Бүгінде елімізде деструктивті ағымдардың жолы кесіліп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған. Жергілікті жердегі Дін мәселелерін зерттеу орталықтары ел ішіне іріткі салуға ниеттенгендерді жедел анықтап, құқық қорғау органдарының көмегімен тезге салуда. Ел ішінде жат ағымды насихаттау тыйылғанымен аңғал жастарды өзге елде отырып, әлеуметтік желі арқылы арбау ісі тыйылмай тұр. Таяуда Түркістан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары тегі өзбек радикалдың облыстағы бір азаматты тура жолдан тайдырып, өз мақсатына қол жеткізгенін анықтады.

Арам ойлы жат ағымның уағызшылары Түркістан облысында тұратын азаматпен әлеуметтік желі арқылы байланысып, оны алдап қармағына түсірген соң, әлеуметтік желіде жат ағымның атынан парақша аштырып, жат ағымның уағызын жүргізуге ықпал еткені мәлім болып отыр.

Осылайша, тегі өзбекстандық уағызшының арбауына түсіп қалған ел азаматы құрықталып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.

Өз кезегінде Түркістан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат Халықов мырза Қазақстан азаматын азғырып, тура жолдан тайдырған уағызшының Өзбекстанда уағыз жүргізіп, елді алдауына заң жүзінде тыйым салынғанын алға тартты.

–  Абдуллох Зуфар деген псевдоуағызшы Өзбекстанда экстремист ретінде танылып, оған іздеу жарияланған. Ол қазақ қоғамына жат салафилік ағымды насихаттайтын радикалдардың бірі. Сондықтан қазақ жастарына осындай жат ағымның сойылын соғушылардың айтқанына еріп, опық жеп қалмауға кеңес береміз. Мұндай радикалдар әлеуметтік желі арқылы қарамағына жастарды тартуға күш салуда. Біздің орталық облыс бойынша әлеуметтік желіде жарияланған дүниелерді сұрыптап, жастарды үнемі сақтандырып отырамыз, – деді орталық жетекшісі.

Өз мәлімдемесінде Мақсат Халықов мырза Түркістан облысындағы бірқатар өзбек халқы тығыз қоныстанған аудандардағы кейбір жастарды Өзбекстаннан шыққан псевдоуағызшылардың әлеуметтік желідегі бас айналдырар бейне материалдарын тыңдайтынын да анықтапты. Қазіргі таңда орталық жастарды жат ағымның уағыздаушылары алданып қалмауы үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Осы бір жайттан елімізде псевдоуағызшыларға қарсы тұрудың өзіндік құрылымдық жүйесі қалыптасқанын аңғаруға болады. Құқық қорғау органдары жат ағымды насихаттайтын уағызшыларды дәл анықтай алмауы мүмкін. Ал Дін мәселелерен зерттеу орталықтарының кәсіби мамандары олардың кім екенін, қандай деструктивті ағымды насихаттап отырғанын заматта анықтай алады. Алдағы уақытта орталық қызметкерлері мен құқық қорғау органдары осылай үйлесімді жұмыс істейтін болса, жат ағымдар ел азаматтарын алдап, арбауы төмендей беретіні анық.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here