Қара жерден атқылап шығып жатқан ыстық су мен буды адамдар сонау ерте замандарда, тіпті отты пайдалануға дейінгі кезеңдерде тұрмысқа қолданған. Ал біздің заманымызда 1904 жылы Италияның Лардерелло ауданында алғаш рет табиғи будың арқасында электр қуаты алынды.
1913 жылы осы жерде тәжірибе үшін арнайы қондырғы жасалынып, 1916 жылы әлемдегі алғашқы «Лардарелло-1» атты геотермалды станса салынды. Қазіргі күнге дейін аталмыш станса өте арзан қуат кезін беріп келеді. Оның қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Міне, содан кейін Италияда геотермалды электр стансаның (ГеоТЭС) қуаттылығы арта түсті.
ГеоТЭС салу 1924 жылы Жапонияда қарқын алғаны белгілі. Бұдан кейін энергияның тиімді түріне қызығушылық әлемінің барлық елінде арта түсті. 1950 жылы ГеоТЭС-ті қолдану Жаңа Зеландия мен Мексикада жүргізілді.
Ал АҚШ 1960 жылдан бастап бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алса, араға 13 жыл салып, геотермалды энергияның отаны саналған Италияны басып озып, жер қызуынан қуат өндіретін әлемдегі бірінші елге айналды. Екінші орын Филипиннің үлесінде. Қазіргі таңда геотермалды қуат көзін өндіру ісмен дүниежүзінің 30-дан астам елі айналысады.
Мамандардың айтуынша, кейбір ыстық сулар электр қуатын алуға келмейді екен. Оның себебі, су құрамында түрлі-түрлі минерал тұздар мен басқа да қосындылардың көптігінде. Мұндай суларды пайдаланудың мейлінше көп қиындықтары бар. Ендеше, ондай суларды тек тұрғын үйлерді, фермалар мен жылыжайларды, өндіріс орындарын жылыту үшін қолдану тиімді болып отыр.
Судың төменгі қабатта орналасқан қатты және қойыртпақ жыныстар тереңдеген сайын қызуы да жоғарылай түсетіні белгілі. Бұл жылуды «айналмалы жүйе» тәсілімен алуға болады. Ол үшін жіберілген жай су қатты жынысқа барып, кері қайтатындай жасанды коллекторлар қажет. Жіберілген су кәдімгі су коллектордың бір ауызымен барып, екінші аузынан жоғары қызумен шығады. Осындай үздіксіз айналмалы жүйе арқылы мол жылуға ие болуға мүмкіндік бар. Бұл тәжірибе алғаш рет Францияда іске асты. Алайда коллектордың төзімділігіне баса көңіл бөлу керек.
Ал жер қабатының одан да тереңінде жатқан магманың қызу қуаты бәрінен де жоғары. Айталық, АҚШ-тың 50-інші штаты болып саналатын Гавай аралында Килауэа жанартауы атқылағаннан кейін бір жыл өткен соң Калифорния университетінің ғалымдары сол жерді бұрғылап зерттегенде қызуды өлшеуіш құрал 1064 градусты көрсеткен. Демек, энергияның келешегіне вулкандық магманың берер пайдасы ұшан-теңіз деген сөз.
Ал жершарында 800-ге жуық вулкан бар екенін ескерсек, геотермалды энергияның болашағы қаншалықты маңызды екенін бағамдай беруге болады.