Еліміздегі діни ахуал өршуі немесе бәсеңдеуі әлемдегі діни ахуалмен тікелей байланысты екенін түсіну керекпіз. Айталық, Таяу Шығыстағы дүмпулердің әсері уақыт өте келе Қазақстанда да сезілуі мүмкін. Себебі баланс бұзылады.

2014 жылы әлемдік сахнада ДАИШ атты террорлық ұйым пайда болды. Бұл ұйымның қатарына қосылған лаңкестер дүниенің әр түкпірінен келді, тіпті дамыған Батыс елдерінің өзі мұны бақылауға ала алмады. Сол жағдай бізде де қайталанғаны өтірік емес. Сондықтан да әлемдегі діни ахуал қалыпты, тұрақты болса, бұл біздің де елге жақсы жағынан ықпал етеді.

 Ал егер қандай да бір террорлық ұйым төбе көрсетіп, жаһанға қауіп төндіретінін мәлімдесе, ол міндетті түрде әлемнің барлық елдеріне салқынын тигізеді.

Лаңкестіктің сыртқы себептерінен бөлек, ішкі себептері де бар. Айта кетерлігі, дәл қазір еліміздегі діни ахуал тұрақты. Қазіргі таңда лаңкестердің белсенділігіне түрткі болатын қауіпті факторды көріп тұрған жоқпын. Сырттан келетін қауіп те сейілген секілді, халықаралық лаңкестік ұйымдардың өрісі тарылып, қатары селдіреуде.

Әлбетте, діни ахуалға елдегі әлеуметтік жағдай да әсерін тигізеді. Мұндайды әзір әр жерде бұғып жатқан жат ағымдардың өкілдері өз мақсатына пайдалануы мүмкін. Ал бұған қарсы тұру үшін бірінші кезекте идеологиялық жұмысты күшейту керектігі әмбеге аян.

Айталық, ақпараттық шектеу, не болмаса құқықтық шаралар қолдану. Соның ішінде біздей мамандардың атқарып жатқан жұмысы деструктивті ағымдарға идеялық тұрғыдан жауап беруге негізделеді.

Әрбір теріс бағыттағы діни ағым өзінің жақтастарына, пікірлестеріне белгілі бір құндылықтарды, ұстанымдарды насихаттайды. Біз осының барлығын талдап, таразылап адасудың алдында тұрған азаматты «құтқарып» қалуға тырысамыз. Бұл арада негізгі мәселе теріс ағымдардың идеологиясына уақытында жауап беруге негізделеді.

Исламтану тұрғысынан айтсақ, исламда «раддиа» деген үлкен мұра бар. Ислам тарихында соңғы 14 ғасырдың ішінде ондаған ағымдар, секталар, әртүрлі бағыттағы қозғалыстар болған. Арамшөптей қаулап, қаптап шығатын мұндай ағымдардың барлығына ислам ғұламалары дер кезінде төтеп беріп, жауап қатып отырған. Әлгіндей қауіпті қозғалыстар қаулай бастағанда оларға дер кезінде «раддиа» жасаған. Яғни ғылыми тұрғыдан олардың қателіктерін әшкерелеген.

Ғылыми тұрғыдан «раддиа» жасау, радикалдардың пропагандасына дәстүрлі исламға негізделген идеологияға сүйеніп жауап қату, қазіргі таңда теологтардың, дінтанушылардың басты міндеті.

 Былайша айтқанда, радикалдардың ұстанымына қарсы біз өзіміздің өнімді ұсыну керекпіз. Айталық, радикал құқық бұзушылықты насихаттау, бүлік шығаруға үндесе, біз өз тарапымыздан осы елдің заң-закондарын құрметтеуді үйретуге міндеттіміз.

Теріс діни ағымдағылардың арасында дұшпандықты, агрессияны насихаттайтын ұстазсымақтар бар, ал біз өз кезегімізде төзімділікті, диалог орнатуды насихаттау керекпіз.

Еліміздің саяси бағытының өзі ашықтыққа, диалог құруға негізделген. Осыған арналған платформалар да жеткілікті.

Діни экстремизмге дәстүрлі исламның көмегімен ғана қарсы тұра аламыз. Соңғы жылдары Қазақстанның дәстүрлі Ислам мектебі деген ұғым белсенді насихатталуда. Яғни жергілікті мұсылман өзінің рухани талаптарына сай дамуы үшін өзінің ұлтына тән құндылықтарға иә болуы керек.

