенше жағдайға байланысты биыл біз тарауих намазын үйімізде, отбасымызбан бірге оқудамыз. Сонымен қоса бұрындары біз ауызашарды асханаларда, мейрамханаларда, мешіттерде үлкен-үлкен жамағатпен өткізуші едік, бірақ биыл карантинге байланысты мұның бәрі тоқтады.

Оның орнына «ауызашарды үйіңізде отбасы мүшелеріңізбен бірге өткізіңіз» деп Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасы елімізге насихат айтып жатырмыз.

Дегенмен мешіттердің есігі жабық болғанмен, жақсылықтың есігі жабылмайды. Адам баласы мұндай жағдайда жақындарына, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады. Алла ниетімізді қабыл етсін! Ораза қабыл болсын!

Пайғамбарымыз айтқандай, «Рамазан айы келген кезде бүкіл аспан есіктері ашылады, жәннаттың есіктері ашылады. Тозақтың есіктері жабылады. Бүкіл дұға-тілектер қабыл болады».

Сондықтан ел болып Аллаға дұға етелік. Індеттен аман болып, жақсы күнге жетуді нәсіп етсін деп дұға жасалық. Дұғамыз қабыл болса, бұл кезеңнен де аман-есен өтеміз.

Тарауих намазын үйде қалай оқыған дұрыс?

Тарауих намазы шариғатымызда парыз немесе уәжіп намаз емес. Біздің ел Оразаны асыға күтеді. Тиісінше, бұл намазды да үзбей, мешіттерде оқуды әдетке айналдырған. Дегенмен бұл намаз бекітілген сүннет намазы. Бұл намазды мешітте оқыса да – сауап, үйде оқыса да – сауап.

Мысалы, қазірде үйде отбасымызбен бірге жамағат болып тарауих намазын оқуға болады. Тарауих намазы құтпан намазынан кейін 20 рәкәғат болып оқылады.

Бұл намазды бөліп 2 рәкәғаттан немесе 4 рәкәғаттан оқуға болады. Ал әр 4 рәкәғаттан кейін тасбих намазы оқылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл намаздың тәртіптерін жазбаша немесе видеоролик арқылы түсіндіріп жариялады.

Тарауихті білетіндер үйде отбасымен оқи береді, ал білмейтін азаматтар muftyat.kz сайтына кіріп, тарауих намазын қалай оқуға болатыны туралы ақпарат ала алады.

Пайғамбарымыздың «Ораза кезінде Рамазан айының түндерін құлшылықпен өткізсе Алла Тағала ол адамдардың өткен күнәларын кешіреді» деген хадисі бар. Түндегі құлшылықтың бір түрі тарауих намазын оқу. Отбасымызбен бірге тарауих намазын оқитын болсақ Алла Тағала ниетімізді қабыл етіп, өткен күнәларымыз кешіріледі. Тағы бір жайт Рамазан айында Қадір түні бар.

Қадір түні нақты қай күні екенін бір Алла біледі. Ғалымдардың айтуы бойынша хадиске сүйене отырып Қадір түні 27-ші Рамазан түні деп айтылады. Дегенмен басқа да хадистер бар. Алайда қай түн екені Аллаға ғана аян. Әлбетте Рамазанның бір түні екені анық.

Біз тараиух намазын үзбей, әр Рамазан түнінде оқитын болсақ Қадір түнінің сауабын аламыз.

Ораза кезінде жуынып-шайынуға бола ма?

Дін ұстаған ата-бабаларымыз «Ораза кезінде суға көп шайынуға болмайды. Ең дұрысы ауыз бекіткенге дейін немесе ауыз бекіткеннен кейін шайынған дұрыс»  деп айтатын. Себебі байқаусызда су жұтып қойса Оразасы ашылып кетеді деп қауіптенген. Бірақ шариғатымызда бұған тыйым салынбаған. Адамның Ораза кезінде суға шайынуына рұқсат етіледі, алайда су жұтып қоюдан аса сақ болу қажет. 

Біз өз тарапымыздан егер қатты зәрулік болмаса, ауыз ашқан кезде жақсылап жуынған дұрыс екенін ескертеміз. Егер зәрулік болса, бұған діни тұрғыдан кедергі жоқ. Тек су жұтып қоюдан сақтану керек.

Жақсылық жасайтын ай

Әзір карантинге байланысты ауызашар бере алмаймыз, қонақ шақыра алмаймыз, өзіміз де қонаққа бара алмаймыз.

Оның орнына ауызашар бергісі келген мұсылман тапсырыспен жұмыс істейтін мейрамханаларға хабарласып, сол арадан тамаққа тапсырыс беріп, ақшасын төлеп, ауызашатын кісінің мекенжайын айтсаңыз, ауызашарды қалаған адамыңызға жеткізіп беруіңізге болады.

Бұл да үлкен сауап. Онымен қоса өзіңіз тұратын елді мекендегі мешітке хабарласып «10 немесе 15 адамға ауызашар бергім келеді десеңіз», сізге мешіт имамдары көмектеседі. Ауыз бекіткен көмекке мұқтаж адамдардың тізімін, мекенжайын береді.

Осындай уақытта жағдайы нашар, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу аса маңызды. Ақшалай, азық-түліктей көмектесер болсаңыз сауабын аласыз.  

Карантин кезінде ауызашарға жасырын бару. Ереже бұзғандар күнә арқалай ма?

