Адамзат баласы жершарын зерттеп болғандай… Жұмыр басты пенде баспаған тау-тас жоқ, бәрін картаға түсірдік деп жүрміз. Айға, басқа планеталарға ұшып жатырмыз. Дегенмен тылсымға толы храмдар мен ескі мәдени ошақтар құпиясын ішіне бүгіп әлі жатыр. Өйткені бұл жерлерде өмір сүрген адамдар бізге айқын айғақтар мен іздерін қалдырып кеткен.

Орта ғасырда еуропалықтар дүниенің шартарабына сан рет кемемен саяхат жасағаны белгілі. Сонда олар басқа құрлықта тіршілік етушілердің дамыған тұрмыс кешкеніне көздері жеткен. Әйтсе де, еуропалықтар өздерін дүниенің есігін ашушылармыз деп есептеді. Ендеше, теңізде жүзудің тарихы ХV ғасырдағы Христофор Колумбтан басталуға тиіс. Бірақ та Гренландия аралын мекендеген нормандардан қалған белгілерге қарап теңізде жүзудің одан да ертеректе, Х ғасырда дамығанын қазіргі кезде мойындап отырмыз.

Ал сонау Тынық мұхиттағы Маркиз, Туамоту, Галапагос аралдарындағы белгілер бұл аймақта сол кездерде анағұрлым даму болғандығын дәлелдейді. Әсіресе Пасхи аралында VІІІ ғасырдың өзінде жазу, архитектура, мүсіндеу өнерінің дамығанын байқаймыз.

Дәл осы кезеңдерде Оңтүстік Америка құрлығындағы қазіргі Перу мемлекетінің Ламбаеке өзені маңында дамудың ең жоғары дәрежесінде өмір болған. Бұл туралы аты әлемге әйгілі норвегиялық ғалым Тур Хейердал жар салып жазғанын білеміз. Әрине, Хейердалдың оған дәлелі бар. Дәлел болғанда қандай? Ғажайып деп осыны айт.

Адам қолымен салынған пирамидалар Тур Хейердалдың дәлелдеуіне қарағанда Пасхидегі дамумен Ламбаеке маңындағы пирамидалардың арасында заңды байланыс бар. Ламбаеке пирамидалары мұнда жалғыз емес, жалпы саны 26-ға жетеді. Мамандар оларды зерттегенде көне ескерткіштердің 30 сантиметрлік кірпіштен қалағанына көз жеткізген. Саз балшыққа сабан араластырып құйылған кірпіштердің шеттері үгітілген. Пирамидалардың көлемі әрқандай. Тур Хейердалдың көзіне түскен алғашқысы футбол алаңынан үлкендеу. Ал биіктігі шамамен, он екі қабат үймен тең.

Пирамидалардың иесі, яғни салғандар – инкі тайпаларына дейін көп бұрын өмір сүрген байырғы тұрғындар деп есептейді ғалым. Бір ғажабы, норвегиялық ғалымға дейін адам баласының сыр бүккен пирамидаларға назар аудармағаны ғой. Керек десеңіз, жергілікті басшылардың өзі бұл жайдан хабарсыз болған. Тек Тур Хейердал барып олардың ғажайып пирамидалардың ортасында өмір сүріп жатқандарын есіне салғанда ғана жергілікті басшылар таң-тамаша күйде археологиялық карталарға жармасқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here