Бүгінгі таңда дінтану, исламтану саласында интерпретациялардың қақтығысы байқалып отырғаны жасырын емес. Осы конфликтінің ішінде біздің азаматтарымыз заңға құрметпен қарауды, белгілі бір азаматтың кеңістігіне қол сұқпауды, оған өзінің көзқарасын таңбауды үйренуі қажет. Турасын айтқанда, дінаралық диалогты насихаттауды біз деструктивті ағымдарға қарсы қолдану керекпіз.

Деструктивті діни ағымдардың жас аудиторияны баурап алатын бірнеше сипаты бар. Біріншіден, кез келген теріс діни ағым қылмысты ақтайды. «Қылмыс жаса», «қылмысқа бар» деп діни тұрғыдан пәтуа береді.

Дәстүрлі діни бағыттағы бірде-бір маман ешқандай қылмысты ақтамайды немесе қылмыс жасауды насихаттамайды.

Ал жат діни ағымдар мұның бәріне «кеңшілікпен» қарайды. Яғни қылмысқа көз жұма қарау, ұрлықты заңдастыру, неке, талақ мәселесін ойнасқа айналдырып жіберу тұрғысынан мұндайға бейім азаматтардың әрекетіне рұқсат береді. Сондықтан да қолын қанға малған, зорлық-зомбылық жасаған кейбір азаматтар мұндай ұйымның қатарына қосылуға асық тұрады.

Деструктивті діни ағымдар адамды психологиялық тұрғыдан манипуляциялайды. Ал біз мұндай әдістерді қолданбаймыз. Сондықтан да кейбір ой-өресі төмен, діни сауаты төмен азаматтарға әлгіндей діни ағымдардың насихаты шынайы, тартымды болып көрінеді.

Осы арада «Жусан» операциясына қатысты сауал туындайды. Кейбіреулер «Оларды елге әкелудің қажеті жоқ. Дәстүрлі діннен бас тартқан қауым Қазақстанға келіп бүлік шығарса қайтесіздер? Сириядағы соғысқа куә болған олардың жүрегі жұмсармайды…» деген пікір айтады.

Ата-анасына еріп, қанды қырғынға куә болған бейкүнә балалардың мұнда ешқандай кінәсі жоқ. Сол үшін бұл арада күйеуінің соңынан еріп, опық жеген әйелдердің, балалардың жағдайын ер-азаматтардың жағдайынан бөліп қарастыру қажет деп санаймын. Сирияға, қақтығыс аймағына саналы түрде аттанған ер-азаматтар қазіргі таңда жазасын өтеп жатыр. Ал ана мен баланың тағдырына аяушылық таныту керекпіз. Оларды оқ пен оттың ортасында қалдырған адамшылыққа жатпайды. Олар біздің елдің азаматтары. Өз басым бұл бастаманы толық қолдаймын.

Ең бастысы, Сириядан оралған азаматтармен белсенді жұмыс жүргізудеміз. Көпшілігі бұған дейінгі көзқарасынан бас тартып, дәстүрлі исламға оралуда. Әлбетте, бұл іс 100 пайыз нәтиже береді деп айта алмаймын, алайда оларға дұрыс діни ақпарат таратып, қоғамға қайта бейімдеуге келгенде үміт үзбегеніміз абзал.

Жалпы, теріс діни ағымдардың жетегіне кеткен адамды «құтқарар» кезде біз оған жаңадан рухани азық беруіміз керек. Оның ішінде төл тарихымыз, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің контентін тарата білуіміз қажет. Шыны керек, діни контент тұрғысынан кемшілік бар. Дәстүрлі діни контент тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Нұр Мүбәрак» университетінің ұстаздары Құран Кәрімді екі тілге аударды. Әлбетте, бұл бастамасы ғана. Дәстүрлі контентті көбейте түсуді мақсат тұтамыз. Дәл қазір уағыз-насихаттың сапасын көтеру қажет, осы мәселе аса өзекті.

Асқар САБДИН

Экстремизмнің алдын алу саласындағы

мамандарды қайта даярлау институты директоры,

теолог-маман.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here