Пайғамбарымыздың «Бір жерде жұқпалы ауру таралса, ол жерге бармаңдар. Сіздердің араларыңыздан шықса, ол жерден шықпаңдар» деген хадисі бар. Бұл дәл қазіргі жұқпалы дертке қатысты айтылған дүние деп бағалау қажет.

Қазіргі заманда карантинге байланысты Мемлекет басшысы өзінің шешімін қабылдап, халықтың амандығы үшін бірқатар тыйым шаралар қабылдады. Оған бағыну мұсылман үшін – уәжіп.

Бұған қоса, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өзінің пәтуасын және үндеуін жариялады. Бұған бағыну да мұсылман үшін – міндет.

Ал ағайын-туыс, көрші-қолаңның көңіліне қарап, қазіргі жағдайды елемей, ауызашарға барсақ, бір-бірімізге ауру таратуымыз мүмкін. Коронавирус өте қатерлі дерт. Оның тұзағына жас та, жасамыс та түсіп жатыр.

Қасиетті Құранда «Бір адамды өлімнен арашалап қалсаңыз, бұл бүкіл адамзат баласын ажалдан қорғап қалғанмен тең. Ал бір адамның өміріне қастық жасау, бұл бүкіл адамзатқа жасалған қастандық» делінген.

Сондықтан бұған жеңіл қарауға болмайды. Сақтанайық, сабыр етейік.

Онлайн пітір садақа. Осы қисынды ма?

Халқымыз садақаны мешітке келіп, Құран оқытып, имамдардың батасын алып барып беруге әдеттенген ғой. Бұл игі дәстүрге айналған дүние. Өкінішке орай, төтенше жағдайға байланысты мұның бәрі тоқтап қалды. Бірақ біз соның баламасы ретінде, халқымызға көмек ретінде пітір садақаның онлайн жүйесін енгіздік.

Осы мақсатта бірнеше банктермен келісімге келіп, ешқандай пайызсыз, шариғатқа сай төлем жолдарын қарастырдық.

Қазіргі уақытта бұл жүйе жұмыс жасауда. Халқымыз пітір садақаны беруді бастады. Пітір садақа Рамазанның бірінші күнінен Айтқа дейін берілетін садақаның түрі.

Ал Құран оқытып, бата беруге келсек біз оны да қарастырдық. Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық Әзірет Сұлтан мешітінің қабырғасында таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін имамдарымыз кезек-кезек отырып онлайн режімде аруақтарға Құран бағыштайды және онлайн режімде пітір садақа берген кісілер үшін бата береді.

Кімде-кім сол батаға қатысқысы келсе, осы жүйеге қосылып, осы батаға қатысуына мүмкіндік бар.

Пітір садақаны Kaspi.kz қосымшасы арқылы жолдауға болады. 2020 жылы пітір садақаның жан басына шаққандағы мөлшері – 370 теңге. Пітір садақаны дұрыс жолдау нұсқаулығымен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми парақшасында (muftiyatkz), Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығының парақшасында (elorda_cipr) немесе 33-30-30 сенім телефоны арқылы танысуға болады.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жыл сайын Ғұламалар кеңесін өткізеді.

Карантин кезінде Ораза ұстау, пітір садақа беру мәселесін егжей тегжейлі қарастырдық. Соның бірі пітір садақа мөлшері.

Шариғатымызда бірнеше өнімдермен пітір садақа беруді бұйырған. Соның бірі – ұн, бидай, құрма, мейіз өнімдерімен пітір садақа беріледі. Біз биыл пітір садақасын 370 теңге деп, екі келі ұнның бағасын алып, бекіттік. Ұн өндіретін ел болғаннан кейін ұнның мөлшерімен алдық. Бұл күміс нысабына жататын адамдар.

Ал жағдайы бар адамдар мейізбен, құрмамен беретін кісілер. Бұлар алтын нысабындағы адамдар. Яғни зекет беруге шамасы келген адамдар. Олар мейізбен немесе құрманың бағасымен пітір садақа бергені жөн болады.

Зекет туралы

Зекет 8 түрлі адамдарға беріледі. Оның ішінде кедей-кепшіктер, міскіндер, жолда қалғандар, қарызға батқандар, Алла жолына жаңадан келген кісілер осы санаттағы адамдарға 8 бағыт бойынша зекет беріледі.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының зекет қоры бар. Ол жерге зекет берілсе, ілгерідегі айтқан 8 бағыт бойынша зекет қоры көмекті тарататын болады.

Дәл сол секілді пітір садақаларды да Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы көмекті қай жерге беруге бұйырды, сол жерге мешіттер мен имамдарымыз арқылы үлестіретін болады.


ВРЕЗКА:

Пайғамбарымыздың «Бір жерде жұқпалы ауру таралса, ол жерге бармаңдар. Сіздердің араларыңыздан шықса, ол жерден шықпаңдар» деген хадисі бар. Бұл дәл қазіргі жұқпалы дертке қатысты айтылған дүние деп бағалау қажет.

Қазіргі заманда карантинге байланысты Мемлекет басшысы өзінің шешімін қабылдап, халықтың амандығы үшін бірқатар тыйым шаралар қабылдады. Оған бағыну мұсылман үшін – уәжіп.

Бұған қоса, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өзінің пәтуасын және үндеуін жариялады. Бұған бағыну да мұсылман үшін – міндет.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here